Әлемнiң «мен» деген мықты елдерiнде сол мемлекеттiң болмысын, бедерін, ерекшелігін һәм тарихын
танытып тұратын ескерткiштер бар. Әйгiлi Мысыр пирамидасы, Үндiстанның Тәж-Махалы, көне аңыздарда перiлер тұрғызыпты-мыс дейтiн Қытай қорғаны, әлемнiң жетi кереметi саналатын Александрия мұнарасы, Американың Азаттық мүсiнi, Францияның «Эйфель» мұнарасы… Тiзе берсең, тiптi көп.
Ал, Қазақстан дегенде…
Әрине, алдымен, жаңа әлемдегi жаңа Қазақстанның жарқын бейнесiн танытатын, елдiң
бойтұмарындай болған Астана ауызға оралады.
Ал Астана туралы айтқанда…
Бес ғасырдан сыр тартқан қола белгі
...Елорданың ортасынан орын тепкен, сан ғасырлық тарихымызға, бүгiнiмiз бен ертеңiмiзге қойылған мәңгiлiк ескерткiштер ерiксiз көңiл аудартады. Әсіресе, Астананың нақ төріндегі «Бәйтерек» монументін бүгінде білмейтін қазақстандық кемде-кем. Бұл тұғырды көпшілік, елорданы танитын әлем тұрғындары Астананың символы деп біледі. Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың идеясымен тұрғызылған алып «Бәйтерек» алтын жұмыртқасын қорғауға ұмтылған самұрық құс пен айдаһардың арпалысын баяндайтын бағзы бір аңызды еске түсіретіні де талайға аян.
Астанадағы алып ескерткіштердің бірегейі – «Қазақ елi» монументi. Жеті жыл бұрын ірге қалаған тұғыртас елiмiздiң сан ғасырлық тарихын, басынан кешкен небiр аумалы-төкпелi замандарды, азаттықтың ақ таңы атқалы берi жеткен жетiстiктерiмiздi әспеттейтiн дәуiрлiк маңызы бар тарихи кешен. Шындығында, мән-мағынасы терең осынау ескерткіш тарихи әділдіктің салтанат құруын айғақтайды. Сонымен қатар, «Қазақ елі» ұрпақтар байланысын және уақыт үндестігін білдіреді. Монументтің 91 метр биіктігі 1991 жылы тәуелсіздік алғанымызды аңғартса, ұшар басындағы күн, астында қанат жайған самұрық құс – егемен еліміздің ертеңі мықты екендігінің нышаны. Ал сонау ғасырларда Атилла басқарған Еділ ғұндары ақ туларына осы құсты бейнелегенін қарт тарих айтады. Стелланың төменгі белдеуіндегі «Халық және тұңғыш Президент», «Қаһармандық», «Жасампаздық» және «Болашақ» деп аталатын төрт қола барельефтің әрқайсысының өз «айтары» бар. Тағылымы мол сәулет туындыларының қатарында «ұлысымызды заманында ұйыстырған» Керей мен Жәнiбек хандардың еңселi ескерткiшiн ерекше атауға болады.Тұңғыш Президент мұражайының алдындағы гүлзарда орналасқан еңселі ескерткіш бес ғасырдан астам бұрынғы дәуірдің оқиғаларынан сыр шерткізеді. Қос тұлғамыз құрған Қазақ хандығының 550 жылдығын былтыр ғана дүрілдете тойлағанымыз тарихқа көрсеткен ұрпақ құрметі еді. Екі ханның бейнелері бостандықтың салтанат құруын, жаңа хандықтың құрылуы мен жаңа өмірдің басталуын әйгілейді. Керей қазақтың тұңғыш ханы ретінде хан тұлпарынан жаңа шешілген ер-тоқымда отырған қалыпта бейнеленген. Ал Жәнібек хан ержүректікті, батылдық пен күш-жігерді паш етіп тұр.
«Мәңгілік елдің» «Отан-Анасы»
Асқақ рухымыздың айрықша нышаны – «Мәңгілік ел» салтанат қақпасы. Әлемдегі санаулы қалаларға тән ерекше сәулеттік мұндай туынды әдетте жеңіс рухын асқақтату немесе жасампаз жетістіктердің құрметіне қаланың кіреберісіне, үлкен жолдың бойына орнатылады. Ал Астанадағы салтанат қақпасы аспанмен таласқан зәулім ғимараттардың ортасынан ойып орын алған.
Сәулет нысанының биіктігі – 20 метр. Ел тәуелсіздігінің жиырма жылдығы қарсаңында ашылған қақпаның сол жақ қапталында «Ақсақал» мүсіні орнатылған. Бұл – халықтың ойы мен рухани өлшемінің көрінісі, даналықтың символы. Оның қазақы ерекшелігін ұлттық киімінен аңғаруға болады. Сол жақ қапталындағы «Әйел-Ананың» мүсіні «Отан-Ана», «Жер-Ана», «ана тілі» сынды киелі ұғымдарға ұласады. Мүсіндердің әрқайсысының астында қазақтың «Мәңгілік» дара таңбасы орын тепсе, үстінде Елтаңба орналасқан. Сыртқы бөліктің жоғарғы жағында «Мәңгілік ел» жазуы бар. Ол – мемлекет пен ұлттың уақытқа тәуелсіз киелі қорғаны. Қақпа қабырғалары күрделі ұлттық өрнектермен безендіріліп, ортасына қазақ жауынгерінің бес қаруының бірі – қалқан орналасыпты. Нысанның екі жағындағы «Тайқазан» тыныштық пен тоқшылықтың, бірегей көңіл мен қонақжай пейілдің терең ұғымын білдірсе керек.
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Мәңгілік ел» қақпасының ашылу салтанатында: «Біз бұл тамаша жасампаздық қақпасын еңбегіміздің, табыстарымыздың белгісі ретінде, болашаққа өтудегі белгіміз ретінде тұрғыздық. Қақпа біздің жас, әсем елордамыз – Астананың тағы бір символына айналатын болады», деген.
«Мәңгілік Ел» сөзінің терең тарихи тамыры және үлкен мағыналы мәні бар. Түркі шежіресінде «мәңгі» сөзі «Тәңір», «Құдай», «Алла» сөздерімен мағыналас қолданылды. Осы ретте, «Мәңгілік Ел» «Алла тағаланың елі, халқы» дегенді білдіреді және мемлекет пен ұлттың уақытпен шектелмеген тұмары болмақ», дейді сәулетші.
Астананың ажарын айшықтаған ескерткіштердің бірі – бiрлiк пен келiсiмге шақырып, күлiмсiреп тұрған ана бейнесiнде. Қолында – бейбiтшiлiк пен көркеюдiң белгiсi саналатын алтын тостаған. Қазақстанда тұратын барлық халықтардың татулығын әйгілейтін 101 масақтан тұратын 40 метрлiк стелла. Астында мәңгiлiк алау жанып тұр. Бұл – «Отан-Ана» монументi.
Төрт батыр
Тұғырға орнатылған ат үстiндегі қаһарман батыр Есiл жағасында ел тыныштығын күзеткен сақшыдай қалт етпей тұр. Бұл – хан Кененiң мүсiнi. Қазақтың соңғы ханы.
Кенесары қазақ даласына өңмеңдей кіріп, баса-көктей төрге озған озбыр басқыншылардың, ел тынысын тарылтқан отарлаушылардың ірге бекітіп, орнығып қалмауы үшін жан алысып, жан беріскен шайқас жолын таңдап алды. Ел еркіндігін аңсаған сол қасиетті жорық жолында шейіт болды.
Қазақ батырларының ерлік дәстүрін дәріптейтін Астана төріндегі тағы бір тұғырлы орын – «қазақтың қамал қорғаны» Қанжығалы қарт Бөгенбай батыр ескерткіші. Ел бірлігі, қазақ жерінің азаттығы жолында алпыс жылдан аса аттан түспей ата жаумен алысқан Бөгенбай Ақшаұлының ұлы сардар ретіндегі қаһармандық тұлғасын сомдаған талай жорықтары туралы жыр-шежірелер ғасырлар бойы ұрпаққа ұлағат болып келеді. Алты Алаштың бас сардары, хас батыры Бөгенбайдың ата қонысы – Астана іргесіндегі Ереймен өңірі. Сондықтан бұл маңдағы ел мен жер тарихында батырға қатысты айтылатын деректер де мол.
Халық қаһарманы, қазақтың біртуар перзенті Бауыржан Момышұлына деген ұрпақ сүйіспеншілігі шексіз. Астана қаласындағы батыр есімімен аталатын даңғылдың бойына орнатылған Бауыржан Момышұлының ескерткіші де сол сүйіспеншілік белгісі.
Баукең жүрген жолмен он жеті жасында жасанған жауға жасындай тиіп, он тоғыз жасында аққан жұлдыздай қыршын кеткен Әлияның да мәңгі өшпес ерлігін Жеңіс даңғылының бойындағы ескерткіші асқақтата түскен. Басқыншыларға қарсы болған бостандық шайқасында қасық қанын қиған Шығыс жұлдызы қазақ қыздарының қайсарлығын тағы да дәлелдеп еді.
Күй күмбірлетіп, жыр тасытқан...
Көзі тірісінде сәтсiздеу сомдалған Абай ескерткiшiне көңiлi толмаған көрнектi ғалым Рымғали Нұрғали: «Еңселi елiмiздiң елдiгiн айқындайтын Абай ескерткiшi елорданың төрiнде тұруы керек», деген едi. Ғалымның арманы орындалып, алты жыл бұрынғы Астана күнi қарсаңында Абай және Бейбiтшiлiк көшелерiнiң қиылысынан көрген жанның көзi сүйсiнетiн ескерткiш бой көтердi. Ұлы ақын тұғырының жанында талай ақын жыр оқыды. Деректi және көркем шығармалардан үзiндiлер тыңдалды. Талай баспагер кiтап көрмесiн ұйымдастырды. Ақынның туған күніне орай өтетін жыл сайынғы Абай оқулары да осы жерде қорытындыланды.
Қолына қасиетті қара домбырасын ұстап, кең шапанының өңірін ашып, ыстық құшағымен алып даланы құшқалы тұрған қарт жыраудың елордадағы қола мүсінінің жалпы биіктігі он екі метрден асады. Қасиетті сөзімен елін сүйіп, Алатаудың селіндей ағынды жырларымен жеріне қорған бола білген Жамбыл-жырдың қасиеті Астана төрінде асқақтап тұрғандай.
ХІХ ғасырда өмір сүріп, ғажайып туындыларды өмірге әкелген дәулескер күйші Құрманғазы Сағырбайұлының «Сарыарқа» күйі бүкіл дүниені шарлап, қазақтың музыкасын әлемге паш еткен. Ұлы күйшінің есімін ұлықтау мақсатында бірнеше көшеге, мәдениет үйіне, театрға аты да берілді. Атақты күйшінің ескерткіші Сарыарқаның дәл төсіндегі самаладай шаһардың Сарыарқа даңғылына да орналасқан.
Астанадағы күйші ескерткіші туралы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев былай деген: «Халқымызда осы домбыраға жан беріп, қу тақтайдың көмейіне күллі қазақтың рухын сыйғызған талай дәулескерлер өткен. Олардың бірі әрі бірегейі – ұлы күйші Құрманғазы. Оның «Сарыарқа», «Адай», «Қайран шешем», «Балбырауын», «Кішкентай» күйлері әр қазақтың жадында болса керек. Қазақ барда, күй құдіреті Құрманғазының есімі еш өшпейді. Оның күйіне арқау болған Сарыарқа, ұлы даламыз да бүгінде әлемге танылды».
Құрманғазы – аңызға айналған тұлға, халықтың «Күй атасы» деп әспеттеуі де сондықтан.
Бұл – Астанадағы ескерткіштердің бірегейлері. Әйтпесе, елордадағы тастұғырлардың саны елуге жақын. Бәрі де тарихты тарқатады, шежіреден сыр шертеді, елдігімізді екшейді, азаттығымызды айғақтайды, ұрпақ үнін естіртеді. Бәрінен де тағылым мен тәлім аламыз. Осындай мұрамыз бен жәдігеріміз барда өткеніміз өшпек емес, болашағымыздан да алғыс естірміз. Тек жалғасын тапқай деңіз...
Асхат РАЙҚҰЛ