• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
15 Маусым, 2016

«Картель операциясы»

349 рет
көрсетілді

Қазір әлемде есірткіге тәуелділік артып тұр. Соның салдарынан есірткі саудасы көлеңкелі бизнестің көшін бастап, контрабандалық топтардың қалтасына миллиондаған қаржыны оп-оңай құйып келеді. Ал Қазақстандағы қара базардың саудасын сора өсірушілер қыздырып отырғаны байқалады. Таяуда еліміздегі есірткіге қарсы күрес департаментінің қызметкерлері ел ішінде «Картель» операциясын жүргізіп, сора өсірушілердің жолын кесті. Ішкі істер министрлігінің есірткіге қарсы күрес департаментінің басшысы Сұлтан Құсетовтің айтуынша, соңғы екі жыл ішінде Қазақстанда есірткі пайдаланушылар топ жетекшілерінің есепшоттарына барлығы 558 миллион теңге аударған. Қылмыскерлерді құрықтау опера­циясы 3 айға жуық жан-жақты зерттеліп, пысықталды. Осы аралықта полицей­лер есірткі саудасын, сора өсірушілер­дің көшбасшыларын, қылмыстық топ­тың жетекшілерін, делдалдарды анық­тап қана қоймай, қылмыстық қауым­дастықтың ұйымдастырушысы «Бүркіт» есімді лақап атпен танымал болған Қырғызстан азаматының ізін тапты. Кейін анықталғандай, ол «Первая ласточка» романтикалық лақап атымен Орталық Азияда танымал болған қылмыс әлемінің белді мүшесінің туған жездесі екен. Ал «Алғашқы қарлы­ғаш» бұдан 20 жыл бұрын ауған героин есірткісін Орталық Азия мемле­кет­теріне тасымалдау жолын ұйымдас­тырған алғашқы ірі наркобарон болатын. Қылмыскерлер жедел топ назарына өткен жылдың аяғында ілінеді. Алай­да, оларды құрықтау сол кезде оңайға соқпады. Өйткені, қылмыстық қауым­дастықта бір-бірін танымайтын оннан астам мүше бар. Олар тауарды жет­кізу­шілер, курьерлер, делдалдар, диллер­лер секілді топ-топқа бөлініп, жұмыс жасайды. Мұнда темірдей қатты тәртіп орнатылған. Мәселен, «Бүркіттің» өзімен тең дәрежелес тауар жеткізушілер ғана кездесіп, героинге тапсырыс беру мүмкіндігіне ие бола алады. Тауар жеткізуші мен тауарды шекара арқылы тасымалдаушы арасында көптеген делдалдық етушілер жүреді. Тауарды шекарадан өткізіп шыққан курьерлер героинді Қазақстанда көтерме бағамен саудалайды, ал олар өздерінің делдалдары арқылы кіші пар­тиялармен есірткіні дала сатушылары­на өткізеді. Айтпақшы, кей кездері курьердің қызметін такси мен пойыз жол­серігі де атқара береді. Тапқан ақ­ша­ларын диллерлер үйсіз қалған аза­маттардың немесе клиенттердің аты­нан Қырғызстанға «Бүркіттің» түрлі есепшоттарына аударады. Олар болса, полицейлердің қолдарына түскен кезде «Ешқандай қылмыстық топқа қатысым жоқ», деп «героинді өз мұқтаждығыма пайландым» деп шығып, небәрі 3-5 жылға ғана бас бостандығынан айы­рылуы мүмкін. Кейін жедел қызметкерлер кейбір зат тасымалдаушылардың және кіші диллерлердің телефон нөмірлерін анық­тай алды. Алайда, спецификалық келіссөздерді қылмыстық іске тіркей алмайсың. Мәселен, героинді олар «өрік» деп атайды екен. Ол мына диа­лог­тардан да көрінеді. (Есірткі биз­несі­мен күресушілер осы секілді жүз­деген қоңырауларды жазып алған). Серік есімді тасымалдаушы Марат деген көтерме саудагерге хабарлайды: «Өрік­терді көтерме бағамен берме, 5-6 жидегін түсіріп, ақшаны өткен жексенбі күні сенің үйіңде қонақта болған адамнан жібер». Тағы бір мысалда Андрей есімді диллер дала сатушысы Сергейге хабарласып, өзінің уәждерін айтқан: «Қырғыз өріктері өте дәмді, барлығына ұнай­ды. Бірақ сен ендігі кезде ола­р­ды басқа жеміс-жидектермен аралас­тырма, клиенттерден айырылып қала­мыз. Маған Петропавлдағы досым хабарласып, ондағы халықтың тауар сапасына жақсы баға беріп жатқа­нын айтты. Мұндай клиенттерді жоғалт­пауымыз керек». Әрине, мұндай келіссөздерді жедел материалдарға қыстыра алмайсың. Бірде-бір прокурор, бірде-бір судья тұтқынға алуға келіспейді, себебі, әңгімеде расымен Қазақстанға көрші­лес Қырғыз Республикасынан жүк көлік­терімен тасымалданатын жеміс-жидек­тер туралы айтылғандай болып көрінеді. Тек бір ғана Құсетов әңгіменің ашықтығын білетін. Алайда, генерал «қамқорлық­тағы­лардың» жолы болмай қалар сәттерін күтті. Сонымен, 3 айдан кейін ізшілерде бір ілгек пайда болды. Тергеушілердің жоспарына сай Ішкі істер министрлігі ақпараттың дәлдігін зерттеген жоқ, тек халықаралық қылмыстық топтың қылмыстық тізбегін анықтау үшін жедел жолмен алынған ақпарат көмектесті. Күштік құрылымдардағы дереккөзінің ақпаратына сәйкес, саудагерлер Қазақ­станның түкпір-түкпірінде бір күнге пәтер жалдап, сонда тауарларын сақтайтын. Бір сатушы қылмыс үстінде құрықталды және ол тергеушілермен жұмыс жасасуға келісім берді. Ал Қазақстан заңына сәйкес, ірі және аса ірі көлемде есірткіні саудалаумен айналысқаны үшін 20 жылдан өмір бойына дейін бас бостандығынан айыру жазасы көзделген. Генерал С.Құсетовтің айтуынша, Ішкі істер министрі Қалмұханбет Қасымов оның алдына бірнеше ірі мақ­сат қойған. «Нақтырақ айтқанда, есірт­кі саудасының тізбегін, белсенді қатысушыларды, Қазақстанда және көршілес елдерде героинді тасымалдау жолдары және тарату әдістерін аңықтау керек болатын. Сонымен қатар, есірт­кіні саудалаудан түскен қаражатты заңдастыру сызбасын табу маңызды еді. Жүздеген миллиондардың қырғыз банктерінің шоттарына жіберілгені анықталғанда, алғашқы проблемаларға тап болдық. Біздің полицейлер өзге елдің территориясында жұмыс істей алмайды және ақпараттың таралуын алдын алу мақсатында мұндай аса құнды ақпаратты әріптестеріне айта алмайтын еді», – дейді ол. Сонымен қатар, Құсетов соңғы екі жылда қазақстандықтар «Бүркіттің» есеп­шотына 500 млн. теңгеден астам қара­жат аударғанын айтты. Осы жыл­дың сәуір айында есірткіге қарсы күрес департаментінің мамандары Қазақ­­станның бірнеше облысына барып, сора өсірушілердің ізін кесуді баста­ған. Нәтижесінде, трансұлттық ҰҚТ (ұйымдасқан қылмыстық топ) мүшелері тұтқындалды. Олардан бағасы 100 млн. теңгеден жоғары бағаланатын таза ауған­дық героин тауары тәркіленді. Бірақ, мұны­мен «Картель» операциясы біткен жоқ... Тексеру жұмыстары әлі де жалғасуда. Қазіргі таңда полиция қызметкерлері Қырғызстан мен Қазақстан тұрғындары арасынан синдикаттың 11 мүшесін анықтады. Қазір із кесушілер осы ҰҚТ мүшелерінің героинді өндіретін көз­дерін анықтау үшін барлық дәйек­терді жинақтауда. Сонымен қатар, Қазақстан мен Қырғызстанда қылмыс­тық қаржылар арқылы алынған жыл­жы­майтын мүліктерді анықтап, ақшалай қаржыларды заңдастыру үшін құрылған бір күндік фирмаларды табу керек. Генерал-майор Сұлтан Құсетов: «ҰҚТ-ның ішінде Қырғызстанның тұрғындары болғандықтан, толық ауқымда операция жүргізу үшін осы мемлекеттің есірткі бақылау ұйым басшылығымен байланысқа шықтық. Бірлескен жұмыстың арқасында героин­ді тарату мен тасымалдаудың көп сатылы басқышты сызбасын жойдық. Қылмыстық иерархияның төменгі сатысында тұрған диллерлермен ұсақ өндірушілерді құрықтағанымыз жасырын емес. Өкінішке қарай, бұл шаралар қылмыстық тізбектің барлық басшылары, яғни Ауғанстаннан Қазақ­станға дейінгі, одан арғы есірткі тасымалдау көздерін ұйым­дас­тыру­шыларды жою мүмкін болмады. Бұл нақты оқиға кезінде қылмыстық топ өкілдері мен өндірушілердің жолына тосқауыл қойды. Сөйтіп, 10 мен 100 грамм аралығына дейін ұсақ есірт­кі тасымалдайтындардан бастап, орта қолды диллерлерге (100 грам­нан 1 кило­­­ға) дейін героин партияларын тасы­мал­дау­­­шы, яғни ондаған миллион теңгені айнал­ды­рып отырған ірі қыл­мыс­керлер ұсталды. Ең бастысы, ҰҚТ-ның трансұлттық көшбасшысы және ұйым­дастырушысы қолға түсті» – дейді. Басты күресушінің айтуынша, Қазақстан – есірткі синдикаты ретінде Ресей мен Еуропа арасындағы басты транзитті ел. Бірақ есірткінің бір бөлігі бізде қалады. Таяуда Шу алқабында 140 мың гектар жерге жабайы сора өсірушілер анықталып, оларды құрықтау мақсатында «Дельта-долина» арнайы жасағы құрылды. «Өз кезегінде ішкі істер департаменті өткен жылы есірткі мафиясының тағы бір бөлігін тапты. Атышулы үнді есірткісі Қызылорда, Жамбыл, Оң­түстік Қазақстан, Қарағанды және Ақтөбе облыстарында арнайы өсіріле бастаған. Жалпы, нашақорлар арасында «индюханы» табиғи емес жолмен жылыжайларда арнайы ерекше әдіспен өсіру қолға алынған. Себебі, Шуда өсірілетін жабайы шөптің құрамындағы цетро-гидро коннобиноль (белсенді есірткі заты) небәрі 0,8 пайыз болса, «индюхада» 35-40 пайыз екен. Біз осындай есірткі шөбінің 37 алқабын жойдық», – дейді полицейлер. Сұлтан Құсетов 2015 жылы 96 тоннадан астам есірткі өсімдігі тәркіленгенін жеткізді. Оның айтуынша, осы жылы кіші ауылшаруашылық ұйымы және жергілікті әкімдік біріге отырып, есірткі өсіруге жарамды жерлерді анықтау үшін топографиялық сызбалар жасапты. Енді тағы бір мәселе – синтетикалық есірткілер. Олар әдетте жастар көңіл көтеретін түрлі клубтарды жаулап алған. Бұл қоспалар Қытайдың жасырын цехтарында әртүрлі шылым ретінде қорықпай өндіріледі. «Қорықпай» дейтініміз, мұндай синтетикалық есірткі өндіру заңмен қудаланбайды. «Біз мұндай синтетикалық есірткінің 27 түріне заң жүзінде тыйым салдық, бірақ Қытай «химиктерінің» әккілігі сонша, құрамындағы формуланы өзгертіп жібереді. Біз оларды тәркілейміз, бірақ сарапшылар Қазақстанда тыйым салынған есірткі ме, соны анықтай ал­майды. Сондықтан, біз ұсталған қыл­мыс­керлерді әзір жазаға тарта алмау­­да­мыз. Жақын арада дамыған мем­лекеттердегі әріптестерімізбен кездестім. Олар біз үшін заңға енгізетін бірнеше ұсыныс айтты. Әзірге барлық жайттарды айта алмаймын. Себебі, есірткі барондары да газет оқиды. Тек айтарым, синтетикалық жолмен өндірілетін есірткілер формуласына тосқауыл қою үшін заңға өзгерістер енгізіледі. Мысалы, қылмыскердің есірткі өндіруде қолданатын сутегінің негізгі қоспаларына байланысты заң жолымен тыйым салынса, онда жаңа формуламен қулық жасау мүмкін болмас еді», – дейді Сұлтан Құсетов. Осыған орай «синтетиктердің» құрамын анықтау үшін тек қана сарап­шы-химиктер емес, наркологтар да қатысулары қажет, олар қоспаның адам ағзасына әсерін анықтауы тиіс. Мамандардың айтуынша, 2015 жылы 3269 есірткі қылмысы анықталып, 2123 есірткі өндіру көзі жойылған. Заңсыз айналымнан 90 тонна есірткі тәркіленсе, 140 кило героин алынып, 6 есірткі тобы ұсталған. 126 контрабанда фактісі анықталып, ТМД әріптестерімен біріге отырып, 24 операция жүргізілген. Қазақстанда 30 504 есірткіге тәуелді адам есепте тұр. Олардың 203-і кәмелет жасына тол­мағандар. Бұлар – ресми ақпараттар. Ресми емесі, әрине, әлденеше есе артық болуы ықтимал. Талғат РАЙЫМБЕК, «Егемен Қазақстан»