• RUB:
    4.98
  • USD:
    516.93
  • EUR:
    542.52
Басты сайтқа өту
03 Ақпан, 2011

Алған әсерім шексіз

564 рет
көрсетілді

Тай Ан КВОН, Оңтүстік Корея құрамасының хоккейшісі. Қазақстанды мен үздіксіз даму үстіндегі ел ретінде танимын. Бұл елді естігенде, өз құнды­лы­ғын жоймаған, құтты қадам­дары­мен тек алға қарай қарыштап келе жатқан мемлекет пен айдай әсем, жаңа ғимараттарға өте бай Астана қаласы көзге елестейді. Өзім хоккейші болғандықтан, әлем­дегі хоккей командалары жай­лы жаңалық­тарды үзбей ба­қы­лап отырамын. Сол себепті де, Қазақ елінен аз да болса, ха­барым бар. Соның ішінде, «Барыс» ко­ман­дасы жөнінде көп естігенмін. Өз басым, қазақ­стан­дық хоккейшілерді ерекше баға­лаймын. Бұл елдегі хоккей спорты барынша даму үстінде. Алдағы уақыттарда да биік белестерден көрінетініне күмәнім жоқ. Қысқы Азия ойындарының Қазақ елінде өтетіндігін, осы елге келу мүмкіндігі маған да берілгендігін ерекше мақтанышпен қасиет тұтамын. Сырттай біліп жүрген ел жайлы, осында келетінім белгілі болған күннен бастап, ғаламтор­дан Қазақстанды іздеу күнделікті әдетіме айналды. Тағы да айтқым келетіні, бұлай тек қана мен емес, менің жолсеріктерім мен басқа да спортшылар ерекше назар аудар­ған­дығына сенімдімін. Тәуелсіздігіне 20 жыл толу үс­тін­де тұрған жас Қазақстанға осы Қысқы Азия ойындарының нәти­жесінде өзінің оң имиджін өзге мемлекеттерге танытудың реті келіп тұрғандай. Ал мұнда келгелі бері, шынын айтқанда, тынымсыз жаттығудан бос уақыт болмай, қа­ланың көрнекті ны­сан­­дарын ара­лаудың сәті түспей отыр. Бүгінде тек дүкендерді ғана аралап жүр­міз. Бұл жақтың та­ғам­дарын, не атаулары мен қ­ұ­рамын түсіну біз сияқты шетелдіктерге аса қиын. Алайда, ше­­тел­дерден келген спорт­шыларға арнайы волонтерлар бөл­геннің нәтижесінде, өз елімізде жүрген­дей еркін сезінудемін. Олар күні бойына біздің жанымызда жүріп, қажет болған жағдайда кез келген ұлттың өкілдерімен тіл­десудің, қай нысандарды аралап, қандай тағаммен тамақтанудың ретін түсіндіруде. Қысқы Азия ойын­дарын ұйымдастыру комитеті осы жағына ерекше назар ау­дар­­ғандығы үшін алғысым шексіз. Орналастырған қонақ үй де тамаша жабдықталған. Бұлардың барлығы жас Қазақстан үшін үл­кен жетістік. Осындай жас мем­­лекет пен таза қаланы тама­ша­лауға куәгер болуым – спортқа деген қызығушылықтан туындап отыр. Мұндай халықаралық жа­ры­с­қа қатысқаным үшін, қазақ жеріне табан тірегенім үшін бақыттымын. Азиада қатысу­шы­ларына тек жеңіс, Қазақстан еліне ірі жетістіктер тілеймін. Жұлдыз БАЙДІЛДА.