• RUB:
    5.07
  • USD:
    481.84
  • EUR:
    531.33
Басты сайтқа өту
16 Маусым, 2016

Бірінші белестің бедерлі белгілері

283 рет
көрсетілді

Бұрнағы күні соңғы  F тобындағы екі ойынның ойналуымен Францияда өтіп жатқан футболдан Еуропа чемпионатының  бірінші туры аяқталды. Бұл кездесулерде Венгрия Австрияны 2:0 етіп ұтса, Португалия мен Ирландия 1:1 есебімен тең түсті. Сөйтіп, доп додасы келесі кезеңге қадам басты. Енді кездесулерде топтан шығатын командалардың сұлбасы біртіндеп айқындала бастайды.   Сонымен, бірінші турдың қоры­тын­дылары қандай? Онда ойналған 12 ойын­ға қарап, қандай түйін түюге болады? Ең алдымен көзге ұратыны, жасыл алаңға шыққан командалардың қай-қайсысы да сақтыққа көбірек көңіл бөліп, өз қақпаларының аман сақталуына айрықша алаңдаушылық танытты. Бұған чемпионат регламенті тікелей әсер еткен сияқты. Олай дейтініміз, осы жолы құрлық додасына 24 команданың ат қосуы салдарынан плей-офф ойындары бұрынғыдай ширек финалдан емес, 1/8 финалдан басталуы оған шығатын құрамалар санын да ерекше арттырып жіберді. Соның салдарынан 6 топтың алдыңғы екі үздігінен бөлек, үшінші орын алғандар арасындағы көрсеткіштері тәуір 4-уі жекпе-жек ойындарға шығатындар қатарына қосылып, барлығы 16 жасақ келесі кезеңге өткелі тұр. Бұл топтағы матчтарында барлық қарсыластарынан пырдай болып жеңіліп шықпаған кез келген команданың үшінші орынның алдыңғы төрттігі ішінен табылуына деген үміттерін үздіре қоймайды. Мұның өзі оларға «екі шоқып, бір қарау» тактикасын еріксіз таңып береді. Міне, негізінен осындай принцип ұстанған құрамалар бірінші турда бір-бірін таптап жеңіп тастауға да аса көп ұмтыла қойған жоқ. Оларға бұдан гөрі келесі кездесулерге күш сақтап қалу әлдеқайда маңыздырақ болып саналды. Тіпті, осындағы 2:0 есебімен аяқталған үш матчтың өзінде жеңуші жақ екінші голдарын ең соңғы минуттарда ғана сала алды. Егер оларға сол сәттерде сәл ғана сәттілік серік бола кетпегенде, есептердің тек бір доп айырымымен ғана бітетіні анық еді. Демек, бұлардың өзінде де олар анау айтқандай басымдық көрсете алған жоқ. Енді соңғы матчтар жөнінде. Әуелі Австрия мен Венгрия арасындағы кездесуге келейік. Шынын айтқанда, іріктеу турнирін өте жоғары қарқында өткізіп, 10 ойынның 9-ында ұтқан, 1 ұшырасуды тең аяқтап, бірде-бір рет жеңілістің ащы дәмін татып көрмеген австриялықтардан дәл осындағыдай қорғансыз қимылды күткен жоқ едік. Мадьярлар салғаннан оларға қарағанда, шымыр көрінді. Сондықтан ойын басталғаннан тартыс­ты арнада өрбіді. Бір кездері Австро-Венгрия атты бір мемлекет аясында өмір сүрген екі жақтың текетіресі кімнің күшті екенін көрсетуді көксейтін бітіспес күрестің келесіне көшіп жүре берді. Бірақ алғашқы адуын шабуылды өздерінің басты жұлдызы Давид Алабаның алашапқын болып жүгіруімен бастап кеткен австриялықтар қарсы қақпаға бірінші болып доп бағыттады. Арада біршама уақыт өткеннен кейін Венгрия құрамасының шолғыншылары алға қарай қайта-қайта жорық жасауды жиілете түсті. Ойынның екінші таймын да Австрия белсенді қимылдармен бастады. Ал олардың қарсыластары көп ойланып жатпастан, оқтын-оқтын қауіпті қарсы шабуылдар жасауға көшті. Соның бірінде голкипер Роберт Альмер мадьяр Балаш Джуджактың аяғынан зымырап ұшқан допты әрең қайтарып үлгерді. Мұндай шапқыншылықтар 62-минутта венгерлерге есеп ашудың орайын келтіріп берді. Бұл жолы Ласло Кляйнхайслермен доп қақпақылдасып алға ұмтылған Адам Солои қақпадан бірнеше метр жерде орындалған эндшпильде қақпашыдан айласын асырып кетті. Қарсы шабуылдың қарымын жақсы пайдалана білген мадьярлар матчтың негізгі уақыты бітуге 3 минут қалғанда, тағы бір гол салды. Оны оң қапталдан алға қарай зымыраған Золтан Штибер қақпашының үстінен доп асыра тастау арқылы жасады. Ал Португалия мен Исландия кез­десуі бұлардың алдыңғыларының ойын тағдыры бір футболшыға бағынып қалғанын тағы көрсетті. Көрермендер олар үшін Криштиану Роналдудың қаншалықты маңызды тұлға екеніне және бір рет көз жеткізді. Сондықтан бұл ойында «қолы шықпаған» форвардтың дәрменсіздігі бүкіл командаға тікелей әсер етті. Ойын барысында Нанидің оның орнын басуға қаншама әрекет жасап баққанымен, ол жасындай жарқырап ойнаған кезіндегі Криштианудың келісті кейпіне келе алмады. Оның 31-минутта есеп ашуының өзі бізге мұны айтқыза алмайды. Мұның орнына кездесуде исланд­тардың барынша батыл ойнаулары есте қалды. Олар екінші тайм басталғасын көп ұзамай, 50-минутта қақпа алдында туа қалған қолайлы сәтті Биркир Бьярнасонның тура соққысы арқылы өте жақсы пайдаланды. Әлбетте, осыдан кейін португалдар тайлы-таяғы қалмай атқа қонды. Осы тұста қақпашы Ханнес Халльдоурсонн тамшылатып біраз тер төкті. Солардың арасында Роналдудың 3 метр жерде тұрып ұрған добын қайтару да бар. Осылайша қорғаныста мүлтіксіз ойнаған арал-мемлекет командасы өздері үшін қолайлы тең есепті сақтап қалды. Кеше түнде екінші турдың ойындары басталды. Ресей Словакиядан 1:2 есебімен ұтылып қалды. Ал Румыния – Швейцария, Франция – Албания ойындары әдеттегідей кешірек ойналды. Серік ПІРНАЗАР, «Егемен Қазақстан»
Соңғы жаңалықтар