Кеше Парламент палаталарының бірлескен отырысы өтіп, оны Мәжіліс Төрағасы Орал Мұхамеджанов ашып, жүргізіп отырды. Күн тәртібі бойынша бірлескен отырыстың қарауына бір-ақ мәселе енгізілді. Ол «Қазақстан Республикасының Конституциясына толықтыру енгізу туралы» заң жобасын бірінші оқылымда қарау еді.
Аталған мәселені күн тәртібіне енгізу дауысқа қойылғанда, ол бірауыздан қабылданды. Осыдан кейін жаңа заң жобасы жөнінде баяндама жасау үшін сөз Президент Әкімшілігі Басшысының орынбасары Талғат Донақовқа берілді. Ол ұсынылып отырған заң жобасы Ата Заңның 53-бабының 1-тармақшасына және 91-бабының 1-тармағына сәйкес Елбасы шешімімен енгізіліп отырғанын жеткізді. Заң жобасының басты мақсаты – кезектен тыс президенттік сайлау өткізуге конституциялық негіздерді белгілеу болып табылады. Ол Мемлекет басшысына кезектен тыс президенттік сайлау өткізу жөніндегі конституциялық құқық беруді қарастырған. Біздіңше, деді ол, ұсынылған заң жобасы осы мақсатты орындаған. Міне, заң жобасының қысқаша мазмұны осы, қолдауларыңызды өтінемін, деп ол өзінің қысқа баяндамасын аяқтады.
Баяндамашыға ешқандай сұрақ болмаған соң заң жобасын талқылау басталды. Алғашқы болып сөзді Мәжілістің Заңнама және сот-құқықтық реформа комитетінің мүшесі ????? ???????? Берік Бекжанов алды. Бүгін тәуелсіз Қазақстанның демократиялы, құқықтық мемлекет ретінде қалыптасу кезеңіндегі тарихи маңызы бар күн. Өйткені, біз бүгін елімізді одан әрі демократияландыра түсу бағытын көздейтін дамудың алғышарттарын қалыптастыратын тарихтың жаңа бетін ашпақпыз, деп бастады ол өзінің сөзін тереңнен толғап. Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті, – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Мемлекет басшысына кезектен тыс сайлау өткізу жөніндегі конституциялық құқық беру жөніндегі заң жобасын ұсыну арқылы елдің еркін қолдайтын демократиялық құндылықтарға жол ашқан тағы бір маңызды қадам жасады, дей келіп, ол Елбасының президенттік өкілеттігін 2020 жылға дейін ұзартуды қолдайтын референдум өткізу туралы бастаманы ауызға алды. Мұның өзі бүкілхалықтық қозғалысқа айналған шара болған еді. Бірақ Мемлекет басшысы демократиялық құндылықтарды ескере келе, референдум өткізбеу туралы шешім қабылдай отырып, халық қалауын білдірудің демократиялық түрі – мерзімінен бұрын сайлау өткізуді ұсынды. Сөйтіп, ол өзінің ойы мен пікірі, мақсаты мен мүддесі халықпен бірге екенін көрсетті. Біздің мақсатымыз – халықтың мүддесі үшін қабылданған шешімді конституциялық тұрғыдан бекіту. Қолданыстағы Ата Заңымыз президенттік лауазымның кезекті сайлауын өткізуді ғана қарастырады, ал оны өткізудің тәртібі мен мерзімі арнайы конституциялық заңмен бекітілген. Біз халық билігінің үстемдігін қамтамасыз ету мақсатында еліміздің өркендеуі мен қоғамдық тұрақтылықты нығайтуды көздеген демократиялық қағидаттарды жақтай отырып, Елбасының ұсынысын қолдауымыз керек, деп сөзін аяқтады.
Екінші болып сөз алған сенатор ????? ??????Берік Имашев бұл бастама Конституциялық Кеңестің «Қазақстан Республикасының Конституциясына өзгерістер мен толықтырулар енгізу жөніндегі» Парламент 14 қаңтарда қабылдаған заңының Ата Заңға сәйкессіздігі туралы шешіміне орай болып отырғаны белгілі, деп бастады өзінің сөзін. Солай дей отыра, Конституциялық Кеңес республикалық референдумда мемлекетіміз үшін аса маңызды барлық мәселелер, соның ішінде Тұңғыш Президент – Елбасының президенттік өкілеттігін ұзарту мәселесі де шешілуі мүмкін деп атап өтті. Сонымен қатар, аталмыш заңды конституциялық деп тани отыра, Конституциялық Кеңес бұл заң бойынша президенттік өкілеттікті ұзарту бір реттік немесе көп реттік сипат ала ма, сондай-ақ Мемлекет басшысын сайлаудан бас тартуды білдіре ме деген дүдамалдықты алға тартты. Біздің пікірімізше, Конституциялық Кеңестің бұл ұстанымы талас тудырады. Құқықтанушы ретінде мен Конституциялық Кеңестің шешіміне қарсылық білдіріп, шағымдану процесін бастау логикалық жағынан сенімді дер едім. Өйткені, Конституциялық Кеңес көрсеткен мәселелер Ата Заң арқылы емес, қажеттігіне қарай тиісті конституциялық заңдарға сәйкес шешімін табар еді, дей келіп, депутат осы қатардағы пікірін: «Дегенмен мен Конституциялық Кеңестің шешімінің маңызын төмендетуден аулақпын», деп қорытты.
Бірақ, деді ол сөзін әрі қарай жалғастырып, Президент мәселенің қоғамдық маңыздылығын ескеріп, талас мәселені заңдылық процедуралар арқылы жалғастыру жолын жауып тастады. Өзінің Қазақстан халқына жасаған Үндеуінде Мемлекет басшысы: «Мен Конституцияның сақталуына кепілдік беруші Президент ретінде саясатшылардың келесі буынына дүдәмал бағдар беретін прецеденттің жасалуына жол бермеймін», деген еді. Осы сөздерден Президенттің аса маңызды мәселенің Конституцияға сәйкес еместігі туралы күмән көлеңкесін де қалдырғысы келмейтіндігі көрініп тұр. Америка философы Фриман Кларк: «Саясаткер келесі сайлау туралы, ал мемлекеттік қайраткер келесі ұрпақ туралы ойлайды», деген қанатты сөз айтқан. Еліміздің Президенті ұсынған формуласы арқылы құқықтық және демократиялық мемлекет құрудың жасампаздық жолын ойлайтын жоғары лауазымды тұлға екенін көрсетіп, өзінің Ұлт Көшбасшысы екендігін тағы да бір рет айғақтады. Елбасының бәрімізді біріктіретін бұл бастамасы конституциялық-құқықтық негізге ие. Ата Заңның 53-бабының 1-тармақшасында ел Президентінің ұсынысымен Парламент палаталарының бірлескен отырысы Конституцияға өзгерістер мен толықтырулар енгізуді қарастыра алады деп жазылған. Сонымен бірге, Конституцияға енгізілетін өзгерістер мен толықтырулардың жобасын Президент Парламенттің қарауына ұсынады деген тәртіп Конституцияның 91-бабының 1-тармағында қарастырылған, дей келіп, сенатор Президенттің кезектен тыс президенттік сайлау өткізу жөніндегі заң жобасын ұсынуы Ата Заңға қайшы келмейтіндігін атап өтті. Мұның өзі заңдылық тұрғыдан ғана емес, сонымен бірге, логикалық тұрғыдан да негізді, деді ол. Өйткені, президенттік лауазымды атқарып отырған адам ретінде Елбасы кезектен тыс сайлау өткізуді ұсынса, бұл оның жеке мүддесі емес, халықтың, мемлекеттің, қоғамның мүддесін көздегенін көрсетпей ме? Тіпті бұл жағдайда оның президенттік өкілеттігі екі жылға қысқарайын деп отырғаны да белгілі. Бірақ Елбасы осының бәріне қарамай, халықтың қалауымен кезектен тыс президенттік сайлау өткізуді ұсынып отыр. Осы мәселелерді ескере келіп, Елбасына кезектен тыс президенттік сайлау өткізу туралы құқық беру қажет деп есептеймін, деп ол өзінің сөзін аяқтады.
Сөз кезегі Мәжіліс депутаты Николай Турецкийге берілді. Бүгінгі Конституцияға енгізілгелі отырған толықтыру соңғы екі айда Елбасының президенттік өкілеттігін ұзарту туралы елімізде басталған дискуссияның жемісі деп есептеймін, деп бастады ол өзінің сөзін. Референдум өткізуді сайлаушылардың жартысынан көбі, сонымен қатар қоғамдық ұйымдар мен көптеген саяси партиялардың қолдағаны белгілі. Бірақ бұл дискуссияның соңғы нүктесін Нұрсұлтан Назарбаев өзінің референдумнан бас тарту туралы Қазақстан халқына жасаған Үндеуінде қойып берді. Елбасы өзіне деген сенім көрсеткені үшін сайлаушыларға алғысын білдіре келіп, саясаткерлердің келесі буынына дүдәмалдық ой қалдыратын прецеденттің болғанын қаламайтынын атап өтті. Елбасының кезектен тыс президенттік сайлау өткізу туралы ұсынысы азаматтық қоғам мен халықаралық ұйымдар тарапынан қолдау тауып отыр. Мен де депутат ретінде Конституцияға енгізілетін осы толықтыруды қолдап, оны бірінші оқылымда мақұлдауды ұсынамын, деді Н.Турецкий.
Бұдан кейін сөз Сенат депутаты, Экономикалық және өңірлік саясат комитетінің хатшысы Талғатбек Абайділдинге берілді. Депутат дауысына діріл бітіп, сәл-пәл толқи сөйледі. Үстіміздегі жылдың 31 қаңтарында Қазақстан Республикасының Президенті – Ұлт Көшбасшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың халыққа Үндеуін тыңдағаннан кейін қатысушылар біздің Президент кезекті дұрыс та салиқалы шешім қабылдады деген ойда болды, деді Талғатбек Жәмшитұлы. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевты өз лидері етіп көргісі келетін қазақстандықтардың қатары күн санап өсуде. Миллиондаған азаматтардың жүрегі өз тағдырларын тәуелсіздікті алғаннан бастап халқын бақуаттылыққа үнемі талмай және тура жетелеп келе жатқан адамға сенуге бұрады. Назарбаев стратегиясы – болашақты ойлау, алға кетуге әрекет ету. Халықтың, елдің және қоғамның мүддесінен туындайтын саяси мәселелерді прагматикалық және тиімді шешу Нұрсұлтан Әбішұлының айрықша қасиеттері саналады. Қазақстанды аяғынан нық тұрғызу және дамытудағы Елбасының ерен еңбегі халық тарапынан қолдау тауып, объективті бағаға ие. Шынтуайтында бұл жылдар Президент пен қоғам үшін де оңай болған жоқ.
Мемлекет басшысының президенттік сайлауды мерзімінен бұрын өткізуге тағы да баруы туралы шешімі Ұлт Көшбасшысының өз принципіне адалдығын, оның дұрыс жолды таңдағанын көрсетеді. Кез келген жағдайда Елбасы демократ болып қала береді. Өз халқына берген уәдесін Президент орындады. Еліміз Конституция принциптерін сақтай отырып, Нұрсұлтан Әбішұлы заңнамалық негізде салмақты да абсолютті демократиялық шешім қабылдады. Сондықтан да әріптестерімді «Қазақстан Республикасының Конституциясына толықтыру енгізу туралы» Заңның жобасы жөніндегі мәселені бірінші оқылымда мақұлдауға шақырамын, деп аяқтады сөзін Т.Абайділдин.
Ата Заңға толықтыру енгізу жөніндегі мәселеге қатысты пікірін білдіре кеткен Мәжіліс депутаты Серік Темірболатов Президенттің Конституцияның 41-бабына толықтыру енгізу туралы ұсынысын қолдайтынын білдіре келіп, әріптестерін осы құжатқа бірінші және екінші оқылымдарда дауыс беруге шақырды. Осы ретте депутат заңдық құжат өзінің мағынасы жағынан маңыздылығын, алайда көлемі жағынан шағын болғандықтан, оны екінші оқылымға пысықтау үшін бірлескен комиссия құрудың қажеті жоқтығын алға тартты. Енгізілетін толықтыру Мемлекет басшысын мерзімінен бұрын сайлау жөніндегі Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевтың шешімін жүзеге асыру үшін құқықтық алаң құрумен байланысты. Негізінен Конституцияда кезектен тыс сайлау өткізу мәселесі қарастырылмаған. Сондықтан Конституцияның 41-бабына толықтыру енгізу мерзімінен бұрын президенттік сайлау өткізу тетігін қарастыратын «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» және «Қазақстан Республикасының Президенті туралы» Конституциялық заңдарға өзгерістер мен толықтыруларды енгізуге мүмкіндік береді.
Сондай-ақ депутат білікті заңгер ретінде Парламент тарапынан Конституцияға түзетулерге Конституциялық Кеңестің шығарған шешіміне де өз ойын білдіре кетті. Ол мұндай қадамды 5 миллионнан астам адамның еркіне байланысты жасалғандығымен түсіндірді. Яғни, депутаттар Конституцияның 3-бабының 3-тармағын негізге ала отырып, өздерінің конституциялық өкілеттігіне сәйкес әрекет жасаған. Депутат осы ретте басқаша әрекет ету де мүмкін болмағандығын алға тартты. Алайда аталған заңдық құжат бойынша Конституциялық Кеңес шешім шығарса, Президент оған өзінің қарсылығын білдірмеген. Бұл шешім қайта қарауға жатпайды. Сондықтан да Конституциялық Кеңес шешімі құрметтеледі және басшылыққа алынады, деді Серік Ғабдоллаұлы сөзінің соңында.
Құрметті әріптестер, деп сөзін бастаған Сенат депутаты Александр Савченко былай деді: Конституциялық Кеңес еліміздің тұңғыш Президентінің өкілеттігін 2020 жылға дейін ұзартуға арналған республикалық референдум өткізу жөніндегі біздің Заңымыз Конституцияға сәйкес емес деп тапқаннан кейін Мемлекет басшысы халыққа үндеу жариялап, Президент сайлауын мерзімінен бұрын өткізу туралы ұсыныс енгізді. Депутаттың пайымынша, Президент осылайша тараптар мүддесінің ымыраға келуіне қол жеткізіп отыр. Біздер, депутаттар корпусы және 5 миллионнан астам сайлаушылар армиясы, еліміздің Тұңғыш Президенті – Ұлт Көшбасшысы Нұрсұлтан Назарбаев бізбен болады, бар және әрқашан бірге деген өз пікірімізді білдірдік, деді сенатор. Сондықтан да бастаған ісімізді бірге аяқтау, елімізді әлемнің бәсекеге қабілетті елдері санатына қосу бағытындағы қадамдарымызды әрі қарай жалғастырамыз.
Парламент палаталарының кешегі бірлескен отырысының күн тәртібіне шығарылған мәселе бойынша сөйлеймін деген депутаттар әлі де көп еді. Алайда олардың барлығының пікірі бір жерден шығып жатқандықтан, рәсім бойынша сөз алған Сенат депутаты Иран Әміров талқылауды осымен тоқтатуға шақырды. Сенатордың бұл ұсынысы әріптестері тарапынан қолдау тапты. Сондай-ақ қос палата депутаттары «Қазақстан Республикасының Конституциясына толықтыру енгізу туралы» Қазақстан Республикасы заңының жобасын бірінші оқылымда бірауыздан мақұлдады. Аталған заңдық құжатқа Сенаттың – 42, ал Мәжілістің 105 депутаты қолдап дауыс берді. Бірінші оқылымда қолдау тапқан заңдық құжат тәртіп бойынша сол күні күн тәртібіне екінші оқылымда қарау үшін енгізілді. Заң жобасының мәні баршаға таныс болғандықтан, ешқандай пікір бола қойған жоқ. Мәжіліс Төрағасы Орал Мұхамеджанов заң жобасын екінші оқылымда дауысқа қойғанда, ол депутаттар тарапынан бірауыздан қабылданды.