• RUB:
    4.98
  • USD:
    516.93
  • EUR:
    542.52
Басты сайтқа өту
03 Ақпан, 2011

Демократия кемелденуінің жаңа дәуірі

455 рет
көрсетілді

Қазір Қазақстан қоғамдық ойдың тай­қа­занына айналып отыр. Әлем тынышсыз әрі мазасыз. Қазақстанда 5 миллионнан астам халық Елбасы, Қазақстанның Тұңғыш Президенті Н.Ә.Назарбаевтың өкілеттігін 2020 жылға дейін ұзартуды көздеген бүкілхалықтық референдум өткізуді ұсынды. Бұл сайлаушылардың 50 пайызынан асып жығылады. Қазақстанның Ата Заңының 3-бабының 1-тар­мақшасында «Мемлекеттік биліктің бірден бір бастауы – халық» делінген. Ал 2-бабында «халық билікті тікелей республикалық референдум және еркін сайлау арқылы жүзеге асырады, сондай-ақ өз билігін жүзеге асыруды мемлекеттік органдарға береді» деп тайға таңба басқандай етіп жазылған. Сондықтан да Парламент депутаттары ұсынған Конституцияға өзгеріс Конституциялық Кеңеске жолданды. Конституциялық Кеңес бұл ұсыныстар Ата Заңға сәйкес емес деп өз қорытындысын берді. Әлем саясаткерлері мен сарапшылары, Парламент депутаттары да, 5 миллион халық та Президенттен бәтуалы сөз күткен. Алыпқашпа әңгіме гуледі. Оппозиция бөркін аспанға атып, «Үкімет кетсін, Парламент тарасын» деп жар салды. Дәл осы сәт Президент ешкім күтпеген, Назарбаевша шешім қабылдады. «Мен үшін өз халқымның қалтқысыз қол­дауынан артық биік баға болмайды. ...Бір жағынан, мен сайлаушылардың басым көпшілігін құрайтын бүкілхалықтық бастаманы кері қайтара алмаймын. Мәселенің екінші қыры, мен Елбасы және Конституцияның кепілі ретінде болашақ саясаткерге жаңылыс бағыт сілтейтін іске жол бере ал­маймын. ...Жұртшылықты бөлетін «референдум әлде сайлау» деген таңдаудың орнына мен халқымыз­дың еркі мен демократиялық және бізді біріктіретін жолды ұсынамын. Мен өкілеттігімнің екі жылға қысқаратынына қарамастан, мерзімінен бұрын Президент сайлауын өткізу туралы ұсыныс енгіземін», деді Нұрсұлтан Әбішұлы. Бұл табылған шешім ғана емес, тарихи таңдау да еді. Президент үшін Ата Заң ең қастерлі, ең қа­сиетті. Өйткені, Президент Ата Заңның бұлжытпай орындалуының кепілі. Осы ретте Н.Ә.На­зарбаевтың төмендегі сөзін еске сала кеткім келеді: «...Конституциямыз бізге ең басты­сын – өз өмірізді өзіміз жасау үшін таң­дау құқығын – ең құнды қазынаны берді. ...Конституция туралы мәселе – ұлт келешегінің мәселесі. Бұл орайда ойланбай жасалған ешбір сынаққа жол берілмеуі тиіс және берілмейді де». Міне, Конституцияның бұзылуына жол берілмеуін Елбасы көз қарашығындай сақтап отыр. Конституциялық Кеңестің шешіміне сай әлемді елең еткізген Үндеу жа­риялады. Кезектен тыс президенттік сайлау өткізуді ұсынды және Парламентке тиісті заң жобаларын жолдады. Сондықтан да Ел­басы – Қазақстанның Тұңғыш Президенті «Қа­зақстан Республикасының кейбір конституциялық заң­дарына өзгерістер мен толықтырулар енгізу ту­ралы» Қазақстан Рес­публикасы Конституциялық за­ңы­ның жобасын ұсынды. Әрі «Қазақстан Респуб­ли­ка­сындағы сайлау туралы» және «Қазақстан Рес­пуб­ликасының Президенті туралы» Консти­туциялық заңдарға кезектен тыс президенттік сайлау өткізу мүмкіндігін қарастыратын түзетулер енгізілді. Ал Ата Заңға Елбасы ұсынысымен төмендегідей то­лықтыру енгізілді. «Президенттің кезектен тыс сайлауы Республика Президентінің шешімімен тағайындалады Конституциялық Заңда белгіленген тәртіп пен мерзімде өткізіледі». Ата Заңға және жоғарыда айтылған конституция­лық заңдарға енгізілген өзгерістер мен толық­ты­рулар өмірдің сұраныстарынан туындап отыр. Біріншіден, сайлау туралы заңға сәйкес, кезектен тыс президенттік сайлау республика Президентінің шешімімен тағайындалады және екі ай мерзімде өт­кізіледі; екіншіден, кезектен тыс сайлаудан кейінгі президенттік кезекті сайлау бес жылдан кейін конс­титуциялық мерзімде өткізіледі; үшіншіден, президенттік кезектен тыс сайлау кезекті сайлаумен бірдей тәртіппен өткізілетін болады;  төртіншіден, сайлау іс-шараларын өткізу мерзімдерін Орталық сайлау комиссиясы айқындайтын болады: бесіншіден, Президент сайлау қорытындылары жарияланған күн­нен бастап бір ай мерзім ішінде ант береді; ал­тыншыдан, Ант беру күнін Орталық сайлау комис­сиясы айқындайды; жетіншіден, кезектен тыс сайлау­да ел Президенті болып сайланған адамның президенттік өкілеттігін сақтайтын кезең айқындалған. Сайып келгенде, бұл – Қазақстандағы демократиялық үрдістердің жаңа бастауы, жаңа дәуірі. Уәлихан ҚАЛИЖАН, Парламент Мәжілісінің депутаты.