Полиция офицерінің өліміне және жеке мүлкінің тоналуына кім кінәлі?
Елбасы талап етіп отырғандай, мемлекеттік органдардың сындарлы саясатты халық көңілінен шығатындай талаппен жүзеге асыруы мерейлі міндет. Алайда, амал не, мемлекеттік орган өкілдерінің кейбіреуі керісінше әрекет етіп жатуы өкінішті-ақ. Әсіресе, бұл құқық қорғау органдары қызметкерлеріне қатысты болса тіпті де өрескелдік екені даусыз.
Мәселен, өмірінің жиырма алты жылын кезінде тергеушілік қызметке арнаған Аягөз қаласының тұрғыны Амангелді Сәтмұханбетов бүгінде сол құқық қорғау органдары қызметкерлері тарапынан орын алған заңсыздықтардан енді өзі жәбір көргендігіне шағымданып, редакциямызға арнайы келіпті.
Сонау Семей өңірінен ат арытып келгендегі басты себеп, бауыр еті баласының ажал аузында жатқан сәттерінде алғашқы медициналық көмектің көрсетілмеуі және жеке заттарының тоналуына жол берілуі. Егер балама дер кезінде алғашқы медициналық көмек көрсетілгенде, оның өмірін сақтап қалуға болады екен, дейді зейнеткер Амангелді Қасымұлы дәрігерлермен болған әңгімесінің ұшын шығарып. Оның айтуынша, 2014 жылдың 3 шілдесінде Шығыс Қазақстан облысы Аягөз қаласы арқылы өтетін «Алматы – Өскемен» тас жолының 761-ші шақырымында баласы жол-көлік апатына ұшырайды. Таңғы сағат бестер шамасында ұрланған жылқыларды іздеу үшін өзі рөлге отырып, қызмет бабымен жолға шыққан баласы – ШҚО Үржар аудандық ішкі істер бөлімінің учаскелік инспекторы, полиция лейтенанты Амантай Марғұланның көзі ілініп кеткен болуы мүмкін. Қалай болғанда, оның жеке автокөлігінің бөліктері әр жерде шашылып жатуы және бір доңғалағының жұлынып кетуі соққының оңай келмегендігін көрсетеді. Алған жарақатынан ауаның кеуде қуысына молынан жетпегендіктен қырылдап, өмір үшін күресіп жатқан полиция формасындағы жас жігітке ешкім дер кезінде қол ұшын бермеген. Жол-көлік оқиғасының алғашқы куәгері, жолаушы, Приозерск қаласының тұрғыны Шахмұрат Айтахунов 112, 102 және 103 телефондарына хабарласыпты.
Алайда, алғашқы куәгер жеке автокөлігінде әйелі мен жаңадан туылған сәбиі болғандықтан, өлім аузында жатқан полиция қызметкерін жақын маңдағы ауруханаға жеткізіп салуды да ойламаған, тек күткен де отыра берген. Ал бір жарым сағаттан кейін өзінің жеке көлігімен жеткен жол-патрульдік полиция қызметкері кіші сержант Рауан Әнуарбеков келген бойда Ш.Айтахуновтан қысқаша түсінік алып, хал үстінде жатқан офицерге алғашқы көмек көрсетпестен, тиіп тұрған өткізу бекетіндегі жұмыс орнына қайтып кеткен. Өкініштісі сол, аудандық аурухана аталған бекет тұрған жолдың бойында орналасқан. Бірақ та жаралы жанды жеткізетін адам табылмапты. Р.Әнуарбеков бекетті тастап кетуге болмайды деген сылтаумен кері қайтып кеткен. Бұл арада, бекетте оның әріптесі старшина Асқар Күнсүйеров отырғандығын және оның жайсыз хабарды жаралы офицердің Астана қаласында жүрген әкесі мен ағасына хабарлағандығын қаперге сала кету керек. Денесінде ешқандай жарақаты немесе сүйек сынығы жоқ баласының қиналып жатқанын көре тұра жақын маңдағы ауруханаға апармаған жандарға налыған әке: «Өскеменнен арнайы келген дәрігер-нейрохирург қымбат уақыттың зая кеткенін және баланың ауруханаға кеш жеткізілгенін айтты. Егер жапа шегуші неғұрлым ертерек жеткізіліп, алғашқы медициналық көмек көрсетілгенде, ол жанға батар ауырлық шекпей, комаға түспес еді», дейді. Бір өкініштісі сол, 21 жасында жарық өмірмен қоштасқан жас жігіт күзде үйленуді жоспарлап жүріпті. Ұрпақсыз кеткен ұланның өкініші де әке-шешесінің белін қайыстырып отыр.
Сондықтан да, қызмет бабында қаза тапқан полиция қызметкерінің әкесі погондылардың әрекеттері мен әрекетсіздіктері, одан қалса өз істеріне немқұрайды қарағандығы және жалған құжат жасағандары үшін қылмыстық жауапқа тарту керек деп санайды. Иә А.Сәтмұханбетовтің бұл ішкі жанайқайын түсінуге болады. Баласын ауруханаға жеткізбек түгілі, жол-көлік оқиғасы орын алған жердегі айғақтарды тіркеуге алуы тиіс жедел тексеру тобы әріптесінің жеке заттарының қолды болып кетуіне жол бергені анықталды.
Жайсыз хабар жеткеннен кейін жол-көлік оқиғасы орын алған жерді қарау үшін құрамында аға анықтаушы, полиция капитаны Ғалым Аманғалиев жеке жүргізушісі Нұрлан Жұмақановпен жолға шыққан. Олар жеткен кезде оқиға орнында мемлекеттік автоинспекция қызметкері Алтынбек Қопабаев пен аға криминалист, полиция аға лейтенанты Дәурен Қамаров болыпты. Аталған жедел тергеу тобы оқиға орнына жетісімен тікелей қызметтік міндеттеріне жауапты қарамай, ұқыпсыздық пен салғырттық танытқан. Мұндай өрескелдіктердің орын алғандығы Аягөз аудандық сотында анықталып отыр. Тарқатып айтқанда, Ғ.Аманғалиев оқиға орнынан хаттама толтырған кезде автокөлікті Аягөз АІІБ жеткіздік деп көрсеткен. Сол күні ол бүлінген автокөлікті заңды иесіне қайтарудан бас тартқаны анықталып отыр. Ал шынтуайтында, құны 10 мың доллар тұратын «Тойота Карина Е» автокөлігінің бір тәуліктен кейін қанқасы мен қозғалтқышы ғана қалыпты. Онда да автокөлікті баланың әкесі полиция бекетінен өз күшімен алып кетіпті. Көптеген жеке заттарын айтпағанда, қайтыс болған полиция офицерінің қызметтік жезлі, ауруханаға жеткізілгенде қолында болған 80 мың теңгелік сақинасы, бір айлық жалақысы және 167479 теңге тұратын «Iphone-5 S» телефоны жоғалып кеткен. Қаза тапқан жігіттің әкесі бір тәулік ішінде жеке адамдар оқиға орнына жолай алмайтындықтан, полиция қызметкерлерінен күдіктенетінін жасырмайды. Онысы бекер де емес екен. Аягөз АІІБ криминалисі Дәурен Қамаров полиция қызметкерінің ауыр халде жатқанын біле тұра әлгі «Iphone-5 S» телефоның жасырын ұрлап алғаны әшкереленген. Қолдан қолға өткен баласының телефонын да А.Сәтмұханбетов тергеушілік тәжірибесін пайдаланып, өзі анықтап, тауып берген. Не керек, сыбайлас жемқорлыққа тікелей қатысты қылмыс жасағаны үшін криминалист екі жыл сынақ мерзімімен шартты жазаға тартылған. Ал марқұмның әмиянын анықтаушы Ғ.Аманғалиев әріптесі А.Қопабаевтың қолынан алғандығын айтып көрсеткен. Алайда, әмиянда ешқандай ақша болмай шыққан. Басқа ауданға ұзақ жолға шыққан полиция қызметкерінің ақшасы болмағандығына сену қиын.
«Тойота Карина Е» автокөлігінің тоналуы мен жеке мүліктерінің қолды болуы себепті қылмыскерлерді анықтап, жауапқа тартуды өтініп, өлген баланың әкесі Аягөз ҚІІБ-не арыз жазған. Оның айтуынша, сол күні кешкісін полиция қызметкері Ринат Сәлімгереев телефон арқылы күйеу баласы Қуат Тұрсыновпен сөйлесіп, тіпті, үйіне де барып: «Арызды қайтарып алыңдар» деп қоқан-лоқы жасаған. Осылайша, арыздан бас тартқызу әрекетінің орын алғандығын ашына жеткізді. Олай болса, талапкер баласының жеке мүліктері мен автокөлігін полиция қызметкерлерінің өздері тонауы мүмкін деген күдігінің нығая түскендігін алға тартты. «Қазақта «Бүлінгеннен бүлдіргі алма», деп жатушы еді, алайда, ішкі істер қызметкерлерінің мынадай әрекеттері жаныма қатты батқаны сондай, өз өмірімнің біраз бөлігін осы салаға бергеніме өкінгендей күй кешіп жүрмін. Әріптестерінің жаны қиналып жатқан сәтте оны аман алып қалудың және заттарының қолды болып кетпеуінің жолдарын қарастырудың орнына, керісінше істеуі адамгершілікке жататын әрекеттер деп ойламаймын», деді ширек ғасырдай уақыт милиция қызметкері болған Амангелді Сәтмұханбетов ашынғанын жасыра алмай. Бұл орайда ШҚО Аягөз аудандық және облыстық соттар полиция қызметкерлеріне қатысты жеке қаулыда атап кеткендей, қылмыстық іске тіркелген айғақты заттарды сақтау туралы ешқандай да шешім қабылданбаған. Оның үстіне анықтаушы Ғ.Аманғалиев процессуалдық құжаттарды толтырғанда жалған мәліметтер енгізіп, салақтық танытқаны осы соттардың жеке қаулыларында көрініс тапқан. Тіпті, аудандық сот келешекте осындай келеңсіздіктер қайталанбас үшін және кінәлі полиция қызметкерлеріне тиісті шара қолдану мақсатында Шығыс Қазақстан облысы Ішкі істер департаментінің атына қаулы көшірмесін де жолдайды. Бірақ арада екі жылдай уақыт өтсе де ішкі істер органы қызметкерлерін қылмыстық жауапқа тарту мәселесі әлі шешімін таба алмай отыр. Талапкердің айтуынша, облыстық ішкі істер департаменті бастығына екі телеграмма және арыз түсірген. Сонымен қатар, осы департаменттің кадр басқармасының бастығы, полковник Ерлан Жұмаділовке екі рет Аягөз аудандық және облыстық соттарының қаулыларын өз қолымен жеткізіп те берген.
А.Сәтмұханбетовтің арызымен айналысқан полковник Е.Жұмаділов тек «мен оларды жұмыстан шығардым» дегенді айтатын көрінеді. Ал А.Сәтмұханбетов әлгілердің әлі күнге өз лауазымдарында жұмыс істеп жүргендіктерін жақсы білемін дейді. Тек 2015 жылдың 13 тамызында «Менің өлкем» және «Мой город» басылымдарында «Разбойный отдел» және «Ашынған әке әділдік іздейді» атты мақалалар жарық көргеннен кейін ғана келеңсіздіктерге жол берген ШҚО ІІД бастығының бұйрықтарымен Ғ.Аманғалиевке, А.Қопабаевқа және М.Әділбековке қылмыстық жауапкершілікке тартылмағаны себепті қызметтеріне толық сәйкес еместіктері туралы ескерту жасалған. Онда да ол өлім аузында жатқан офицерді ауруханаға жеткізбегені немесе жеке мүліктерінің тоналғаны үшін емес, сыни материалдардың бұқаралық ақпарат құралдары бетінде кетіп қалғаны тұрғысында ескертумен шектеледі. Өкінішке қарай, ауыр халде жатқан әріптесіне көмек қолын созбай кетіп қалған Рауан Әнуарбеков пен қайтыс болған полиция қызметкерінің отбасына қоқан-лоқы көрсеткен Ринат Сәлімгереев ешқандай жауапкершілікке тартылмай отыр. ШҚО ІІД бастығының 12.09.2015 жылғы №779ж/қ-у жазалау туралы бұйрығында «...БАҚ-та қоғамдық резонанс тудырған сыни материалдардың жарық көргені үшін Аягөз АІІБ ӘПБ ЖПП взвод командирі, лейтенант Қопабаев Алтынбек Нақысбекұлы қызметіне толық сәйкес еместігі туралы ескертілсін» деген жолдар жүр. Сол сияқты, АІІБ бастығының тергеу жөніндегі орынбасары, полиция майоры Әділбеков Сұңғат Маратұлына да осындай қоғамдық резонанс тудырған материалдар үшін ескерту берілген. «Сонда қалай, қызметкерлерінің өз ісіне адал болмағаны, әріптестеріне дер кезінде қолұшын бермегені үшін емес, қоғамдық резонанс тудырған материалдар жарық көргеніне ғана ма?», деп таңданысын жасыра алмады марқұм Амантайдың әкесі. Оның айтуынша, бұл істі 2015 жылдың 5 тамызынан Ішкі істер министрі Қ.Қасымов өз бақылауына алатындығына уәде беріпті. Сонымен қатар, «Нұр Отан» партиясының облыстық қоғамдық қабылдауында онлайн режімінде сол кездегі Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігі төрағасының орынбасары Алик Шпекбаев та ШҚО сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес департаментінің бастығы Ғ.Досановқа қылмысты толық ашу туралы нақты тапсырма берген болатын.
Алайда, осыншама лауазым иелерінің бақылауында болса да қылмыстық іс әлі күнге қозғалмай отыр. Сондай-ақ, А.Сәтмұханбетовтің жазған хаттары мен телеграммаларына ешқандай да жауап берілмеуде. Тіпті қабылдамайды, не өз орындарында болмайтын көрінеді. ШҚО ІІД-нің баспасөз қызметі бұқаралық ақпарат құралдары тарапынан қойылған сауалға «Құжаттарға жалған ақпарат қосу фактісі тіркелмеген» деген жауап берген. Сот қаулыларын ШҚО ІІД әлі күнге қаперге алмай келе жатқандығының өзі дәлел емес пе? ШҚО прокуратурасының 2-басқарма прокуроры Е.Сейітов пен 2-басқарма бастығы Қ.Алтынбекұлы «жол-көлік апаты салдарынан бұзылған автокөлікті полиция бөліміне жеткізу анықтаушы, криминалист, жол-полиция қызметкерлерінің тікелей міндеттеріне жатпайды» деп атап көрсеткен. Заңдардың орындалуын қадағалауы тиіс прокуратура қызметкерлері осындай тұжырым жасап отырғанда басқасына не жорық деп айтпауға лаж қалмайды. Қалай болған күнде прокуратура қызметкерлері Қылмыстық іс жүргізу кодексі 222-бабының 4-пунктіне сәйкес лауазымды адамға қатысты оқиға болған жерді күзету және 7-пунктіне сәйкес бөтеннің иесіз қалған мүлкін сақтау, айғақ заттардың тағдырын шешу туралы нормаларды қаперге алмаған сияқты. Соның салдарынан Қылмыстық кодекстің «салақтық» бабы бойынша қозғалған іс қайта-қайта қысқарып қала беруде. Не керек, сот тарапынан анықталған Ғ.Аманғалиевтің жалған құжат жасағандығы жөнінде қылмыстық іс әлі күнге дейін қозғалмай отыр. Оның үстіне Бас прокуратурада тергеу тобы құрылып, ШҚО Аягөз ҚІІБ-нің аға анықтамашысы Ғ.Аманғалиевтің өз қызметіне дұрыс қарамай, жалған құжат жасағандығы толық дәлелін тапқан. Прокуратура органдарында бірқатар ауыс-түйістен кейін іс қазір қайтадан қысқарып кеткені мәлім болыпты.
Сондықтан да, талапкер Бас прокуратурадан өзінің конституциялық құқығын қорғауға, сонымен де, аталған тергеушінің Қылмыстық кодекстің жалған құжат жасау, салақтық, қызметтегі әрекетсіздік баптарымен қылмыстық іс қозғап, алдын ала тергеу жұмыстарын жаңадан құрылған Мемлекеттік қызмет істері министрлігінің Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл ұлттық бюросының орталық тергеу қызметіне жүктеуді сұрап отыр. «Себебі, мен ШҚО құқық қорғау органдарының заңсыз шешімдеріне қанағаттанбаймын және олардың әділ шешім шығаратындарына да сенбеймін», дейді А.Сәтмұханбетов. Сонымен қатар, осы кезге дейін келтірілген залалды өндіріп алуға ниеті бар екендігін де жасырмады.
Қорыта айтқанда, қызметтік міндетін былай қойғанда адамгершілік тұрғысынан өз әріптестерінің мүлкін тонауға жол бермеу полиция қызметкерлерінің тікелей парызы емес пе еді? Былайғы жұрт не ойлауы мүмкін? Осы салада өз ісіне адал қаншама азаматтар жүр. Редакциямызға жұбайы А.Сәтмұханбетовпен бірге келген мүгедек, өмір бойы мұғалім болған марқұм полиция қызметкерінің анасы да жан ашуын жеткізді. Олай болса, құзырлы органдар әділ шешім қабылдайды деп сенеміз. Бұл іс бойынша біз жауапты тараптың да уәжін тыңдауға әзір екенімізді білдіреміз.
Асқар ТҰРАПБАЙҰЛЫ,
«Егемен Қазақстан»