• RUB:
    4.98
  • USD:
    516.93
  • EUR:
    542.52
Басты сайтқа өту
03 Ақпан, 2011

Елбасымыздың саяси шешімін қолдаймыз

351 рет
көрсетілді

Елбасының мерзімінен бұрын сайлау өткізу туралы ұсынысын Қазақстан Рес­публикасы Парламенті палаталарының 2 ақпандағы бірлескен отырысында талқы­лап, «Қазақстан Республикасының Конс­титуциясына толықтыру енгізу туралы» Заң бірауыздан мақұлданып, қабыл­дан­ды. Заңға сәйкес Президенттің кезектен тыс сайлауы Елбасы шешімімен та­ғай­ын­далады және Конституциялық заңда көрсетілген тәртіппен белгіленген мерзімде өткізілетін болады. Президент апта басындағы халыққа Үндеуінде өзінің нақты көзқарасын білдірген болатын. Өзін қолдаған халқына, депутаттарға, Елбасымыздың президенттік өкілеттігін 2020 жылға дейін ұзарту жөніндегі бастамашы топтың мүшелеріне, «Нұр Отан» ХДП бастаған саяси партиялардың өкілде­ріне ризашылығын білдіре отырып, демократиялық жолмен жүретінімізді жария еткен еді. Қазақстанда демократияны дамыту бағытында тарихи қадам жасалды. Президент болашақ ұрпақтың келешегін ойлады, келешекте Қазақстанда қуатты саяси өрлеу болуын қалады. Бұл Елбасымыздың болашақ үшін жасалған тарихи шешімі арқылы Қазақстанның халықаралық аренадағы беделін тағы бір белеске көтерді. Елбасымыз еліміздің демократиялық құндылықтарды бағалайтынын бүкіл әлемге паш етіп, кемеңгер басшысы бар ел екенімізді тағы да дәлелдеп берді. Осы себепті, халық Елбасымызға сенеді, оның өз жұмысын ары қарай жалғастыра беруіне шын көңілден тілектес. Бүгінгі күннің тарихи шындығы – қандай сайлау болмасын, Елбасы халықтың үлкен қолдауына ие болатыны анық. Өйткені, елдің сенімін ақтаған адам қай уақытта болса да шынайы қолдауға лайық. Өз басым қашан да Президентіміздің жүргізіп отырған сарабдал саясатын қолдаймын. Қылышбай БИСЕНОВ, Парламент Мәжілісінің депутаты.