• RUB:
    5.05
  • USD:
    522.91
  • EUR:
    548.85
Басты сайтқа өту
18 Маусым, 2016

Жұмыла көтерген жүк жеңіл

468 рет
көрсетілді

«Апат айтып келмейді» деген сөздің растығына күні кеше отырарлықтардың көзі тағы бір мәрте жетті. Маусым айының 14-і күні ауызашар мезгілінде сіркіреп басталған жаңбырдан көпшілік аса секем ала қойған жоқ. Апта бойы тыныс тарылтқан аптап ыстықтан мезі болған адамдар салқын самал, жылы жаңбырдан жандары жадырап, жайдары күйде әңгімелесіп отырған-ды. Осы сәтте аспанды торлаған қою қара бұлтқа қарсы батыстан қатты жел көтерілген. Жай басталған желдің соңы алапат дауылға ұласып, бұлтқа бұлттың «соқтығысуынан» шақпақ ойнап, найзағай ұрып, айнала төңірек азан-қазан күйге түсті. Дастарқанын жинап үлгермеген жұртшылық үйлеріне қашып кіріп, есік-терезені қымтап, әліптің артын бағуға көшті. Айналаны аламан тасырға айнал­дыр­ған табиғаттың дүлей күші халықтың үрейін ұшырды. Сағатқа жуық соққан дауыл­дан соң, қатты жауған нөсер шатырлар­ды тесіп, соңынан шифер, проф­ностил жабындыларын қағаз құрлы көрмей, отыз-қырық метр жерге дейін ұшырып әкетті. Қатты жел мен жауынның әсерінен электр желілері біріне-бірі айқасып, қысқа тұйықталудың кесірінен аудан жарықсыз қалды. Ертеңіне мәлім бол­ған­дай, көптеген электр бағаналары дүлей күшке төтеп бере алмай құлап жатты. Шәуілдір ауылын қақ жарып өтетін Жібек жолы даңғылы бойында орналасқан көпқабатты үйлер мен М.Шойманов, Шытты ауылдарындағы мектептер және әлеуметтік нысандардан бөлек көптеген тұрғын-үйлер апат салдарынан қатты зардап шекті. Осындай қиын сәтте Отырар аудан­дық мәслихатының депутаттары кө­мекке мұқтаж ауыл тұрғындарына алғаш­қылардың бірі болып қолұшын созуда. Халық қалаулылары зиян келген 55 үйге шифер жеткізіп, арнайы жасақ дайындап, оларға күнделікті ақысын өздері төлеп, шатырларын бүтіндеп берді. Сондай-ақ, Жібек жолы бойындағы №15, 17, 20, 29 үйлерге де осындай жөн­деу жұмыстары жүргізілді. Дер кезінде жеткен көмекке ауыл тұрғындарының риза­шылығы шексіз. Сондай-ақ, аудан кәсіпкерлері де қарап қалмай, жер-жер­де мүмкіндігінше көмек жұмыстарын жүргізуде. Апат салдарын жою үшін кеше, бүгін аудан кәсіпкерлерінің көмегімен қайта қалпына келтіру жұмыстары қарқынды жүріп жатыр. Аудан әкімі Е.Айтаханов бас болып, арнайы штаб құрылған. Та­биғи апаттың зардабын жою үшін оты­рар­лықтар уақытпен санаспай жұмыс істеу­де. Иә, жұмыла көтерген жүк жеңіл демек­ші, табиғат әкелген шығынның орнын көпшілік болып қана толтыра аламыз. Осылайша, отырарлықтар мемлекет тара­пынан берілетін көмекті күтпей-ақ қалпына келтіру жұмыстарын бастап та кетті. Алмас АҚЫЛБЕК, журналист