Жаз мезгілінің аптаппен басталғаны Оңтүстік жұртына «жау жағадан алғанда, бөрі етектенің» керін келтіріп тұр. Морокко шегірткесі бірталай ауданның шаруаларын шырылдатып жатқанда, кене шаққан жас жігіт қайтыс болды.
Кене шаққан ордабасылық жас жігіт Арыс қаласындағы жекеменшік медициналық клиникаға қаралған екен. Қазір осыған байланысты қызметтік тексеру жүріп жатыр.
Оқиға орнына арнайы барған облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Сейітжамал Пәкеев қайтыс болған азаматпен байланысты болған адамдардың барлығы медициналық бақылауға алынғанын айтты.
– Науқас қаралған жекеменшік медициналық мекемеге тексеру жүргіземіз. Марқұмның медициналық көмекке кеш жүгінгенін де айта кетейік. Биыл кене шаққандар көп тіркелді. Барлығына уақтылы көмек көрсетуге ұмтылып жатырмыз, – деді Сейітжамал Пәкеев.
Бұл – жыл басынан бері қырым қанды безгегі бойынша өлімге соқтырған алғашқы жағдай. Сонымен қатар, қарақұрт шаққан 25 адам жансақтау бөліміне түсті.
Күн ысығалы улы жәндіктер күшейіп кетті. Олар көбіне құрғақ жерлерді мекендеп ұя салатындықтан, шалғынды алқаптар мен шөбі күнге күйген үй іргелік жерлердің өзі қауіпті болып тұр. Тиісті орындар қала ішінде қаулап өскен шөптерді орып дәрілегенімен, қарақұрт шаққан адамдардың легі толастар емес.
Облыстық жоғары қысыммен емдеу орталығы бас дәрігерінің орынбасары Икрам Төлеев ауруханаға түсіп жатқан адамдардың улану қаупі жоғары болғандықтан, токсикологиялық емес жансақтау бөліміне түсіп жатқанын мәлімдеді.
Бақтияр ТАЙЖАН,
«Егемен Қазақстан»
Оңтүстік Қазақстан облысы