2040 жылы шығатын көліктерді таныстырды
Британиялық Rolls-Royce Motor Cars компаниясы Лондон қаласында 103EX үлгісіндегі көлікті таныстырды. Бұл – Vision Next 100 жобасы бойынша, «болашақ автомобильдері» деген атауға ие болған төрт көліктің бірі. Фирма өкілдері мұндай автомобильдер тек 2040 жылдан кейін ғана шығарылатынын мәлімдеді.
Көліктің іші көздің жауын аларлықтай етіп сәнделген. Мамандар бұл жұмысқа негізінен эбен ағашын пайдаланыпты. Ал орындықтары жібектен дайындалған. Аяқ қоятын орындарына арнайы жүннен тоқылған кілемше төселген. Мәліметтер бойынша, концепт-кар жұмыстарымен белгілі дизайнер Джайлс Тэйлор жетекшілік ететін компанияның бірқатар қызметкерлері айналысқан.
– Ол кезде Rolls-Royce компаниясының басшылары лауазымды адамдар болады деп сенемін. Бәлкім, мемлекет басшылары, әлемдік лидерлер, кәсіпкерлер, жұлдыздар болуы мүмкін, – деді Джайлс Тэйлор.
Айта кетейік, әйгілі компанияның шығаратын көліктері бүгінде дәулетті адамдардың арасында үлкен сұранысқа ие. Осыған сәйкес, бағасы да қымбат. Мәселен, осыдан екі-үш жыл бұрын Wraith үлгісінде шыққан автомобильдің бастапқы құны 245 мың еуроны құрады. Ал кейбір мәліметтерде компанияның бір көлігін 20 миллион долларға сатып алғандар да болғаны айтылады.
Аян ӘБДУӘЛИ,
«Егемен Қазақстан»