Ұлыбритания азаматшасын ажалдан арашалап қалды
Осыдан бірнеше күн бұрын Исламабадтан Лондонға ұшқан ұшақтың шұғыл түрде Ақтөбе халықаралық әуежайына қонуына тура келді. Оған 64 жастағы жолаушы әйелдің бүйрегі сыр бергені себеп болған. Өкпе қабынуы мен диабетке шалдыққан жолаушыны ақтөбелік ақ халаттылар емдеп жатыр. Бибі Нұр Мұхамедидің күйеуі мен балалары аналарын алып кету үшін Лондоннан Ақтөбеге арнайы ұшып келді. Олар дәрігерлерге қайырымдылықтары үшін шынайы алғыстарын білдіріп, естелікке суретке түсуді де ұмытпады.
Пәкістан елінде туған Ұлыбритания азаматшасының денсаулығы көкте нашарлап, ұшақ қонуға мәжбүр болған. Науқас ауыр халде клиникалық аурухананың жансақтау бөліміне түскен. Бөлімнің меңгерушісі Қамалхан Ермағамбетов клиникадағы мультифильтрат деген аппараттың аса күрделі жағдайдағы науқастарды емдейтінін, бір жарым жылдан бері 25 науқасқа ем жасалғанын, бәрі де сауығып шыққанын жеткізді.
Дәрігерлердің айтуынша, науқастың зат алмасу процесі бұзылып, ағзасы ластануы салдарынан бүйрегі ауырып, диабеті асқынып кеткен. Қамалхан Қуанұлының мәлімдеуінше, қазір жағдайы қалыпты, дәрігерлік қадағалауда.
– Өте ауыр жағдайдағы қатаң науқас клиникалық өлім диагнозымен біздің емдеу орнына жеткізілген болатын. Осы ұжым көрсеткен медициналық көмектің арқасында 4 күн комада болған науқас есін жиып, жағдайы жақсарып, еліне қайтуға дайындалып жатыр, – деді облыстық клиникалық аурухананың бас дәрігері Самат Данияров.
Оны емдеуге Ақтөбеде жұмыс істейтін пәкістандық кардиолог Инамұллах Хан да көмектескен екен. Ол отандасының ажал аузынан аман қалғаны туралы өз еліне хабарлаған көрінеді. Ол да қазақ халқына, дәрігерлеріне ризашылығын білдірген.
Сатыбалды СӘУІРБАЙ,
«Егемен Қазақстан»
Ақтөбе