• RUB:
    5.07
  • USD:
    481.84
  • EUR:
    531.33
Басты сайтқа өту
18 Маусым, 2016

Арман қуып келген қыз

217 рет
көрсетілді

Алматыда дзюдодан өткен әлем Гран-при жарысының алғашқы күні Қазақстан спортшыларының қоржынын 1 алтын, 2 күміс және 1 қола медальмен толтырып тастады. Татамиде жасындай жарқылдаған, үнемі шабуыл өтінде болатын Галбадрах Отгонцэцэг ақтық айқаста Оңтүс­тік Кореяның үкі­ле­ген үміті Во Дженг Кионгті жеңді. Галбадрах биылғы қатысқан ал­ты халықаралық турнирдің бірде-бірінде жүлдесіз қалған жоқ. Гран-при бәсекесінде осымен төртінші рет жеңімпаз болды. Алматыда өткен жарысқа Қа­зақстан дзюдо құрамасының бас бапкері Ермек Иман­баев Олимпиада жолдамасын алып қойған Елдос Сметов пен Максим Раковты салған жоқ. Бірақ Рио-де-Жанейро Олимпиадасында қарсыластарын шақ келтірмейді деп жүрген Дастан Ықыбаев, Әзиз Қалқаманұлы және Ержан Шынкеев жүлдесіз қалды. Қыздар құрамасындағы ең тәжірибелісі Гүл­жан Ықсанова Олимпиада жол­дамасына қол созым қалғанда сүрінді. Бұл жағдай, әрине, әйел­дер құра­ма­сының бас бапкері Жәкен Саламатовқа ауыр тиді. – Біз бұл жарыстан үлкен үміт күтіп едік, – деді ол. – Тәжірибелі Гүлжаннан бөлек, Ташкентте өт­кен Азия чемпионатында алтыннан олжа салып, Халықаралық дзюдо федерациясы тарапынан Олимпиада квотасына ие болған Мариан Ордабаева бұған дейін ірі жарыстарда жеңіске жетпеген Венесуэла дзюдошысынан жеңіліп қалды. Ал Отгонцэцэг Галбадрах Гран-при бәсекелерінде қарсыластарын қоғадай жапырды. Рио-де-Жанейрода ол тамаша өнер көрсетеді деп ойлаймын. Галбадрах қазір әлемдік рейтингте үшінші орынға шықты. Халықаралық жарыстарда бас­ты қарсыластарын түгелге жуық ұтты. Әрине, алдын ала бәрін кесіп-пішіп айту қиын, бірақ, мен Отгонцэцэгке сенемін. Бұрынғы Моңғолия құрама­сының мүшесі, бүгінде Қазақстан байрағы астында жеңіс тойын тойлап жүрген Галбадрахқа сеніп отырғандар көп.  Оңтүстік Қазақстан облыстық спорт және дене тәрбиесі басқармасының басшысы Әлібек Нұртаев мүм­кіндігінше Галбадрахтың қатысқан турнирлеріне барды. – 2015 жылы Қазақстан дзюдо федерациясы мен Моңғолия дзюдо федерациясы бірлескен оқу-жаттығу өткізген кезде балуандар алмасу жөнінде де меморандум түзілген болатын, – дейді ол. – Отгонцэцэг 48 кило салмақта тек Моңғолия құрамасының нөмірі бірінші дзюдошысы ғана емес, әлемдік рейтингте көш бастап тұрған Уранцэцэг Мунхбаттың көлеңкесінде қалып, Олимпиадаға барудан үмітін үзген. Екіжақты келісімнен кейін Отгонцэцэг жеке жаттықтырушысы екеуі Қазақстан құрамасына ауысуға ниет білдірді. Өз елінде мүмкіндігі жоқ мықты спортшыларды өзге елдің алуы барлық мемлекеттерге тән жағдай. Жеке бапкерінің еңбекқорлығы, талапшылдығы, өз жұмысына шексіз берілгендігі мені қатты таңғалдырды. Ол күнделік жүргізіп, Отгонцэцэгтің әр сағатын есепке алады. Жаттығудағы жүк­те­мелерін бүге-шігесіне дейін жазып, қорытындысын шығарады. Өз жерінде Мунхбаттың көлең­кесінде қалғандықтан, іздегенін Қазақстаннан тапқан Галбадрахтың бұрынғы жеңістері туралы айтар болсақ, ол Әлем кубогының 2011 жылғы қола, 2012 жылғы күміс жүлдегері. «Үлкен дулыға» турнирінің екі мәрте күміс медалін еншілеген. 2013 жылы Еуропа Кубогының күміс жүлдесін алған. 2012-2014 жылдар аралығында Гран-при бәсекесінде бес рет «қолаға» қол жеткізген. Отгонцэцэг 2014 жылы Астанада өткен жарыс­та бас жүлдені жеңіп алды. Франциядағы «Үлкен дулы­ға» халық­аралық турнирінде От­гонцэцэг барлық есесін бір-ақ қайтарды. Ол  ақтық сынға дейін ешкімді бет қаратпаған. Ал финалда өзін тасада ұстап келген жерлесі Уранцэцэг Мунбахпен белдесуге шықты. Кешегі сыралғы қарсыластар барын салған. Екеуін де намыс оты жандырып барады. Не бел, не белбеу кететін айқас. Сәл дамылдау, бір сәт шегінуді білмейтін біздің қыз алымды болды. Төреші Галбадрахтың қолын көтергенде, Моңғолия құрамасы дзюдошы қыздарының бірі еңіреп жылап жіберді. Ал саф алтынды өз қолдарынан ұзатқан бапкерлердің тілдерін қыршып алғаны анық. Галбадрахтың да көзінен лағыл жас үзіліп, айдай бетінен төмен сырғанаған. Ойы сан тарау ғой. Қазақстан құрамасына өтпегенде, армандай болып алыстан қол бұлғаған Рио-де-Жанейроға барар ма еді, бармас па еді?!  Бақтияр ТАЙЖАН, «Егемен Қазақстан» Шымкент
Соңғы жаңалықтар