* Дүбір
Бразилияның Рио-де-Жанейро қаласында жазғы Олимпия ойындары өтетін уақыт жақындаған сайын Қазақстан құрамасы да оған қатысатын спортшылар санын арттырып келеді. Қазіргі таңда Ойындарға жолдама жеңіп алған спортшыларымыздың саны 98-ге жетті. Мұның ішінде жеңіл атлеттердің үлесі бәрінен көп. Олар әзірге 20 лицензияға иелік етіп отыр. Байдарка мен каноэда ескек есу жарысында 11 саңлағымыз жарысады. Бұдан әрі боксшы жігіттеріміз бен ауыр атлеттеріміз 10 адамдық құраммен сайыс алаңына шығады.
Бұлардан бөлек, еркін күрес шеберлері – 5, әйелдер күресі мен мылтық атудың әрбірінде 4-тен жолдама бар. Сол сияқты теннисшілер, грек-рим күресінің шеберлері, таэквондошылар мен дзюдошы жігіттер – үш-үштен, дзюдошы және боксшы қыздар, велошабандоздар, садақ атушылар, академиялық есушілер мен суда жүзушілер екі-екіден жолдама алған. Тағы синхронды жүзу, қазіргі заманғы бессайыс, стенд ату, велотрек, семсерлесу, үстел теннисі, көркем гимнастика, есу слаломы, батутта секіру және айдында жүзу секілді спорт түрлерінен бір-бір өкілден Олимпиадаға барғалы тұр.
Балуандар құрамы анықталды
Еліміздің күрес түрлерінен Олимпиадаға баратын құрамалары құрамдары анықталды. Қазақстан күрес федерациясының басшылығы Рио-де-Жанейро кілемінде ел намысын қорғайтын балуандар есімдерін жариялады.
Грек-рим күресі командасының сапында Алмат Кебісбаев (59 кг), Досжан Қартықов (75) және Нұрмахан Тінәлиев (130) бар. Еркін күрес жасағын Артас Сана (57), Ғалымжан Өсербаев (74), Аслан Кахидзе (86), Мамед Ибрагимов (97) және Дәулет Шабанбай (125) құрайды. Әйелдер күресі бойынша боз кілемге Жұлдыз Ешімова (48), Екатерина Ларионова (63), Эльмира Сыздықова (69) және Гүзел Манюрова (75) шығады.
Айта кететін жайт, күресте Олимпиялық лицензиялар командаға беріледі. Сондықтан оларда қол жеткен салмақтар бойынша кімдердің баратынын жаттықтырушылар кеңесі шешеді.
Олимпиадада күрес түрлерінен медальдарды сарапқа салу жарыстары 14-21 тамыз күндері өтеді.