Жақында Астана қаласында «Ипек Кагыт Централ Азия» түрік компаниясы гигиеналық қағаз өнімдерін шығаратын жаңа зауыт ашты. Ірі өндіріс ошағының ашылуы елімізде жұмыс істеп жатқан ірі түрік инвесторы – Ipek Kagit компаниясының Қазақстандағы қызметіне 10 жыл толғанына орайластырылып отыр.
Елорданың қарқынды даму үрдісінде инвестицияға бірінші кезекте басымдық беріліп отырғандығы заңды. Қала экономикасына тартылған бұл инвестициялар аз уақыттың ішінде Астананың өзін-өзі толық қамтамасыз ететін еліміздегі санаулы қалалардың қатарына кіруге мүмкіндік берді. Бас қаланың өндірістік нысандарының қатарына қосылған жаңа зауыт та осы ретте өзіндік үлесімен танылуы тиіс.
Жалпы ауданы 50 000 шаршы метрді құрайтын жаңа зауыттың құны 14 миллион долларды құраған. Жобаны «ДАМУ» КДҚ» АҚ-тың шағын және орта бизнес субъектілерін қолдауға арналған мемлекеттік бағдарламасының белсенді қатысушысы – «Қазинвестбанк» АҚ қаржыландырды. Өндірістік қуаты жылына 17000 тонна гигиеналық қағаз өнімдерін шығаруға арналған жаңа зауыт «Астана – жаңа қала» арнайы экономикалық аймағында орналасқан. Жұмысын енді бастайтын өндіріс орнында елордалықтарға арналған жаңа жұмыс орындары ашылуда.
Жаңа зауыттың ашылу салтанатына Түрік Республикасының Қазақстандағы Төтенше және өкілетті елшісі Невзат Уянык және Eczacıbaşı Holding Co компаниясының атқарушы вице-президенті Хакан Уянык қатысты. Бұл өндіріс орталығының өнімдері таяу шетелдерге, оның ішінде Ресейге экспортталатын болады.
«Біз Қазақстандағы 10 жылдық қызметімізді ең заманауи зауыттың ашылуымен атап өтіп отырғанымызға қуаныштымыз. Жоғары сапалы өнімнің және Selpak брендіне инвестиция құюдың арқасында біз Қазақстан нарығындағы көшбасшыға айналдық. Бүгінгі таңда біз бүкіл өңірдегі көшбасшы болуды көздеп отырмыз. Жаңа зауытымыздың өндірістік қуатын екі есеге арттыру бізге осы мақсатқа жетіп, компаниямыздың Орталық Азия аумағындағы қызметін кеңейтуге мүмкіндік бермек», – деп атап өтті Хакан Уянык.
Зауыттың ашылу салтанатында қонақтар мен журналистер компанияның Қазақстандағы қызметімен танысуға мүмкіндік алды. Осы ретте айта кететін болсақ, Ipek Kagit компаниясы – санитарлық-гигиеналық мақсаттағы қағаз өнімдерін, атап айтқанда, Selpak, Silen, Servis, Selpak Professional және Marathon секілді сауда белгілерін шығаратын ең ірі түрік өндірісі болып табылады. Компания Eczacibaşı Group түрік компаниялар тобының құрамына кіреді. Компанияның брендтері әлемнің 60-тан аса елінде саудалануда, сондай-ақ, қағаздан жасалған гигиеналық өнімдердің ішіндегі ең танымал әрі көпшіліктің көңілінен шыққан бірінші орындағы сауда белгілері саналады. Орталық Азияда жұмыс жүргізу мақсатында 2006 жылы «Ипек Кагыт Централ Азия» компаниясының негізі қаланды, қазіргі таңда ол – ТМД аумағындағы қағаз өңдейтін ең ірі заманауи зауыттардың бірі болып отыр.
Ұлан САНЖАР
Суретте: зауыттың ашылу салтанатынан көрініс