Елордадан арнайы жұмыс іздеп келушілер саны күннен-күнге көбеюде. Олардың алаңсыз еңбек етіп, Отаны үшін адал қызмет жасауына қол ұшын берген қарияларымыз, балаларының жанында қарашаңырақтың отанасы болып, жастарға көмектесіп отыратын асыл аналарымыз қанша ма?! Осы асыл аналардың ішінде өзіме жақын жаны жайсаң, көңілі ашық аяулы әже Бақыттіле Есімқызы Сейсенбаеваның елорда туралы айтатын шынайы пікірлері көңіл толқытады. Еліміздің ертеңінің еңселі болуын күніне мың мәрте тілейтін қазына қарияның ақ ниетін осы шағын лебізінен айқын көруге болады.
«Астана елордамыз болғанына ризамыз. Н.Назарбаевтың арқасында қаламыз үлкен шаһарға айналды. Күннен-күнге әдемі ғимараттар бой көтеріп, қаламыз жасыл желекке орануда. Бәрі Елбасының еңбегі. Зейнетақыны дер кезінде алып отырамыз. Дәрі-дәрмегімізді де тегін беріп жатыр. Осында келгелі 10 жыл болды. Үйдегі ақсақал қайтқан соң, балаларым осында алып келді. Қазір балаларымның жанындамын. Астананың барлық мәртебелі жерлеріне мереке күндері апарып тұрады. Ризамын, – деді аяулы әже ағынан жарылып.
– «Өзім Ұлы Отан соғысының басталар тұсынан, бір жыл бұрын Ақмола облысының Степняк ауылында тудым. Балдәурен балалық шағымыз болмады десе де болады. Сұм соғыс қиян кескі заманның дәмін де татқызды ғой. Тағдырдың жазуымен қыршынынан қиылған балалар, бауырлар із-түзсіз де жоғалды. Әкем де солардың қамытын киді. Әкемнің бейнесі жадымда жоқ. Маған Бақыттіле деген есімді әкем арнайы қойдырған екен. Қырғын соғыста аман-сау келуіме Бақыттіле болады, аман-сау келмесем, онда өз бақытын өзі тілесін деп армандағы қиялын өзімен бірге ала кеткен еді», деп. Кейін әкемнің артынан қара қағаз келді. Анам қара қағаз келді деп қарап отырмады, балаларды өсіру керек, барлығымызды бейбіт күнге аман-есен жеткізді. Әкем әулие екен. Бүгінгі егемен еліміздің жұртына, жасампаз жастарына бақыт тілейтін ана болсын деп, атымды сол кезеңде-ақ Бақыттіле қойыпты».
«Осыдан 18 жыл бұрынғы Астана қандай еді? Қазір қандай? Бұл өркениетті еліміздің дарқан болашағын сонау алыстан болжаған Елбасымыздың қырағылы, білімдарлығы, мықты саясаткерлігі дер едім. Бізге тәуелсіздік жемісі, жеңісі оңай келген жоқ. Осында тұрып жатқан әр қазақ жердің, елдің қадірін біледі. Білгеннен кейін Қазақстанымыз бейбіт өмірде. Осы жемісті біз тарыдай шашып алмауымыз керек. Қазақстанымыздың гүлдей жайнай беруіне біз де бар күшімізді салуымыз керек. Бүгінгі толқын өскелең ұрпаққа тілерім: Білімді болыңдар! Жігерлі, қайратты, намысты қолдан бермейтін, алысқа қанат қағып сермейтін Қазақстанымыздың мақтаулы тұлғалары болыңдар!». Осылай тебіреніп ақ тілегін арнаған анамыздың жүзінен нұр, жүрегінен толқыған мейірім ізін көрдім. Жастарға ұлағат болар, осындай асыл аналарымыздың қатары көп болса екен, лайым!..
Ақ лебізді жазып алған Еуразия гуманитарлық институтының студенті Айым БОЛАТҚЫЗЫ