Экономиканың өзегі мен өркені, негізінен, шикізатты өңдеуге байланысты. Бұл туралы Мемлекет басшысының «Болашақтың іргесін бірге қалаймыз» атты Жолдауында нақты атап көрсетілді. Шынымен де ел ішінде ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу саласы өрлеу жолына түсе алмай отыр. Сенімге сай серпіліс, мақсаты айқын бетбұрыс болмаған жерде нәтиже болмайтыны белгілі. Сондықтан болар, өңделген сапалы ауылшаруашылық өнімдерімен халықты жеткілікті қамтамасыз ету деңгейі өңірлерде әлі төмен.
Биыл Жамбыл облысындағы ауыл шаруашылығы өнімдерін өндірушілер алдарына үлкен міндеттер қойып отыр. Мақсат – 2014 жылға қарай агроөнеркәсіп кешеніндегі өнімділікті кем дегенде 2 есеге арттыру. Өйткені Елбасының биылғы Жолдауында еңбек өнімділігін арттыру мәселесі алға өткір қойылып отыр.
Жамбыл облысындағы шикізатты өңдеу саласының даму қарқыны қалай? «Шіркін, Жамбыл облысының айраны-ай!» немесе «Ірімшігі мен сары майы-ай!» деп алыс-жақын елдерді тамсандыратын тауарлар бар ма? Әлде шаруаларымыз табын-табын сиыр суып, шелек-шелек сүт өткізгендеріне ғана мәз болып отыр ма? Өйткені талғамы зор тұтынушыларды алдай алмайсың, олар дүкенге барып, ақша төлеген соң тәуір май мен жақсы айранды сатып алғысы келіп, Ресей азық-түліктеріне аңсары ауатыны анық.
Мәселеге осы тұрғыдан көз жіберіп, санап кеп жіберсек бүгінде облыста ауыл шаруашылығы шикізатын қайта өңдеп, тұтынушыға ұсынатын 433 кәсіпорын мен цех және өндірістік желілер бар екеніне көз жеткіземіз. Бірақ, өкінішке қарай, олардың басым көпшілігі толық қуатында жұмыс істеп тұрған жоқ. Қайта өңдеу кәсіпорындарының ішіндегі көбі наубайханалар (133), одан соң диірмендер (91), шұжық цехтары (32), өсімдік майын шығаратын цехтар мен кәсіпорындар (26), жем тарту цехтары (25), кондитерлік цехтар (20), макарон шығаратын цехтар (17), түшпара цехтары (16). Жеміс, көкөніс, шырын, май, қаймақ, айран, ірімшік, құрт, сүзбе, шұбат, қымыз сияқты т. б. өнімдерін сапалы дайындап, Жамбыл облысының бренді деңгейіне жеткізетін кәсіпорындар аз немесе мүлде жоқ.
– Егіншілік пен мал шаруашылығында өндірілетін бұдан басқа да көптеген шикізаттарды өңдеу кәсіпорындары облыста бірлі-жарым ғана. Олардың ішінде ет, сүт, жеміс, көкөніс, жүн, тері секілді өнімдерді қайта өңдеу көрсеткіші тым төмен. Негізінен мал шаруашылығы өнімдерін өндірумен айналысатын Мойынқұм, Талас, Сарысу аудандарында ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу кәсіпорындары мен цехтарының саны тым аздығымен қоса, ет, сүт өнімдерін қайта өңдейтін бірде-бір өндіріс орындары жоқ. Облыстың кейбір аудандарында жеміс, көкөніс өнімдерін өсіру, өткеру жақсы жолға қойылғанымен, оларды қайта өңдеу арқылы сапалы азық-түліктер шығару жалпы республикалық көрсеткіштен төмен болып отыр, – дейді облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының бастығы М.Әсілбеков.
Әрине, бұл өңір агрокешені қызметкерлерінің қолынан іс келмейді дегенді емес, сол іске деген құлық пен талпыныстың жоқтығын білдіреді. Әйтпесе, тұтынушылар көңілінен шығып жүрген Меркінің айраны, Жуалының ірімшігі, Қордайдың жеміс, көкөнісі сияқты облыс агроөнеркәсіпшілеріне жаңа жобалар жайында ой салып, серпінді істерге жетелейтін мысалдар бар.
Сондай-ақ, іргелі істерге мұрындық болар ірі жобалар да жоқ емес. Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы қызметкерлерінің айтуынша, олқылықтардың орнын толтыру үшін бүгінде «Азия-Қазақстан» концерні», «Тараз-Тарту» кәсіпорындары базаларында жеміс, көкөніс өнімдерін қайта өңдеу өндірістерін жандандыруға бағытталған инвестициялық жобалар қолға алынуда екен. Жеміс, көкөніс өнімдерін қайта өңдеу жөніндегі осы 2 ірі кәсіпорын іске қосылып, толық қуатында жұмыс істеген жағдайда, облыс жеміс, көкөністерін қайта өңдеу кәдімгідей артып, жалпы республикалық көрсеткіштен арта түседі деген болжам бар. Бірақ «үйдегі көңілді базардағы нарық бұзады» дегендей, болжамның әлі болып-толған дүние емес екенін ескерсек, іргелі жобаның бюрократтық және қаржылық кедергісіз тезірек іске асуына тілектестік білдіреміз.
Ауыл шаруашылығы өнімдерін өсіру мен оны қайта өңдеу жұмыстарының алға басуына облыста құрылып, жұмыс істей бастаған ауылдық тұтынушылар кооперативтері мен сервистік-дайындау орталықтарының да септігі тиеді деп күтілген екен. Алайда, бүгінгі күні облыс бойынша құрылған 50 ауылдық тұтынушылар кооперативтерінің арасынан Жуалы ауданындағы «Жуалы-Көлтаған-Болашақ», «Азат», «Ақтөбе» және «Агро-Ордахан» ауылдық тұтынушылар кооперативтерін ғана тиісті талапқа сай жұмыс істеп тұр деп айтуға болады. Ал басқа аудандарда құрылған АТК-лар қаржы институттары арқылы қаржыландыру талаптарына сай келмегендіктен істері қожырап тұр. Сондықтан аудан әкімдері оларды «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ тарапынан ұсынылған қаржыландыру талаптарына сай қайта құруды ұйымдастыруға басшылық жасауы тиіс деп ойлаймыз. АТК-лар сонда ғана қажетті қаржысына қол жеткізіп, қанат жайып, дами бастайды. Ал даму – ауыл шаруашылығы шикізаттарын өңдеу, тасымалдау, сақтау және өткеру міндеттерін жүзеге асырып, ауыл тұрғындары мен қала халқына сапалы қызмет көрсету деген сөз. Бірақ қазіргі АТК-лар «құрылдық» деген атты ғана иемденген бюджетке бір тиын пайдасы жоқ қағаз жөніндегі құрылымдар ғана болып отыр.
Бүгінде облыста «Оңтүстік» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» ұлттық компаниясы» АҚ-тың қаржыландыруымен ашылған 11 сервистік-дайындау орталықтары бар. Қазір оларды Жамбыл облысынан құрылған «Тараз» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясының қарамағына алу мәселесі қарастырылуда. Бұл СДО-лар облыс агроқұрылымдары мен тұрғындарына техникалық, сервистік қызметтер көрсету, ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіру, дайындау, сақтау, қайта өңдеу, өткеру жұмыстарын жүргізу арқылы өздерін-өздері толық ақтау жағдайында жұмыс істеулері қажет. Алдағы уақытта бұл сервистік орталықтардың жанынан жеміс, көкөніс және картоп сақтайтын қоймалар құрылысын тұрғызу да жоспарлануда. Бірақ бұл ойлардың сөз болып жүргеніне көп уақыт болды. Ал қашан, қалай жүзеге асары белгісіз.
Өткен жылы облыс агроөнеркәсіп кешені саласында жалпы құны 30,2 млрд. теңгені құрайтын 19 инвестициялық жоба жасалып, қаржыландыру үшін тиісті қаржы институттарына ұсынылыпты. Оның 5-і үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасына енгізілген. Мұның 2-і, яғни Тараз қаласындағы «ПОШ-Тараз» фабрикасының биязы жүннен шүйке (топс) өндіру мен «Жасұлан және К» ЖШС-нің өндірістік негізде гүл өсіру кешені жобалары жүзеге асырылды. Сондай-ақ, Т.Рысқұлов ауданындағы «Луговой жылқы зауыты» ЖШС-де 30 мың бас «талпақ танауға» арналған бордақылау кешенін, Байзақ ауданындағы «Жамбыл Құс» ЖШС-інде құс етін және жұмыртқаны тереңдетіп қайта өңдеу жөніндегі жоғары технологиялық құс фабрикасын, Шу ауданындағы «Оңтүстік» қазақ ет компаниясы» ЖШС қолға алған мал өсіру, бордақылау, сою және ет өнімдерін терең өңдеу кешенінің құрылысы жобалары 2011-2012 жылдары толығымен жүзеге асырылатын болады деген жаңалық та тұтынушылар құлағына жылы естілді. «Азия-Қазақстан концерні», «Тараз-Тарту», «Тараз-Сервис», «Мир-Асыл-Тараз» және «Меркі-ет» ЖШС-нің жобалары бойынша да ілгерілеу байқала бастаған.
Бүгінде облыс агроөнеркәсіп кешенін дамытуға бағытталған барлық бағыттар бойынша талдаулар жасалынып, аудандар мен салалардың сол бағыттардағы мүмкіндіктері анықталды деп естідік. Енді барлық аудандар осы бағыттағы жұмыстарды нақты жүргізу, олар бойынша серпінді жобалар ұсыну, оларды жүзеге асыру жұмыстарын жүргізулері тиіс сияқты.
Қорыта айтқанда, облыс агроөнеркәсіп кешені саласын тұрақты және жоғары қарқынмен дамыту бағытындағы жұмыстар бар. Оны одан да жылдам жүргізу үшін облыс, аудан әкімдері мен ауыл шаруашылығы басқармаларының бастықтары және кәсіпорын, фирма, шаруашылық басшылары түсінікпен, өзара тығыз байланыста жұмыс істеулері қажет деп білеміз. Елбасы алға қойған тапсырмалар мен одан туындайтын міндеттер сонда ғана оң шешімін тауып, шикізат өңдеу саласындағы жұмыс ширай түсетін болады.
Көсемәлі СӘТТІБАЙҰЛЫ.
Жамбыл облысы.