• RUB:
    5.53
  • USD:
    474.57
  • EUR:
    513.63
Басты сайтқа өту
03 Ақпан, 2011

Қайрат қайрайды

375 рет
көрсетілді

Ұлт Көшбасшысының жыл сайынғы халыққа дәстүрлі Жол­дауы­нан жұртшылықтың үлкен үміт күтетіндігі, дамудың жаңа ке­зеңіне сенім күшейтетіндігі күмәнсіз. Елбасының биылғы жыл­ға алға қойған міндеттер мен тапсырмаларды ынта қойып тыңдаған «Фитохимия» халықаралық ғылыми-өндірістік холдингі ғалымдары мен мамандары сондай әсерге бөленді. Атал­ған орталықтың жетекшісі, ҰҒА академигі, профессор, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Серғазы ӘДЕКЕНОВТЕН   Жолдау жөнінде ойын білдіруді сол сәтінде өтінген едік. – Президентіміздің жаңа Жол­­дауы Қазақстанның  алға қа­рышты қадам жасаудың бет­бұ­рысты  кезеңінде екенін ай­қын­дап берді. Жарқын болаша­ғы­мыз­ға, өсіп-өркендеуіміздің жаң­ғыруына тағы бір нық сенім ұялатты. Өмірдің қай буы­нын­дағы болмасын бағыт-бағ­дар терең екшеленіп, жасампаз істер салиқалы сараланған құ­жат­тан туындайтын міндеттер үдесінен шығу қай-қай­сы­мыз­дың да абыройлы борышымыз болу керек деп білемін. Әлбетте, біз алдымен өз іс-қызметімізге қатысты бағдар­ла­малық мәселелерге баса құ­лақ түрдік. Ғылым мен меди­ци­наны дамытуға байланысты атап көрсетілген  жайлар бой­ын­ша арнайы жоспар  жасалу­ға бүгіннен бастап тапсырма берілді. Ғылыми ізденістердің сапалық денгейін көтеру, адамдар денсаулығын қорғау, жақ­сарту жолындағы күрестің бел ортасынан табылуға күш са­лы­на­ды. Жолдауда ғылыми кадр­лар­ды қағидатты тұрғыдан жа­ңа негізде  даярлауды ұйым­дас­ты­ру керектігі, теориялық дайын­дықты  нақты істе шыңдау, пай­да­лы зерттеулермен ұштастыру қажеттігі айтылды. Ғылымға кан­ди­даттық және докторлық диссертациялар қорғаушылардан  ба­ратындар саны төмендігі сы­нал­ды. Бұл қатты ойландыратын мә­селе. Өндірістік цехтарымызда, зертханаларымызда жыл сайын 300-ден астам студент, магистрант, докторант оқу, дип­лом­дық, өндірістік тәжірибеден өте­ді. Солардың ішінен талаптарын та­ныта алушыларға құшақ ашыла түседі. Өз ізденістерінің нәти­же­сін ортақ игілікке айналдыра алуларына қамқорлық аянбайды. Сөз орайында айта кеткенде бү­гінде жетістіктері алысқа та­нымал ғылыми-өндірістік орта­лы­ғымыз­дың қалыптасып, қа­дамы нығаюы­на Тұңғыш Президент Н.­Ә.На­зар­баев­тың  тікелей қолдауы үлкен ық­пал еткен болатын. Осыдан он бес жыл бұрын алғаш рет іс-ізде­ні­сі­мізбен танысқаннан бері аяқ алысымыз ұдайы назарда.Со­ның арқасында осы уақыт ара­лы­ғын­да құнды фармако­ло­гия­лық қа­сиет­терге ие жаңа бірегей фито­пре­параттарды жасау және олар­ды  фармацевти­ка­лық өндіріске, тәжірибелік ме­ди­цинаға енгізудегі еңбегіміз жанып келеді. Елімізде дәрі-дәрмектерге сұ­раныс әлі күнге дейін сырт жерлерден жеткізілетін түрлері арқы­лы өтеліп жүргені жасы­рын сыр емес. Осындай жағ­дай­дан ары­лу­ға қазір мүмкін­дігіміз бар. Жұ­мыс істеуге кіріскен фармацев­ти­калық ке­шен­нің бірінші және екін­ші кезектері аса маңызды дәрілік пре­параттар өндірісі көле­мін едәуір арттырды. Елбасы Жол­дауында ғылым жетістік­тері­нің негізінде инновациялық технологиялар арқылы өндірісті да­мы­ту басты міндеттің бірі болып та­былатындығы аталды. Кешен­нің үшінші кезегін межелі мерзімде іске қосып, қажетті өнім­мен ішкі тұтынуды қамта­масыз ету­мен бірге экспортқа шығаруға да жол кеңейту соған сәйкес мақсат. Жергілікті табиғи өсімдік­терден отандық дәрі-дәрмекті жасауды және молынан шы­ғаруды көздеуші  орталығымыз зор  ғылыми күш-қабілетке ие. Елбасы Жолдауы осы мерейлі мақсатқа қайрат қайрайды. Жазып алған  Айқын НЕСІПБАЙ. Қарағанды.