• RUB:
    5.07
  • USD:
    481.84
  • EUR:
    531.33
Басты сайтқа өту
21 Маусым, 2016

Топ үздіктері қара үзе бастады

273 рет
көрсетілді

Футболдан Францияда өтіп жатқан Еуропа чемпионатының соңғы үш күнінде 8 кездесу ойналды. Бұлардың дені турнирдің келесі кезеңіне шығатын командалардың сұлбасын анықтап беруге қызмет етті. Осы күндердің кенересінде бір топтағы ойындар да толық ойналып бітті. Атап айтқанда, А тобындағы командалар өзара кездесулерін толық аяқтады. Кеше түнде В тобы да матч­тарын мәреге жеткізіп тоқтады. Ал ертең барлық топтарда қорытынды шығып болады. Біз бұған дейінгі жазбаларымызда чемпионатта сенсация болмағанын баяндағанбыз. Сол қалып әлі бұзылған жоқ. Бірақ осы есепті мерзімдегі бір жаңалық – сол кезге дейін бірде-бір рет орын алып көрмеген ірі есептер тіркелді. Олардың екеуі де 3:0 болып аяқталды. Әйткенмен, оны жасаған жасақтар шын мәнінде де қарсыластарынан айтарлықтай басым еді. Бірінші ірі есепке құрлықтың соңғы екі чемпионатының жеңім­пазы, әлемнің экс-чемпионы Испания құрамасы Түркиямен ойында қол жеткізді. Түріктердің бұл турнирде оншалықты жарқырап көріне қоймағанын жұрттың бәрі біліп отыр. Құрамында Арда Тураннан басқа бас көтеретін ешкімі жоқ жамағат салғаннан сүреңсіз ойын көрсетіп келе жатыр. Ол осылайша мұнда алғашқы ойынында бірдей ұтылыс тапқан Украинадан кейінгі екінші ұжым болды. Ал испандар онымен кездесуде мәселені екінші таймның бас жағында-ақ толық шешіп алды. Бұл кезге дейін Альваро Мората (34, 48-минуттар) мен Нолита (37) соққан голдардың арқасында ойын тағдырын шешіп алған олар содан кейін қарқындарын едәуір басты. Сонда ғана түрік «Ай-жұлдызы» алға қарай ұмтылды. Бірақ оларда ойлы ойыннан гөрі асып-сасу, күйіп-пісу көбірек көрінді де, шабуылдың дұрыс нәтиже беруіне апарып жеткізе қойған жоқ. Бұған қарағанда, Чехия мен Хорватия арасындағы ойын тартыс­тырақ өтті. Ойынның бірінші таймында хорваттар көбірек тізгінге ие болды. Соның әсерімен олар Иван Перишичтің күш салуы арқылы 37-минутта бірінші болып есеп те ашты. Тап осыдан кейін команданың фанаттары матчтың тоқтауына себепкерлік етті. Олар алаңға файер лақтырып, біраз түтіндетсе, өздері отырған секторда төбелес шығарды. Әзер қайта жалғасқан кездесуде хорваттар тағы алға қарай жөңкіле шапты. Сол пәрменімен 59-минутта Иван Ракитичтің голы арқылы есепті еселеді. Ал чехтардың ойыны ешбір жүрмей қойды. Олар алаңға енді ғана шыққан Милан Шкоданың 76-минутта гол соғуымен бір доптың қарымтасын қайтара алды. «Халық командасы» осының арқасында көңілдеріне үміт отын жалғап, қауырт қарсы шабуылдар ұйымдастыра бастады. Бұған керісінше өз жанкүйерлерінің «отына күйіп» кете жаздаған хорваттарда біраз іркіліс пайда болды. Мұның соңы ойсыз әрекеттерге апарып соқтырды. Біз 88-минутта Домагой Виданың өз қақпасы алдында көрер көзге қолмен доп қағып жіберуін тек осылай бағалай алар едік. Осыған байланысты белгіленген пенальтиді Томаш Нецид мүлт жібермеді. Есеп – 2:2! Осы күнгі үшінші ойында Италия Швецияны әрең ұтты. Ол бұған 88-минутта Эдердің гол соғуы арқылы қол жеткізді. Ал сенбі күнгі ойындардың шымылдығын ашқан Бельгия – Ирландия кездесуінде осы күндергі екінші ірі есеп тіркелді. Матчтың басында бұлардың алдыңғылары басым екені анық байқалып тұрғанымен, соңы талқандаумен аяқталатынын ешкім пайымдай қоймаған шығар. Ғаламаттың бәрі екінші таймда орын алды. Оның алғашқы 25-минутында Ромелу Лукаку (48, 70) мен Аксель Витсельдің (61) есебімен ойынның тағдыры да шешілді. Сөйтіп, осы күндері Альваро Моратадан кейін екінші ойыншы дубль жасалды. Бұдан кейінгі екі ойын да тең аяқталды. Мәселен, Исландия мен Венгрия 1:1 есебімен тарқасса, Португалия – Австрия матчында есеп ашылмады. Бұл жолы да Криш­тиану Роналдудың ойыны оншалықты мазалы болмады, сол себепті португалдар да аса бір басым­дық көрсете алмады. Жексенбі күні А тобындағы екі ойын ғана ойналды. Топтардағы матч­тар бірінші рет бір мезгілде басталды. Бұл кездесулердің нәти­желері бір-біріне әсер етпеу үшін жасалды. Міне, тап осы сәтте аз­ғантай сенсация өмірге келген сияқ­ты. Біз бұл жерде бұрыннан футболда өзіндік дәстүрі бар Румыния құрамасының Албаниядан 0:1 болып ұтылып қалғанын осындай күтпеген нәтижеге балап отырмыз. Осының салдарынан румындар соңғы орында қалды да, албандар келесі кезеңге баратын болып шыға келді. Осымен қатар өткен Швейцария – Франция кездесуінде мәселені оңынан шешіп қойған қарсыластар аса көп алқынуға бармады. Сондықтан оның есеп ашылмаған күйде аяқталғанына таңғалуға болмайтын шығар. Серік ПІРНАЗАР, «Егемен Қазақстан»
Соңғы жаңалықтар