ЖАПОНДЫҚТАР ЖАРҚЫЛДАП, БІЗ СӘЛ ЖАБЫРҚАП ҚАЛДЫҚ
Солдатсайындағы кеше таңертеңнен бастап, қабағы ашылмаған бұлыңғыр күн мұнда сайысқа түскен біздің спортшыларымыздың көңіл-күйімен үйлесіп тұрғандай болды. Еркін мәнермен 10 шақырымға жүгірген әйелдер біріншілігінде де, 15 шақырымда бақ сынасқан ерлер жарысында да Қазақстан шаңғышыларының жолы болмай, сәтсіздікке ұрынғанына жанкүйерлер қатты қынжылды. Жүлделі орынға таласады деп саналған біздің Елена Коломина мен Светлана Малахова-Шишкина тиісінше бесінші және алтыншы орындарға жайғасты. Светлана бұл сәтсіздікті шаңғы табанын майлайтын май құрамының дұрыс таңдалмауымен байланыстырды. «Барымызды салдық, амал не, шаңғымыз дұрыс сырғанамай қойды» деп қапаланды ол. Дәл осындай сәтсіздік біздің шаңғышыларымыздың басында 1996 жылы Харбинде болған екен. Қыздарымыз жіберіп алған есені жігіттер қайтарады деген үміт те ақталмады. 15 шақырымдық ерлер арасындағы еркін мәнердегі жарыс жолында жапондықтар ойқастай жарқылдап ерекше көзге түсті. Қашықтықты 49 минөт 31 секөнтте бірқалыпты жүріп өткен Йосида Кейсин алтын алқаны иеленді. Мәреге 27,5 секөнт кейін келген оның отандасы Нарусэ Нобу жеңіс тұғырының екінші сатысына көтеріліп, күміс медальді олжалады. Осыдан екі күн бұрын спринтерлік жарыста күміс медальға қол жеткізген, келесі күні Алексей Полторанинмен бірге командалық спринтте дес бермеген біздің Николай Чеботько жарыс жолын аса ауыр жүріп өтіп, зордың күшімен үшінші орынға ілікті. Әлбетте, қалың жанкүйердің күткені қола медаль емес еді. Оны Николайдың өзінің де олқысынғаны көрініп тұрды. Бірақ, бұл арада «Бақ шаппайды, бап шабады» деген сөз расқа шықты. Май құрамы дұрыс таңдалмаған қазақстандық спортшылардың шаңғылары тұтқыр тартып, өз мүмкіндіктерінен әлдеқайда төмен деңгейде өнер көрсетуіне себепші болғандай. Дей- тұрсақ та, жарыстардың алдағы үш күні әлі де талай тамаша табыстар, алтын-күміс медальдарды көптеп сыйлайды деп сенеміз. * * *СОЛДАТСАЙДАҒЫ ҚАР ФАБРИКАСЫ
Азиада кезінде Алатау бөктеріндегі ауа райы төртінші күні сыр берді. Сілбірей себелеген жанбыр басылып еді, қалың тұман түсті. Қолайсыздықтар осыдан шықты. Шымбұлақ пен Солдатсайдағы суперкомбинация, биатлон мен шаңғымен бағдарлаудан жарыстар тоқтатылып кейінге қалдырылды. Алматы төңірегінің аспаны биыл қыста қарға да сараңдық танытқан. Бірақ шаңғы спортының барлық түрлерінен жарыстар өтетін Шымбұлақ пен Табағанда, Солдатсай стадиондары мен трассаларында қардан таршылық болған жоқ. Себебі, бұл спорт нысандарының бәрінде де жасанды қар жасайтын қондырғылар, жалпақ тілмен айтқанда, қар зеңбіректері алдын ала орнатылып, іске қосылып қойылған болатын. Бір ғана Солдатсайды алайықшы. Қардың судан жасалатыны белгілі. Олай болса, осы мақсат үшін мұндағы шаңғы және биатлон стадиондарының қасынан 7000 шаршы метр алаңда арнайы тоған жасалды. Бұл жасанды көл таудың сарқырап аққан бұлақтарымен толығып, әркез 15 мың текше метр су кемеріне келе шүпілдеп тұрады. Көл суы құбырлар желісі арқылы стадиондарға, шаңғы трассаларына жеткізіледі. Әр тұсқа қар жасайтын генераторлар, яғни қар атқылайтын зеңбіректер орнатылып қойылған. Азиада басталардан көп бұрын Солдатсай стадиондарына жарты метрлік қар қабаттары айқара төселіп тасталды. Финляндиядан әкелінген осызамандық «Ретракт» маркалы тракторлар сол қарды нығыздап тегістеумен айналысады. Жасанды қар жасалуы осылайша жолға қойылған бұл үлгіні Солдатсайдағы қар фабрикасы дерсіз. Күн жылымық тартқан дәл қазіргідей шақтарда жұқалтаң тартқан шаңғы жолдары дереу жаңа қармен еселей толықтырылуда. Басқа-басқа, ал енді Азиада жарыстары Алатау бөк- терінде қардан кемдік көрмейді деп біліңіз. * * *АСЫҚПАЙТЫН АУҒАН
Азия ойындарында нелер қызықтар болып жатыр. 15 шақырымдық еркін мәнердегі шаңғы жарысында жапон жігіті Йосида Кейсин мәреге жақындаған шақта қайтадан келесі айналымға түсіп кетіп, алтын медальдан қағылып қала жаздады. Әйтеуір, қателік дер кезінде түзетіліп, оны қақпайлап әкеліп мәре жолына салды-ау. Әйтпесе, алтынды Кейсиннің адымын ашырмай ізіне түскен екінші жапондық Нарусэ Нобу алып кеткендей екен. Ал енді нақ осы жарыс жолында жұрт озып шығуға жанұшырып жанталасса, ауған жігіті Омар Рона мәреге жетуге онша асыға қоймады. Бірақ ол тамам жұртты тағы жарты сағат күттіріп, ақырғы келсе де, оған көрсетілген көрермендердің құрмет-қошеметі алтын алқа олжаланғандікінен асып-түспесе, кем болмады. Омардың олимпиялық жайбарақаттығы Солдатсай шаңғы стадионындағы қым-қуыт тірлікті кәдімгідей тоқтатып, кідіртіп тастады. Жарыстың соңғы қатысушысы мәреден өтпейінше, жеңімпаздарды марапаттау рәсімі де кейінге ысырыла тұрды. Әрі, бұған қоса, марапаттаушылар мен жеңімпаздар жүріп өтетін қызыл кілемше төселетін жерден шаңғы жолы өтеді екен. Сөйтіп, Азиаданың тамам халқы жалғыз Омарды күтуіне тура келді. Ол болса, қайнына келгендей-ақ, не болмаса Алатау қойнауларының көркін тамашалап сейілдеп жүргендей-ақ, асығар емес. Бірақ, Омардың сонысына қабақ шытқан жан болсайшы. Қалай десек те, «Ең бастысы – қатысу» деген спорттық қағидатты қалтқысыз ұстанған ауғандық жігіт 15 шақырымдық жарыс жолын жүріп өтті. Өз Отанының байрағын жамыла желбіретіп мәрені ақырғы қиған Омар Ронаны қолпаштаған Солдатсайдағы мыңдаған көрерменнің айқайы тау жаңғырықтырды. Қорғанбек АМАНЖОЛ.