• RUB:
    5.06
  • USD:
    508.05
  • EUR:
    534.82
Басты сайтқа өту
04 Ақпан, 2011

Бақ шаппайды, бап шабады

772 рет
көрсетілді

Ойды ой қозғайды. Осыдан бес жыл бұрын Италияның Турин қаласында өткен қысқы Олимпия ойындары кезінде елдің екінші қа­ласында 20 градус жылылықты көр­сетіп, ол шаңғышыларға көп ауырт­палық жүктеген еді. Алайда, биіктігі 3 мың метрден асатын Альпі таулары етегінде өтіп жатқан шаң­ғы жарыстары кезінде -2 -3 гра­дусты көрсетіп тұрды. Бір қызым бір қызымнан сорақы дегендей, Алматыдағы ауа райы +10 градустан асып 5 және 10 шақы­рымдық шаңғышылар жа­ры­сы кезінде Ал­ма­тының ақ жауыны то­лассыз сіркіреп кетті. Өкінішке орай, қыз­дары­мыз тағы да тобық­тай жапон қыз­дарының көлеңке­сінде қалып қой­ды. Жа­пон­­ның қос жұлдызы Ишида Масако мен Надсуми Мадока мәре сызығын бірінен кейін бірі қиып алтын мен күмісті қағып түс­ті. Үшінші орында Қытайдың қара қызы Ли Хонгкие, Елена Коломина мен Светлана Малахова төр­тінші, бесінші орындарды қа­на­ғат тұтты. Жарыс аяқталғаннан кейін С.Ма­лаховамен тілдесіп үлгердік. – Шаршағанымыз рас, алтын алмасақ та жүлдегерлер қатарына ілігеміз бе деп бар күшімізді са­лып едік. Амал бар ма, жапонның қос қызы бізден айласын асырып кетті. Шаңғы майлауда да кемшілік бол­ды ма деп ойлаймын, – деді ентігін баса алмай тұрған жерлесіміз. Біздіңше, мәселе шаңғы майлауда емес сияқты. Бұл жерде мәселе бапкерлердің қателігінде шығар. Жапон мен қытай қыз­дары Астана мен Алматыдағы Азия ойындары басталар кезде Әлем кубогының соңғы кезең­деріне қатысқан жоқ. Яғни, олар тактикалық жағынан ұтып, Қа­зақ­станға тың әрі сергек келді. Оның үстіне, жасыратыны жоқ, қыздарымыз шаршап қалған сияқты. Жастарының да келіп қалғанын назардан шығармаған жөн. Демек, оларға лайық ізбасарлар әзірлесек, ұтарымыз анық. Қыздар жарысында 8 жүйрік болса, 10 шақырымдық шаңғы жа­ры­сында 6 азаматымыз жарыс жо­лына шықты. Жаңбыр толастар емес. Ауа райының қолайсыз­дығы­на қарамастан жанкүйер­лердің ай­қайы Солдатсай аума­ғын күмбір­летіп жіберді. 5 ша­қы­рымда Алексей Полторанин 0,3 секөнтпен көш бастағанда қуа­нып едік. Тағы да жапонның қос жүйрігі Юшида мен Шимизу біраздан кейін Алексей мен Николай Чебатьконы шаң қап­тырып кетті. Әттең! Қолда тұрған ал­тын­нан тағы да айрылып қал­дық. Нәтижесінде Николай Чебатько екінші, Алексей Полторанин үшін­ші болып мәре сызығын қиды. – Ауа райының қолайсыз бол­ғаны белгілі, бірақ та жігіттер қанша талпынғанмен шаңғы майы сай келмей кібіртіктеп қала берді. Бүгін жігіттеріміз демала­ды, эс­тафетада есемізді жібермейтін шы­­­ғармыз, –  деп ағынан жа­рыл­ды жарыстан кейін Риддердегі да­рынды балаларға ар­нал­­ған спорт мектебінің дирек­торы, белгілі шаң­­ғышы Владимир Кнауб. Риддердегі спорт мектебінде қа­зір 150-ге жуық бала жат­ты­ғуда. Оның ішінде Үржардағы белгілі бапкер Қайникамал Жүсі­п­ованың бір­неше шәкірті білімі мен біліктілігін жетілдіріп жа­тыр. Жас­өспірімдер арасында әлем чемпио­натының жүл­де­герлері де көрінуде. Ендеше, берерін беріп, алғанын ал­ған шаң­ғышы қыз-жігіттерге сенім арта бермей, осындай талантты жас­тарға көңіл аударсақ, ұпайы­мыз түгел болары сөзсіз. Сонда ға­на қыс­қы спорт түр­лерінен қазақ елі Олимпия ойын­дарында көш со­ңын­да қа­лып қой­майтыны сөзсіз. Бұл енді барлық жанкүйерлердің жүре­гі­­нен шыққан тілегі. Сон­дықтан бапкерлер мен басшы­ларға осы ба­ғыт­та жұмыс істеп, еліміздің намы­сы үшін барын салатын кезі жетті деп ойлаймыз! Оңдасын ЕЛУБАЙ.