Кеше Астанада ТМД-ға мүше-мемлекеттердің денсаулық сақтау саласындағы ынтымақтастығы бойынша XXVI отырысы өтті.
Халықаралық деңгейде ұйымдастырылған шарада он мемлекеттің денсаулық сақтау министрлігі мен ұйымдарының өкілдері қатысып, қоғамдық денсаулық сақтау жүйесі мен медицина ғылымы салаларындағы өзара ынтымақтастықты дамыту мәселелері талқыланды. Сондай-ақ, алқалы жиында ЮНЭЙДС атқарушы директоры Мишель Сидибе мен ДДҰ Еуропа өңірлік бюросының арнайы өкілі Гайк Никогосян да төбе көрсетіп, ұлттар саулығын сақтаудың жайы туралы егжей-тегжейлі пікір алысты.
Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрі Тамара Дүйсенова жетекшілік еткен отырыста барлығы 18 мәселе қаралды. Негізінен, мұндай басқосулар арқылы әлем елдеріндегі денсаулық сақтау саласының соңғы жаңалықтарымен бөлісе отырып, тәжірибе алмасуға басымдық беріледі. Осы бағыттағы өзара әріптестікті үзіп алмай, керісінше, уақыт ағымына сай жандандыра түсу мақсатымен 1992 жылдың 26 маусымында ТМД елдерінің арасында арнайы Кеңес құрылған еді. Осы Кеңес құрамындағы елдердің көшпелі отырысының кезектісі Астанада ұйымдастырылды. ТМД құрамындағы әрбір елдің денсаулық сақтау министрі мен мемлекеттің бас санитар-дәрігері осы Кеңестің негізгі мүшесі болып табылатын басқосуға сала мамандары түгел жиналды.
Министр Т.Дүйсенова өз кезегінде АИТВ/ЖИТС-тің таралуы бойынша ескертуге бағытталған ортақ шараларды жүзеге асыру барысында Қазақстанға көрсеткен көмек шаралары үшін ЮНЭЙДС өкілдігіне және денсаулық сақтау мәселелері жөнінде консультациялық көмегі үшін ДДҰ Еуропалық бюросына алғыс білдірді. Сонымен қатар, алқалы жиында темекі өнімдерінің халық денсаулығына тигізетін кері әсері туралы ескерту шараларын жүргізу бойынша, алғашқы медициналық-санитарлық көмекті дамыту, жұқпалы емес ауруларды бақылау мен олардың алдын алу тетіктері, өзара тәжірибе және ақпарат алмасу жайы да сөз етілді. Осы мәселелерге қатысты ой бөліскен Мишель Сидибе БҰҰ Бас Ассамблеясының ағымдағы жылдың 8-10 маусымында Нью-Йоркте өткен ЖИТС-пен күрес мәселелері бойынша жоғарғы дәрежелі кеңесте бірқатар міндеттемелер алғандығын атап өтті. «БҰҰ-ға мүше-мемлекеттер Тұрақты даму мақсаттарының аясында 2030 жылға қарай ЖИТС эпидемиясын тоқтату шаралары жөніндегі жоспарды іске асыру бойынша міндеттемелер алғанын мәлімдеймін», деді ол өз сөзінде. Жиын соңында Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрі Мишель Сидибені Қазақстан халқы Ассамблеясының 20 жылдығына арналған төсбелгімен марапаттады. Айта кетейік, ТМД елдерінің денсаулық сақтау саласындағы ынтымақтастығы бойынша келесі отырыс 2017 жылдың сәуір-мамыр айында Қырғызстанда өтетін болды.
Нұрлыбек ДОСЫБАЙ,
«Егемен Қазақстан»