Алматыда Айгүл Медеулова есімді дәрігер туабітті саңырау балаларға күрделі ота жасау арқылы есту қабілетін қалпына келтіріп жүр. 1000-нан аса ота жасаған ол: «Әр операцияға алғаш рет жасайтындай үлкен жауапкершілікпен, терең сезіммен кіремін», дейді.
Медицинасы дамыған бірқатар елдерде біліктілігін арттырып келген Айгүл Рахманқызы – туабітті саңырауы бар балаларға кохлеарлы имплантант қою операциясын елімізде бірінші болып жүзеге асырған маман.
Көмей папилломасын алу операциясы республика бойынша осы уақытқа дейін құлақ-көмей ауруларына 1000-нан аса операция жасаған Айгүл Медеулованың тікелей өзі қатысуымен өткізіледі. Жас та болса, отандық медицинада 15 жыл жемісті еңбек еткен талантты дәрігердің біліктілігін байқатса керек.
– Бала кезімнен ойлаған мақсатымның бәрі тек қана дәрігер болу ғана екен. Бүгінде сүйікті жұмысыма өмірімнің 65 пайыз уақытын арнаймын. Бірақ мен оған өкінбеймін. Өзімнің жеке өмірімнен 10 пайыз болса да жоғары деп айтатыным, Құдайға шүкір, балаларым ересек, отбасым өзімді қолдап отырады. Осының арқасында болар, өзім көбіне жұмысқа ынта-ықыласыммен берілемін. Алдыңа әлсіз үмітпен келген науқас баланың тілін табу, оның ата-анасымен жылы қарым-қатынас орнату дәрігердің парызы ғана емес, қабілет-деңгейі де болса керек, өзім алдыма келген сырқатқа бар пейілімді арнаймын, – дейді дәрігер.
Айгүл Медеулова – медицина саласының үздігі, «Ақсай» республикалық клиникалық ауруханасы директорының орынбасары, мейірбан ана, өнерлі әріптес. Оның Тәңірдің өзі шипа дарытқан алтын қолдарымен жылына 100 балаға аса маңызды ота жасалып, жылына 100 сәби мына дүниенің сан алуан үніне қанығып жатады.
Қанат ЕСКЕНДІР,
«Егемен Қазақстан»
АЛМАТЫ