Бүгін Өзбекстан астанасы – Ташкент қаласында Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттер басшыларының саммиті өтеді. Оған Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев қатысады.
Жетекші ұйымның халықаралық сипатқа ие жиыны қарсаңында бізге Қазақстанның Өзбекстандағы Төтенше және өкілетті елшісі
Ерік ӨТЕМБАЕВПЕН аз-кем сұхбаттасудың сәті түсті.
– Ерік Мылтықбайұлы, биылғы жыл – ШЫҰ үшін мерейтойлы жыл. Себебі, ол өзінің 15 жылдық белесінен өтті. Бүгінде бұл ұйымға кіруге басқа да мемлекеттердің ниеттес танытуы байқалып отыр. Сіз ұйымның болашағы туралы не айтасыз? ШЫҰ кеңістігінің кеңеюі оның құзыретіне қаншалықты тиімді әсер етуі мүмкін?
– Иә, биыл ұйым өзінің 15 жылдық белесін бағындырды. ШЫҰ аясында атқарылған жұмыстардың маңызды нәтижелерінің бірі – бүгін қабылданатын Ташкент декларациясы, онда біз ұйымның одан әрі қарайғы даму жолдарын айқындауға тырыстық. Бұл, ең алдымен, ұйымға мүше елдердің өзара ықпалдастығына жаңа мүмкіндіктер ашады деп санаймыз.
ШЫҰ үлкен эволюциялық жолдан өтті. Біз «Шанхай бестігі» пішімінен үлкен өңірлік ұйым пішіміне қарай көшіп отырмыз. Өздеріңіз білетіндей, биыл ұйымға Пәкістан мен Үндістанның қосылу үдерісі жүріп жатыр.
Жалпы алғанда, бұл – дүниежүзі халқының шамамен 45%-ы осынау белді де беделді әрі жетекші халықаралық ұйымның мүшесіне айналып келеді деген сөз. Яғни, мұндай эволюциялық жол осындай интеграциялық үдерістің өңірде аса қажеттілік туындатып отырғанын байқатты. Қазақстан Президенті әрдайым терроризмге қарсы кең ауқымды коалиция құру туралы бастама көтеріп келгені белгілі. Елбасының БҰҰ аясында терроризмге қарсы коалиция құру туралы жақында көтерген бастамасы біздің Шанхай ынтымақтастық ұйымы үнқатысу алаңында әлемді алаңдатып отырған «күрделі құбылыстардың» алдын алуға және шешуге қауқары бар мықты ұйым құра алғандығымызды көрсетті.
Біз өңірлік қауіпсіздікке қатысты тетіктерден бөлек, экономикалық ынтымақтастық мәселелерін де талқы таразысына салып отырамыз. Мәселен, сауда-экономикалық бағытта ықпалдастық орнатуда арнайы жоба-жоспарлар әзірленіп, оның аясында жаңа нарықтар құруға барынша көп мән берілуде. Әлем халқының 45 пайызы – өте кең ауқымды алып жатқан нарық. Осы орайда, жаңа көлік дәліздерін дамыту және жандандыру бағытында үлкен мүмкіндіктер жасалып жатыр. Мәселен, қабылданатын Ташкент декларациясында бір жағынан көліктік әлеуетті, екінші жағынан жаңа көліктік-коммуникациялық жүйелерді дамытуға қатысты аспектілер қарастырылған.
Бұдан бөлек, экстремизмге және терроризмге қарсы тұру, есірткі бизнесіне қарсы күрес жүргізу бағыты бойынша өңірлік ықпалдастыққа айрықша назар
аударылып отыр. Осы ретте, алдағы уақытта Шанхай ынтымақтастық ұйымына Қазақстанның төрағалық етуі ұйымның қызмет ету тетіктерінің күшеюіне өзгеше серпін береді деп ойлаймыз. Біз, бұл орайда, жаңа қауіп-қатерлердің алдын алуға ықпал ететін жаңа әдіс-тәсілдерді жүзеге асыратын боламыз. Бір айта кетерлік жайт, ол біздің өзара әріптестігіміз үшін жаңа үнқатысу алаңдарын орнатуға күш салып отырғандығымыз. Себебі, мұндай қадам тек ШЫҰ-ға мүше елдерді ғана емес, басқа да көптеген халықаралық өңірлік ұйымды біріктірері сөзсіз.
Өздеріңіз білетіндей, АСЕАН, ҰҚШҰ, АӨСШК ұйымдары ШЫҰ-ға байқаушылар ретінде қатысады. Бұл орайда, ШЫҰ үнқатысу алаңының басым интеграциялық сипатқа ие екендігін айтуға болады. Сондықтан, келесі жолы Астанада болатын саммит кезінде тек осы ұйым шеңберінде ғана емес, басқа да халықаралық ұйымдар аясындағы ынтымақтастыққа ықпал ететіндей құнды құжаттар қабылданады деп ойлаймыз.
– Сіз ШЫҰ тек қана терроризм мен экстремизмге қарсы күш-жігер біріктіретін ұйым емес екендігін, оның экономикалық ынтымақтастыққа айрықша ықпал ете алатын тетігі бар екендігін айттыңыз. Демек, бұл болашақта мемлекеттер арасындағы тауар айналымы өседі дегенді білдіре ме? Экономикалық ынтымақтастықтың жаңа кезеңі қандай мүмкіндіктерге жол ашпақ?
– Сауда-экономикалық ынтымақтастық жоба-жоспары бірнеше тетікті қамтиды. Олар тек өзара сауда айналымын ғана күшейтпейді, сонымен қатар, инвестициялық ынтымақтастыққа тиімді негіз қалайды. Сол себепті де, Астана бірқатар маңызды бастаманы көтеріп отыр. Бұл бастамалар бізге банк секторы саласында ғана емес, инвестициялық ықпалдастық шеңберінде де өзара әрекеттесуге мүмкіндік беретін болады.
Міне, осы орайда, Астана 2017 жылы ЭКСПО көрмесін өткізіп қана қоймай, «Астана» қаржы орталығын құруды ұсынып отыр. Демек, ШЫҰ үнқатысу алаңы арқылы біз мемлекеттердің экономикалық, инвестициялық бастамаларын қолдап, қуаттауға мүмкіндік алатын боламыз. Біз үлкен бірлескен инфрақұрылымдық жобаларға жағдай жасап отырмыз. Бұл жобалар Ұлы Жібек жолын дамытуға да жол ашады. Қазақстан, бұл ретте, инвесторларға көп мүмкіндік жасауда. «Астана» қаржы орталығы тек ШЫҰ-ға мүше мемлекеттер үшін ғана емес, басқа да халықаралық ұйымдар үшін де маңызды үнқатысу алаңы болады деп ойлаймыз.
– Жалпы, инвестициялық әріптестікті жандандыру бағытындағы жұмыстар туралы не айтар едіңіз?
– Жақында Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттердің іскерлік қауымдастығы өкілдерінің жиыны болып өтті. Осы жиын шеңберінде банк секторы саласы өкілдерінің жеке кездесуі ұйымдастырылды. Кездесу аясында инвестициялық бағыттағы мәселелер талқыланып, бірлескен инфрақұрылымдық жобалар пысықталды.
ШЫҰ-ны қамтитын өңір өте үлкен. Себебі, жаңа бір сөзімде айтқанымдай, әлем халқының 45 пайызы осы өңірде қоныстанған. Демек, үлкен инвестициялық мүмкіндіктерге жол ашатын ауқымды үнқатысу алаңын құруда ШЫҰ-ның рөлі орасан дер едім.
– Елбасының XXI ғасырдың бірыңғай интеграциялық жобасына Еуразиялық экономикалық одақты, Жібек жолы экономикалық белдеуін және Еуропалық одақты біріктіруге бағытталған «Үлкен Еуразия» идеясы туралы ойыңыз қандай? Оның ШЫҰ-мен, Еуразиялық экономикалық ынтымақтастық тетіктерімен қандай да бір байланысы бар ма?
– Өңірлік ынтымақтастық барлық пішімдегі әріптестікті қамтиды. «Үлкен Еуразия» пішімі – өте өзекті. Себебі, біз жаңа көлік дәліздерін құруды қолға ала бастадық. Ең бастысы, біз инвестициялық, инфрақұрылымдық жобаларға көп көңіл бөліп келеміз. Сондықтан, Ұлы Жібек жолы идеясы, бірыңғай экономикалық белдеу құру идеясы бізге мәселеге басқаша қырынан келуге, сондай-ақ, біздің өңірімізде қолға алынатын жаңа жобаларға негіз болады деп санаймын.
Қазақстан «Нұрлы Жол» бағдарламасы тетігін іске қосу арқылы біздің дұрыс жолда екендігімізді өз тәжірибесімен көрсетіп берді. Бұл мәселеде біз көптеген елге жақсы негіз қалап бердік деп ойлаймыз. Аталған бағдарламаның инвестициялық тартымдылығын ескеріп, көптеген мемлекет оның аясында жүзеге асырылатын жобаларға инвестиция құюға мүдделі болып отыр. Олардың арасында тек ШЫҰ елдері ғана емес, сондай-ақ, Еуропалық одақ мемлекеттері, Азияның инфрақұрылымдық-қаржылық институттары бар.
Біз ШЫҰ-ның алдағы уақытта Астанада өтетін саммитінде сауда-экономикалық бағыттағы даму жобаларына қатысты нақты тетіктерді қарап, талқылайтын боламыз. Бұл өңіріміздің жандануына жаңаша серпін береді деп ойлаймыз.
– Қазіргі таңда ШЫҰ тетігінің күшейіп келе жатқандығы жөнінде жиі айтылады. Оған бүгінге дейін Пәкістан мен Үндістан секілді елдердің мүше болуға айрықша талпыныс танытқанын қосыңыз. Бүгінде ол талпыныстың нәтижесі де жоқ емес. Мұның бұған дейінгі «Шанхай бестігі» пішімінің сапалық тұрғыда кеңеюіне қаншалықты оң ықпал етуі мүмкін?
– Қазақстан Президенті үлкен интеграциялық бастамаларды көтерді. Мәселен, Еуразиялық экономикалық одақ – еуразиялық тұғырнамада көптеген елдің басын біріктіретін үлкен алаң. Қазақстан өзге елдерге саяси тұрақтылықты насихаттап, интеграциялық үдерістердің қалай дамуы кажеттігін көрсетіп берді. Ал Пәкістан мен Үндістанның ШЫҰ-ға мүше болуға мүдделілік танытуы дамуға жақсы негіз қалаған «Шанхай бестігі» жолының эволюциялық сипатқа ие болып отырғанын көрсетеді.
Қорыта айтқанда, алдағы уақытта Қазақстанның ШЫҰ-ға төрағалығы кезінде біз ықпалдастықтың жаңа пішімін көрсететін боламыз. Мұның мемлекеттер арасындағы өзара әріптестікке жаңаша серпін беретіні күмәнсіз.
Әңгімелескен
Ләйла ЕДІЛҚЫЗЫ,
«Егемен Қазақстан»
Өзбекстан Республикасы,
Ташкент қаласы