Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Қазақстан халқына арнаған «Болашақтың іргесін бірге қалаймыз» атты Жолдауынан туындайтын міндеттерге сәйкес еліміздің 2011 жылға арналған бюджеті әлеуметтік салаға бағдарланған бюджет болмақ. Бұл туралы Премьер-Министр Кәрім Мәсімовтің қатысуымен өткен Қаржы министрлігінің 2010 жылғы жұмыс қорытындылары және 2011 жылға арналған міндеттері туралы кеңейтілген алқа мәжілісінде Қаржы министрі Болат Жәмішев мәлімдеді.
Баяндамашы алдымен өткен жылғы бюджеттің атқарылуы туралы баяндады. 2010 жылы мемлекеттік бюджетке 4 388,8 миллиард теңге қаржы түскен, бұл жоспардың 105,7 пайызын құрайды. Осы орайда республикалық бюджетке 3 729,2 миллиард теңге немесе жоспардың 106 пайызы көлемінде қаржы құйылған. Министр салықтың барлық негізгі түрлері бойынша түсімдер жоспарлы межеден асып түскенін атап көрсетті.
Ел экономикасының өсу қарқыны өткен жылы алдын-ала белгіленген межелерден асып түсіп, бюджетті қалыптастыру және нақтылау кезінде артық қаржы көздерін іздестіруге тура келді. Солай бола тұрса да, сақталып отырған макроэкономикалық тәуекелдер жағдайында бюджет түсімдерін жоспарлау кезіндегі консервативтік көзқарас өзін толығымен ақтады. Мемлекеттік бюджеттің шығыстары 4 934,1 миллиард теңгені құрады немесе 98,3 пайызға атқарылды. Республикалық бюджет шығыстары 4 284 миллиард теңге немесе жоспардың 9,1 пайызына атқарылды. Бюджеттің атқарылуы барысында 37,5 миллиард теңге игерілмей қалды. Алайда бұл 2009 жылмен салыстырғанда 22,6 миллиард теңгеге төмен. Мемлекеттік бюджеттің тапшылығы 527,3 миллиард теңгені, республикалық бюджет бойынша 554,8 миллиард теңгені құрап, болжалынған ішкі жалпы өнімнің 2,7 пайызы деңгейінде қалыптасты. Бұл межеленген жоспардан 248,8 миллиард теңге аз.
Министр есепті баяндамасында мемлекеттік шығындардың тиімділігін арттыру және бюджет шығыстарының ысырапшылдығын азайту мәселелеріне ерекше тоқталды. 2010 жылы бюджеттік инвестициялық жобаларды іске асыру барысында бастапқы құны 1 990,6 миллиард теңгеге жоспарланған 377 инвестициялық жобаның 45-і бойынша 169,8 миллиард теңге немесе бастапқы құнының 9,1 пайызға қымбаттауына жол берілген. Мәселен, денсаулық сақтау және білім беру саласындағы бір-текті құрылыс нысандарының кейбірінің бағасы 3,3 есе қымбаттаған. Түркістан қаласындағы 200 адам қабылдауға арналған 60 төсектік туберкулезге қарсы аурухананың құрылысында осындай кемшіліктер орын алса, Алматы қаласындағы «Балалар хирургиясы және педиатриясы ғылыми-зерттеу орталығына» қарасты 150 төсектік емдеу корпусының, Көкшетау қаласындағы перзентхананың 50 төсектік бала туу корпусының құрылыстарының бастапқы бағасынан 1,2 есе қымбаттауға жол берілген. Бюджеттік инвестициялық жобалардың қымбаттауына жол бермеу мақсатында Қаржы министрі оларды бюджетке енгізу кезінде басты талаптардың бірі ретінде техникалық-экономикалық негіздеме ғана емес, жобалау сметалық құжаттардың болуын да нақтылау міндетін ұсынды.
Қазіргі таңда «Мемлекеттік сатып алу туралы» заңды жетілдіру ерекше маңызға ие болып отыр. Бұл заң негізінен ЮНИКСТРАЛ типтік заңының талаптарына сай халықаралық нормаларға негізделіп құрылу керек. Заң жобалардың қымбаттауы мүмкін болған жағдайда міндеттемелерді реттеу барысында халықаралық стандарттарға сәйкес шараларға жүгінуді көздейді. Құрылысы 3 қаржы жылына созылып кеткен нысандар бойынша екінші қаржы жылында шарттарға сәйкес жобаның қалыптасқан жаңа құны бойынша алдын-ала түзетулер енгізілуі керек.
Есепті кезеңде бюджеттің ашықтығы бойынша жүргізілген халықаралық рейтингте Қазақстан төмен көрсеткіштерге ие болды. Бұл ретте бюджеттің ашықтық сипатын арттыру үшін қандай да бір жаңа заңнамалық актілер қабылдау талап етілмейді, тек қоғам үшін түсінікті форматта бюджеттің атқарылуы туралы ашық ақпаратты жариялау талап етіледі. Халықаралық тәжірибеде мұндай іс-тәжірибе азаматтық бюджет деп аталады. Осыған сәйкес Қаржы министрлігі жақын арада 2010 жылғы бюджеттің атқарылуы туралы жалпы халыққа түсінікті негізде ақпараттар тарататын болады. Бұл тәжірибе алдағы уақытта қоғамдық бірлестіктердің қатысуымен одан әрі жетілдірілмек. Министрліктің сайтында осы ақпан айында бюджеттік қаржылардың атқарылуы тұрғысындағы негізгі бағыттарды көрсететін «Азаматтық бюджет» атты ақпараттық бөлім ашылады. Сонымен бірге Салық комитеті де барлық заңды тұлғалардан алынатын салық түсімдері туралы ақпаратты жариялауды жоспарлап отыр.
Өткен жылдың ортасында бюджет заңнамасына бюджет шығыстарын ағымдағы бақылауға қатысты өзгерістер енгізілген болатын. Бұл ретте үш жылғы дебиторлық берешекті талдау барысында еліміздің дебиторлық берешегінің өскені анықталды. Атап айтқанда, 2011 жылғы 1 қаңтарға дейінгі дерек бойынша дебиторлық берешек өсімі бұрнағы жылмен салыстырғанда 50 пайыздан асып, 46,7 миллиард теңгеден 70,4 миллиард теңгеге дейін өскен. Осыған байланысты бюджеттік шығындарға қатаң бақылау жасау жөнінде қосымша шаралар белгіленуі керек. Министрлік қанатқақты негізде «қазынашылық-клиент» электронды құжат жүйесін дамытуды қолға алды. Қазынашылық комитеті Астана, Алматы қалаларында және Ақмола облысында қанатқақты негізде техникалық жарақтандырудың қажетті мүмкіндігі бар мемлекеттік мекемелерде «қазынашылық-клиент» электронды құжат айналымы жүйесін енгізу жөніндегі жұмыстарды жүргізіп келеді. Елімізде 2011 жылдан бастап іске асырылатын жаңалықтың бірі орталық және жергілікті атқарушы органдардың қызмет жүйесін бағалауды жетілдіру болып табылады.
Есепті кезеңде Қаржы министрлігі тарапынан мемлекеттік мүлікті пайдалану тиімділігіне де ерекше назар аударылғандығы айтылды. Осы орайда жүргізілген тексерістер барысында анықталған тиісті мақсаттарға немесе мүлде пайдаланылмайтын мемлекеттік мүлік сатылуға тиіс. Немесе есептен шығарылып, қайта бөлінуі керек. Мәселен, мемлекеттік аппараттың штат санын қысқарту мемлекеттік органдар иеленіп отырған кеңсе алаңдарының қысқаруына және оларды ұстауға жұмсалатын шығындардың азаюына әкеліп соқтырған жоқ. Керісінше, алдын-ала жүргізілген тексеріс деректері бойынша өткен жылы кеңсе алаңдары 75833 шаршы метрге артып кеткен.
Алқа мәжілісінде Қаржы министрлігіне қарасты Салық комитетінің төрағасы Дәулет Ерғожин, Кедендік бақылау комитетінің төрағасы Қозы-Көрпеш Кәрбозов, қаржы қадағалау комитетінің төрағасы Мұхтар Бейсембаев аудиторлық қызмет, қаржылық есеп және бухгалтерлік есеп методологиясы департаментінің директоры Арман Төлеуов және басқалар есеп берді. Негізгі баяндамашы және қосымша есеп берушілер атап көрсеткендей, 2010 жылы салық салу және салық жүйесінің тиімділігін арттыру жөніндегі жұмыс одан әрі жалғасын тапқан. Жалпы алғанда 2005-2010 жылдар ішінде экономикалық салық жүктемесі шамамен бір деңгейде сақталып отыр. Бұл орайда салыстырмалы түрде алғанда экономиканың шикізаттық емес саласына салынатын салық жүктемесі біршама азайған. Мәселен, 2005-2010 жылдар аралығында шикізаттық емес саладағы салық жүктемесі 2005 жылғы 20,9 пайыздан 2010 жылғы 12,1 пайызға төмендеген. «Doing Business-2011» рейтинг агенттігінің зерттеулері бойынша әлемдегі 183 елдің ішінде Қазақстан Ұлыбритания, Норвегия, Ресей, АҚШ, Германия және басқа да дамыған елдерді басып озып, 37-ші орынға шықты. 2010 жылы кедендік ресімдердің жүктемесін төмендету және олардың тиімділігін арттыру мақсатында да елеулі жұмыстар атқарылды. Атап айтқанда, бұл салаға интеграцияланған бақылау жүйесі енгізілді. Енді кедендік бақылау комитеті көліктік, мал дәрігерлік-санитарлық және өсімдіктер карантинін бақылау функцияларын орындайды. 2010 жылғы 1 шілдеден бастап Кеден одағы және еліміздің жаңа кедендік заңнамаларының күшіне енуіне байланысты тауарларды кедендік тексерулер кезінде кеден органына декларант беретін міндетті құжаттардың тізбесі 3 негізгі құжатқа дейін қысқартылды. Кеден шекараларында кедендік бақылаудан өту уақытын қысқарту үшін экспорт-импорттық операциялар «бір терезе» қағидатымен жүзеге асырылатын болды.
Қаржы министрлігінің алқа мәжілісін Үкімет басшысы Кәрім Мәсімов қорытындылап, халықаралық қаржы саласында қалыптасып отырған күрделі жағдайда атқарған еліміздің қаржы саласының жұмысына қанағаттанарлық баға берді. Өз сөзінде Премьер-Министр Қаржы министрлігінің алдында тұрған негізгі міндеттерді де саралап өтті. Кәрім Мәсімов еліміздің тұрғындарынан салық және кеден органдарының жұмыстарына байланысты көптеген хаттар мен шағымдардың өзінің жеке блогына келіп жататынын айтып, осындай шағым хаттардың бір парасын мәжіліс үстінде Болат Жәмішевке тапсырды. Әрбір хаттың артында адам тұрғандығын ерекше ескерте келіп, Үкімет басшысы бұл хаттарға дер кезінде толық әрі нақты жауап берілуін талап етті.
Елбасының биылғы Жолдауынан туындайтын міндеттер қаржылық тұрғыда қосымша шығындар қарастыруды талап етеді. Осы ретте Премьер-Министр халықты жұмыспен қамту мәселесіне ерекше назар аударды. Бұл мақсатта таяу уақытта арнайы бағдарлама қабылданатынын айтып, оны қаржылық тұрғыда негіздеу керектігін тапсырды. Халқымызды барынша жұмыспен қамту мақсатында бұрын өз тиімділігін көрсеткен тәжірибелерді, атап айтқанда, дағдарысқа қарсы іс-қимыл шаралары барысында жүзеге асырылған «Жол картасы» тәжірибесін кеңінен пайдалану керек. Сонымен бірге Премьер-Министр сала қызметкерлерінің алдына мемлекеттік шығындардың тиімділігін арттыру, бюджеттік қаржыны пайдалануда ыждағаттылық көрсету, қаржылық бақылау тиімділігін арттыру мәселелеріне байланысты нақты тапсырмалар беріп, кешенді міндеттер жүктеді. Еліміздің алдағы даму бағдарламасында да макроэкономикалық тұрақтылық басты басымдық болып табылады. Сондықтан экономиканың негізгі салаларын қаржымен қамтамасыз ету – ел әлеуетін арттыру мақсатындағы маңызды да шешуші міндеттердің бірегейі бола бермек, деп түйіндеді өз сөзін Премьер-Министр Кәрім Мәсімов.
Жылқыбай ЖАҒЫПАРҰЛЫ.