Найзағайдан шопан отарынан 300-ге жуық қой опат болды
Қырғызстандағы Turmush.kg басылымының хабарлауынша, Джалал-Абад облысы, Ақсый ауданында найзағай соғудың салдарынан 300-ге жуық қой қырылып қалған.
Аталған басылымның ақпаратына сүйенсек, шопан 600 бас уақ малды Кашка Суу жайылымына жеткізуі керек болыпты. Алайда, ол діттеген жеріне жете алмай, қойларды Суук-Добо асуына әкеп иірген. Міне, сол-ақ екен, ауа райы тез бұзылып, дүлей дауыл тұрып кеткен. Соның салдарынан шелектеп жаңбыр құйып, найзағай ойнаған.
– Кашка Суу жайылымына жету үшін кемі екі күн жүресің. Жолай үлкен асудан өту керек. Ал осы белеске таяғанда ауа райы құбылды. Мен екі көмекшіме шатыр құруды тапсырдым. Қойларды бір жерге жинадық. Сол кезде найзағай малдарға түсті. Салдарынан 120 бас қой қырылды, – дейді шопан. Ал куәгерлердің айтуынша, мұнан бөлек, 145 бас мал аспанның күркіреуі мен найзағайдың ойнауынан қорқып, асудан секіріп кеткен. Кейін малшы 115 қойдың өлі денесін тауып алған.
Айта кетейік, мал Таш-Кумыр қаласы мен Ақсый ауданының фермерлерінікі екен. Осы орайда мал иелері шопанға ешбір кінә артпайтынын, құнын төлетпейтінін жеткізіпті.
Талғат РАЙЫМБЕК,
«Егемен Қазақстан»