2017 жылы Алматыда өтетін қысқы Универсиадаға дайындық және өткізу дирекциясы басшысы Наиль Нуров бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерімен кездесуі барысында қаланың 64 елдің спортшылары мен делегаттарын еркін қабылдай алатынын айта келіп, іс жүзінде олардың қатары 50 елмен шектеліп қалуы ықтимал екенін атап өтті.
«Біз Алматының Универсиада кезінде 64 елді қабылдай алатынын айта аламыз. Бұл – ең жоғары көрсеткіш. Біздегі атлеттер қалашығының, спорттық нысандардың, транспорт және логистикамыздың 64 елдің 5000-ға жуық спортшысын қабылдауға мүмкіндігі жетеді», – деді Наиль Нуров.
Кездесуде ол бұған дейінгі рекордтық көрсеткіш Эрзурум қаласында тіркелгенін тілге тиек етті. Эрзурумде 52 елдің студенттері Универсиадаға қатысқан екен. «Ойындар Еуропада өткен кезде логистиканы жеңілдететіні рас. Еуропада Универсиадаға қатыспайтын ел жоқ. Біз Эрзурумнің рекордын жаңартуға ұмтылдық. Бірақ әлемді жайлап отырған экономикалық қиын жағдайлар оның орындалуына кедергі болды. Бізге 64 елден емес, 50 елдің спортшылары келуі мүмкін деп жобалап отырмыз. Бірақ тіркелу жұмыстары аяқталған жоқ. Жыл соңына дейін уақыт бар», – деді дирекция басшысы.
Наиль Нуров Ұлттық студенттер спорты федерацияларының Универсиадаға қатысуын қамтамасыз ету Халықаралық студенттер спорты одағының (FISU) қарауында екеніне де тоқталды. «Біз осы мәселе бойынша FISU көмегіне және Қазақстан ұлттық спорттық студенттер одағының көмегіне жүгінеміз», – деді ол.
Мәлім болғандай, FISU регламенті бойынша қатысуға мүмкіндік беретін аккредитацияға өтініш жіберу 2016 жылдың 29 қаңтарынан 2017 жылдың 29 қаңтарына дейін жалғасады.
Айта кетейік, Универсиадаға аккретизациялаудың бірінші кезеңінде 64 ел қатысуға өтініш білдірген. Екінші кезеңде қатысушы ел команда тізімі мен спорт түрлері, спортшылар мен ресми адамдардың саны нақтылануы тиіс.
Дамир ҚОЖАМҚҰЛ