Елбасымыз «Қазақстан жаңа жаһандық нақты ахуалда: өсім, реформалар, даму» атты Жолдауында: «Біз – азаттық туын желбіретіп, Тәуелсіз мемлекет атанғанымыздың 25 жылдығына аяқ басамыз. Бұл – Тәуелсіздікті нығайту жолындағы өлшеусіз еңбегіміздің ширек ғасырлық белесін қорытындылайтын мерейлі сәт», – деп атап көрсетті. Алдымызда дамыған озық 30 елдің қатарына кірумен бірге «Мәңгілік Ел» идеясын іске асыру секілді толағай міндеттер тұр. Өткенге ой жүгіртсем, Тәуелсіздік алғаннан бергі кезеңде не атқардым, елімнің өркендеуіне қандай үлес қостым, деген сауал кес-кестейді. Иә, егемендіктің елең-алаң шағында күрмеуі көп көптеген экономикалық қиындықтарға кезіккеніміз рас. Оның бәрі кешегідей көз алдымызда. Мемлекет басшысының тура жолдан адастырмай, алға жетелеуінің арқасында ширек ғасырлық мерейтойға да жетіп отырғанымызға шүкіршілік дейміз.
Сол кездері құрылған «Бабық-Бұрлық» ЖШС-і бүгінде облыстағы ірі астық шаруашылықтарының бірі. Біз де тәй-тәйләп өскен сәби құсап өсу, толысу, тәжірибе жинақтау кезеңдерін бастан кешірдік. Алғашқы қадамымызды кеңестік дәуірден қалған ескі «Нива», «Енисей» комбайндарымен, «ДТ-75», «Т-4», «Т-40», «ЮМЗ-6» тракторларымен бастадық. Қазір «ҚазЭкспортАстық» холдингінің құрамында жұмыс істеп жатқандықтан қолдау көрсетіледі.
Серіктестіктің иелігінде 25 мың гектар егістік пен жайылым бар. Жыл сайын дәнді және майлы дақылдар, біржылдық және көпжылдық мал азықтарын өсіріп, мол өнім алып келеміз. Астықтың гектар берекелігін 30 центнерге дейін жеткізген тұстарымыз болды. Шаруашылықта өндіріс көлемін арттыру мақсатымен техникалық қайта жарақтандыруға, қор үнемдеу технологиясын енгізуге, минералды тыңайтқыштарды және өсімдік қорғау заттарын тиімді пайдалануға айрықша көңіл бөлінеді. Біздің мамандарымыз АҚШ, Канада, Германия секілді өркениетті елдерге барып, өндірістік тәжірибеден өтті. Сөйтіп, астық өндірісінің нөлдік технологиясымен жұмыс істеу тәжірибесін үйреніп келді. Соңғы жылдары сыйымдылығы 13500 тоннаға жетеғабыл 9 астық сақтайтын қондырғы іске қосылды. Серіктестіктің ғимараты мен машина-трактор паркін, наубайхана мен ауылдық клубты жылыту үшін заманауи қазандық орнатылды.
Кейінгі уақытта мал шаруашылығын дамыту бағдарламасына белсене атсалысып келеміз. Компанияның қаржылық қолдауымен қазақтың етті ақбас сиырлары сатып алынды. Тұқым шаруашылығы мәртебесін иеленіп, мал басы екі мыңға жетті. Канададан 10 герефорд асылтұқымды аталық мал әкелінді. Мал сою және қолдан ұрықтандыру қосындары жұмыс істейді.
Серіктестік жекеменшік-мемлекет әріптестігі аясында шаруашылық аумағындағы мектептерге жыл сайын жөндеу жұмыстарын жүргізіп, оқушыларды тегін тамақпен қамтамасыз етеді. Төменгі Бұрлық ауылындағы дәрігерлік амбулатория қалпына келтірілді. Агроқұрылымның күшімен балабақша, Мәдениет үйі қалпына келтірілді. Жақсы Жалғызтау ауылында қоғамдық монша іске қосылды. Жастар үшін дәмханасы бар жазғы би алаңы ашылды. Жаңа стадион, «Арлан» жабық мұз айдыны, ауыл тұрғындары демалатын «Конституция алаңы» пайдалануға берілді.
Қат-қабат тіршіліктің жетегінде жүрсек те, ауылдықтардың әлеуметтік мәселелерін назардан тыс қалдырмаймыз. Жылыжайларда көкөністер өсіріліп, тұрғындар мен балабақшаға, мектепке қолжетімді бағамен босатылады. Бір сөзбен айтқанда, ел игілігі үшін атқарылып жатқан азды-көпті жетістіктерге бостандықтың ақ таңының арқасында қол жеткізгенімізді зор бақыт санаймыз. Келешекке кемел қадаммен баса отырып, ел ризығын еселей түсуге барлық күш-жігерімізді жұмылдыратын боламыз.
Сейілбек МАХМЕТОВ,
«Бабық-Бұрлық» ЖШС
директоры, «Құрмет» орденінің иегері
Солтүстік Қазақстан облысы,
Айыртау ауданы