Қасиетті Рамазан айында және Астана күнін мерекелеу қарсаңында Қарағанды облысының Шахтинск қаласында 26 отбасы жаңа баспанаға ие болды. Ұзақ жылдардан бері кезекте тұрғандарға қала әкімі Сержан Аймақов пен қалалық мәслихаттың хатшысы Жамала Мамерханова пәтерлердің кілтін табыстады.
Естеріңізде болса, Елбасымыз Н.Назарбаев Қазақстан халқына жолдаған «Нұрлы Жол» бағдарламасында қолжетімді тұрғын үй құрылысын қайта қарастыруды және қазақстандықтарды қолжетімді, арзан баспанамен қамтамасыз етуді тапсырған болатын. Мемлекет басшысының бұл тапсырмасы біздің қаламызда да жүзеге асырылуда. Ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар, мүгедектер, көп балалы отбасылар, ардагерлер және бюджет мекемелерінің қызметкерлері қала басшысының табыстаған пәтер кілтін қуанышпен қолға алып, қоныс тойын тойлауға асықты.
Осы күні салтанатты шараға жаңа пәтерге ие болғандардың жақын-жуықтары, дос-жарандары да қатысып, қуаныштарына ортақ болды. Қала әкімдігінің ғимараты тұрғындарға толды. Тұла бойын билеген шаттық сезімдерімен бөліскен тұрғындар жаңа баспаналарын көруге асықты. Тіпті, кейбір отбасылар жаңа пәтерлерін жарқыраған жиһаздармен толтыруды ойластырып қойыпты.
Қоныс тойын тойлағалы отырған жаңа пәтер иелеріне «Сіздер осы күнді ұзақ күттіңіздер. Елбасының тапсырмасына сәйкес, Қазақстан Республикасының Үкіметі өңірлерді дамытудың 2020 жылға дейінгі бағдарламасын әзірлеп, тұрғын үйге мұқтаждарды баспанамен қамтуға көңіл бөлінді. Қасиетті Рамазан айында бүгін Елбасының қолдауымен жаңа баспанаға ие болып отырсыздар. Жаңа үйлеріңіз сәбилердің күлкісіне толсын, береке-бірлік арылмасын», – деді қала басшысы Сержан Жаңабекұлы.
Біз жаңа пәтерге ие болғандардың кейбірін әңгімеге тарттық.
Надежда Аюханова, Ұлы Отан соғысының ардагері:
– Көп жылдан бері жекежайда тұрып келдім.Тозығы жеткен баспанамнан жаңа үйге көшетініме қуаныштымын. Еліміздің көшбасшысы, халқымыздың қамқоршысы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевқа шексіз алғысымды айтамын. Алланың нұры жаусын.
Назым Барлыбай, жас отбасы мүшесі:
– Қаламыздың 30-шы орамындағы қызғылт сары түсті дербес тұрған көп қабатты тұрғын үйден маған да пәтер берілгендігіне бақыттан басым айналып тұр. Жаңа пәтерге ие болсам ғой, балаларым үйімізде асыр салып ойнаса екен деп көп армандушы едім. Рамазан айында Алла тағала тілегімді қабыл етті. Елбасымыз отбасымның қаншалықты риза екенін білсе ғой.
Роза Қапар, көп балалы ана:
– Балаларым бүгін бақытты. Осы күнді аңсап, асыға күткен болатын. Мемлекет басшысына аналық ақ тілегімді жаудырамын. Еліміз тыныш, мерекелі болсын, баспанаға мұқтаж өзге де жанұялар жаңа үйге қол жеткізіп, қоныс тойын тойласын.
Аманкелді ТҰРЖАНОВ,
журналист
Қарағанды облысы