• RUB:
    4.98
  • USD:
    516.93
  • EUR:
    542.52
Басты сайтқа өту
04 Ақпан, 2011

Дүбірге толы дүние

374 рет
көрсетілді

ПАРЛАМЕНТТІҢ ӨЗ ІСІМЕН АЙНАЛЫСҚАНЫ ЖӨН Қырғыз Республикасының президенті Роза Отунбаева Жогорку кенештің отырысында сөз сөйлеп, парламенттің саяси ойынмен айналыспай, өзіне тән заң шығару міндетін ат­қарғаны жөн екенін атап көрсетті. Олай бол­ма­ған жағдайда, ол «мемлекет бас­шы­сы, конс­ти­ту­цияның кепілі ретінде, ха­лық­ты бөлшектеуге, мемлекетті күй­ретуге жол бермейтінін» мә­лім­­деді. Және бұл сөз реті келгенде айта салғандай емес, нақ­ты дәлелмен, батылдықпен, жұрт­­қа мықты әсер қалдыр­ған­дай сеніммен айтылды. Ел ба­сы­на туған сын кезеңде парламент өзіне жүктелген міндеттерді орындау орнына, саяси ойын­мен әуестенер болса, халық оны таратуды талап ететінін, ал өзі оны орындайтынын ескертті. Мұндай мәлімдемені президент Отунбаева Жогорку кенеш­те 2010 жылғы маусымда Ош және Жалалабад облыстарын­да­ғы ұлтаралық шиеленістің се­беп­терін анықтау жөніндегі ко­мис­сияның баянда­масын парламент ұзақ талқылап, онда кешегі билік дағдарысы кезінде жұмыс істеген Уақытша үкі­меттің аты­на көптеген сын ай­тылып, ел басына туған қиын­дықтарды со­ған аударғысы келген пиғыл­дар­ға байланысты жасады. Ұлттық комиссияны басқар­ған Әбдіғани Еркебаевтың баян­да­масында Уақытша үкіметтің мү­шелері Кенешбек Дүйшебаев, Болот Шерниязов, Исмайыл Иса­ков, Әзімбек Бекназаров­тар­дың аттары аталып, оларға ай­тар­лықтай айып тағылған. Парламенттегі көпшілік орны бар «Атажұрт» партиясының көсемі Қамшыбек Тәшиев «Уа­қытша үкі­мет жауапқа тартылсын» деген ұран тастады. Уақытша үкі­метті айыптау – Бакиев билігі тәртібін ақтау деген сөз. Президент Отунбаева елде ескіні қай­та орал­туды көз­дейтін, Уа­қыт­ша үкіметтің жұ­мы­сын жоққа шы­ғарғысы келетін, оның шешімдерін қайта қарағысы келетін күш­тер­дің бар­лығын ай­тып, оған жол берілмейтінін ескертті. Ескі тәртіп күйреп, президент пен үкімет елден қашып кеткенде, Уақытша үкімет бар жауапкершілікті өз мойнына алып, қиын-қыстау кезде жұмыс істегенін президент атап көр­сет­ті. Мұндай кезде кемші­лік­тердің де болатыны бар, оған да тү­сіністікпен қараған жөн. Роза Отунбаеваның парламенттегі сөзі белгілі дәрежеде бі­раз қайраткерлердің екпінін басқаны анық. Шын мәнінде сая­си пар­тиялардың бас­шы­лары әрең дегенде жұмысқа кіріскен парламентті бұрын­ғы­дай саяси айтыс алаңына ай­нал­­дырғысы, ал әупіріммен құ­рыл­ған үкіметті ондағы өз­де­рінің өкілдері ар­қылы қол­шоқпарға ай­нал­дыр­ғы­сы келетін сыңайлы. Сон­дықтан да олар­дың елді жаңа қа­сіретке ұшы­ратпауының бірден-бір жо­­­лы сол айтыс алаңынан айыру еке­нін ескертуі президенттің ба­тыл қа­дамы деп бағалаған жөн-ақ. Қазір елде тұрақтылық ор­нықтыру үшін де оған заңдық негіз керек. Оны жүзеге асы­ратын парламент. Сол заңдық не­гіздің жоқтығынан елде ұй­ым­дасқан қылмыс етек алып отыр. Ал олармен күресуге міндетті құқық қорғау орындары адам­дарының өзі заңға қайшы әрекет жасайды. Біраз жерде олардың зорлығына ұшыраған жастар Ауғанстандағы жасақ­шы­ларға барып қосылған көрі­неді. Олар елге қарумен оралуы мүмкін, дейді президент Отунбаева. Ұйымдасқан қыл­мыс­пен кү­рестің қазір ел үшін шешуші маңызы бар. Соған бай­ланысты заң да әзірленіп жатқан көрінеді. Бірақ ол парламент тарапынан қолдау таппаған. АРАБ ӘЛЕМІНІҢ КӨШБАСШЫ ЕЛІ ЖОЛАЙРЫҚТА Египет революция отына оранған. Каир көшесіне 2 миллиондай халық шығып, билікке қарсылығын білдірсе, ол жайдан-жай емес. Тіпті бұрынғы билік қалса да, жаңа билік келсе де, Египеттің алдағы жолы басқашарақ болары анық. Араб әле­мін­дегі бүгінгі бу­ыр­қану Тунистен басталды де­сек те, рево­лю­ция­лық жағ­дай Еги­петтің өзінде қа­лып­таспаса, от тұ­тана қой­мас еді. Халық қаты­гез биліктен қа­жыған. Әңгіме Хұсни Мүбә­рак­тың ұзақ билігінде ғана емес, сол биліктің мазмұнында. Билік­тің халыққа тізесінің бат­қа­нында. Мұны дәл қазір президент Мүбәрактың өзі де аңғарып отыр. Бірақ кеш аңғарды. Ол халыққа үндеу арнап, саяси ғана емес, экономикалық та реформа жа­сайты­нын мәлімдеді. Соны дәл бүгін емес, бұрын жасауына болмас па еді. Уақыты да жеткілікті болды – отыз жыл аз мерзім емес, тым артық та дейді жұрт. Ай­талық, соңғы он жылда баласы Гамалды қалай да билік мұрагері етіп қалдыруды көп ойламай, қазір айтып отырған реформаларды жүзеге асыруына болар еді. Оның қазіргі ісі суға кет­кен­нің тал қармағанындай әрекет. Отыз жыл ұмыт болған вице-президенттік лауазымға әскери барлаудың бастығы Омар Сүлей­манды та­ғайындап, үкіметті ауыстыруы – сасқандық. Тіпті жаңа үкімет төр­ағасы, бұрынғы әскери-әуе күш­терінің басшысы Ахмед Шафиктен жұмыс­сыз­дықты азайтып, экономи­каны тұ­рақтандыруды талап етуі – ұзақ уа­қыт ел басқарған адам­ның сөзіне ұқсамайды. Бұл жедел шешіле салатын, қалтадан ақша алып бере салатындай оңай шаруа емес, біразға созы­латын бағ­дар­ла­малы жұмыстың нәти­жесі ретінде келеді. Хұсни Мүбәрактың тағы қатты шайқалып тұр. Оның онда қалуы екіталай. Тіпті биылғы күзде болатын президент сайла­уына қатыспаймын, бірақ соған дейін биліктің тізгінін бермеймін дегені де орындалуы неғайбыл. Оппозиция оның дәл бүгін кетуін талап етіп отыр. Оппозиция қа­­зір бұл елде айтарлықтай күш­ке айналды. Әсте де бұл олардың күш­ті­лі­гінен немесе ха­лық арасындағы беделінің жоғарылығынан емес, қалып­тас­қан жағдай оларға зор мүмкіндік ашып отыр. Халықтың билікке на­разылығын олар өз мүдде­леріне тиімді пайдаланып қал­ғысы келеді. Әйтпесе, қазіргі күнде оппозиция көсемдерінің ішінде ең беделдісі саналатын бұрынғы Халықаралық атом энергиясы жөніндегі агенттіктің (МАГАТЭ) директоры Мохаммед әл-Барадеидің ел ішіндегі билікке араласы да шамалы болатын. Міне, енді елде қазіргідей жағ­дай қалыптасқан кезде ол билік тізгінін ұстауға белсенді кірісіп отыр. Араб дүниесіндегі көшбас­шы ел Египеттегі күрделі жағ­дай алдағы уақытта қандай бағытта өрбитінін дөп басып айту да қиын. Ең бір басты қасірет – көп жағдайдағыдай тартыс халық пен биліктің арасында ға­на емес, халықтың өзі екіге жарылып, бірі президент Мүбә­ракты қолдау­шы­лар және екіншілері оған қар­сылар болып шайқасқа шы­ғып отыр. Мұн­дайда оларға ын­тымаққа ша­қырып, ықпал ету аса күрделі. Қарсыластар ара­сында шекара жоқ, олар арала­сып өмір сүріп жатыр. Мұндайда қар­сыластар (жау демейік) алыс­тан емес, қасыңнан табылады. Осындайда елдің мүддесінен гөрі өздерінің билікке жетуін көз­деп, халықты қақтығысқа ша­қы­ратын арандатушылар белсенділігі күшейетіні белгілі. Египет қауы­мында қазір күні кеше ты­йым са­лынған экстремистік күш­тер өзде­рінің бүлдірушілік қызметін жан­дандыра түсті. Жұрт бүгінде Мы­сыр еліне күдікпен де, үмітпен де қарайды. Мамадияр ЖАҚЫП.