• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
04 Ақпан, 2011

Жаса, Қазақстан! Жаса, қазақ қыздары!

640 рет
көрсетілді

Хоккейші қарындастарымыз ақтық сында Қытай құрамасын 4:1 есебімен жеңіп, Азиаданың үш дүркін жеңімпазы атанды Таңертеңгілік мұз айдынына шыққан Жапония мен Солтүстік Корея қыздары жан алып, жан берісетін айқасқа түсті. Алма-кезек шабуыл. Бірақ, мықтының аты мық­ты ғой. Корея қақпасына серпілген допқа бірінші жеткен жапон шабуылшысы Хирано таяғын қайқая ұрды дейсіз. Гол! Осыдан кейін-ақ ойын басқаша өрбіді. Жапондар атқан оқтай жылдам. Оған  бірін-бірі алаңда көріп, пас­пен ойнайтынын қосыңыз. Сол­түстік Корея қыздарының жеңіске деген сұмдық жігері шеберлікке астар бола алмады. Бірінші кезеңде 2:0, екінші кезеңде Ёнейама, Кондо, Хирано шайба соғып, есепті 5:0 ге жеткізген. Соңғы кезеңде Жапон­дардың айқын басымдылығымен өтті. 6:0. Қазақстан – Қытай. Не бел, не белбеу кететін ойын. Сарайда ине шаншар жер жоқ. Жанкүйерлер құрамамыздың алтыннан олжа сал­ғанын қалайды. Жапония - Сол­түстік Корея  матчынан кейінгі бас­пасөз мәслихатында Жапон құра­ма­сының бас бапкері Эндрю Қа­зақ­стан мен Қытай құрама­лары­ның жеңіске деген мүмкін­діктері бірдей деді. «Овертайммен бітеді. Маған салса буллитпен жеңімпаз анықталғаны жақ­сы», дегенді және қосқан. Көмейі белгілі. Сонда ғана жапондық­тардың алтыннан дәмесі болады. Қазақстанға жеңіс ауадай керек болса, жапондарға есе жіберген қытайларға миллион есе керек. Тал қармары осы ойын. Матчтың қатты ширығып басталғаны сон­дық­­тан. Бірінші кезеңнің ортан бел­інде Ибрагимовадан пас алған Штейльмастер тоқтатпай сілтеді. Қақпашы түсінбей де қалды. Гол! Қытай хоккейшілері сасқалақтап қалды.  Бірақ қыз­да­ры­мыз такти­ка­лық қателерді көп жіберіп жат­ты. Дарьяға рахмет. Төтелеп келген талай шайбаны қақты. Екінші кезең тағы да ширығып бастал­ды. Мой­нында қандай жауапкершілік тұр­ғанын қыздары­мыздың әрқай­сысы жақ­сы түсі­неді. Ойын басталысы­мен 5-6 минөт бойы қыздарымыз қытай­лықтарды қат­ты тықсырып жіберді. Арасында бір-біріне дұ­рыс пас бермей біздің де жүре­гімізді ұшырып жібере жаздайды. Зарина Тухтиева ер ғой. Қазақ хоккейінің маң­дайына біткен бақ екен. Сазоновадан пас алып қақ­па­ға жеке тарт­ты. Гол! Есеп 2:0. Қа­зақстан алда.  Үшінші ке­зең. Шы­нын айт­сақ, соның бол­ма­ғанын қа­ла­дық. Өйткені, қы­тай­ларды жақ­сы білеміз. Соңғы се­көнтке дейін жанын салып ой­най­ды. Қыздары­мыз  жеңіс буына пі­сіп қалмаса екен деп ойладық. Бірақ біздікі ағат­тық екен. Нағыз жау­жүрек қа­рындастар. Намыс деген ұлы күш бар қандарында. Ойынның 43-ші минөтінде Штейльмастер тағы бір гол соқты. 3:0. Қытайлар да қарап қалмады. Аңдыған жау алмай қоймайды деген. Қақпаны торуыл­дап жүріп, атақты Ма бір гол соғып кетті. Есеп 3:1. Ойын бітуге 2 минөт уақыт қалды. Тайм-аут алған  қытайлар ва-банкқа кетті. Қақпашыны алып тастады. Біздің бестікке алтауы ұмтылды. Өздері­нің соры екен. Сол жақ қапталдан шайба алған Ибрагимова қақпаны дәл көздеді. Есеп 4:1. Қытайлар ышқынды. Қақ­пашы  Жин Фенглинг  қайта орал­ды. Бірақ, оларға ештеңе кө­мек­­тескен жоқ. Есеп осы күйінде қалды.  Алып сарайды мо­йынға іліп кетердей халде тұрмыз. Ұялы телефоным қайта-қайта шы­рыл­дайды. Белгісіз бір жанкүйер «Зарина Тухтиева қазақ па?»  дейді қайта-қайта. «Қазақ дедім. - Осы қыздардың бәрі қазақ. Ешкім олар­ды қазақ емес деп айта алмайды». Қазақ әнұраны ойналғанда бәрі­нің қосылып шырқағанын-ай! Жанкүйерлерге еркеледі қыз­дар. Олардың сүйкімді қалпын, еркелігін бүкіл қазақ даласы көтерсе де болады. Сондай ерлік келді қазақ қыздарының қолынан. 1,5 миллиард халқы бар Қытай­дың  құрамасы 16 миллион халқы бар Қазақстан құрамасының ал­дында тізе бүгіп жатса осын­дай сөзді қалай айтпауға болады?  Екін­ші орын Жапония құрама­сына бұйырды. Дүниежүзілік рей­­тингте Қазақстан мен Жапо­ни­я­ның алдында тұрған Қытай құра­масы қола медальға ие болды. Бақтияр ТАЙЖАН.