• RUB:
    5.07
  • USD:
    481.84
  • EUR:
    531.33
Басты сайтқа өту
25 Маусым, 2016

Көркем шығармаларда елдік мұрат көрініс табуы керек

307 рет
көрсетілді

Алматыда Мемлекеттік хатшы Гүлшара Әбдіқалы­қо­ваның төрайымдығымен Қазақстан Республикасының Әдебиет пен өнер саласындағы мемлекеттік сыйлығын беру жөніндегі комиссияның отырысы болып өтті. Алқалы жиында 2016 жылғы Қазақстан Республикасының Әде­биет пен өнер саласындағы мем­ле­кеттік сыйлығына ұсы­нылған жұ­мыстар, олардың тірке­луі, қаралуы және алғашқы сарап­та­мадан өтуі туралы мәселелер қаралды. Комиссияның отырысын аша отырып, Мемлекеттік хатшы Гүл­шара Әбдіқалықова Елба­сы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Қа­зақ­стан-2050» Стратегиялық бағдар­ламасында ұлттық мәдени кодты сақтаудың маңыздылығы ерекше атап өтілгендігіне тоқталды. Тілді, руханиятты, дәстүрді және ұлттық құндылықтарды дамыту қоғам мен мемлекеттің алдында тұрған басым міндеттердің бірі және ондай маңызды мін­дет­терді шешуде әдебиет пен өнер қай­рат­керлеріне ерекше сенім арты­латынын, тарихи миссия жүк­телетінін тілге тиек етті. Сон­дай-ақ, Мемлекеттік хатшы елі­міздің мәдени мұрасын байы­туға, ұлттық құндылықтарын ұлықтауға үлес қосқан авторларды бағалап, оларға қолдау көрсетуге бағытталған жұмыстың маңыздылығына және комиссия мүшелерінің бұл орайдағы айрықша жауапкершілігіне арнайы тоқталды. Сонымен қатар, Гүлшара Наушақызы Мемлекет басшысының Жарлығымен комисс­ия құрамына енгізілген өзге­рістер ретін таныстыра оты­рып, Мемлекеттік сыйлық жөнін­дегі комиссияның әдебиет секциясы мүшелерінің құрамына Пар­ламент Сенатының депутаты, пуб­лицист-жазушы Жабал Ерға­лиев пен музыка, театр және кино секциясы мүшелерінің құра­мына белгілі кинотанушы Бауыр­жан Нөгербектің мүше болып енгізіл­ген­дігін мәлім етті. – Тәуелсіздік жылдарын­да мемлекет тарапынан ұлт­тық өнердің ұлықталуына, төл мә­де­ниеттің төрге озуына, қазақ әдебиетінің тынысын кеңей­туге жан-жақты қолдау көрсе­тілуде. 1992 жыл мен 2014 жыл ара­лы­ғында 89 мәдениет және өнер қайраткері Мемлекеттік сыйлыққа ие болды. 2008 жылдан бері Әдебиет пен өнер саласындағы мемлекеттік сыйлық Елбасы Жарлығымен бекі­тіліп, осы уақыт аралығында 22 өнер қайраткері лау­реат атан­ды. Елбасы Нұрсұлтан Назар­баев ұсынған «Мәңгілік Ел» жалпы­ұлттық патриоттық идеясы хал­қымыздың бірлігі мен ынты­мағын нығайтуға бағытталып, ұлттық өнер мен мәдениеттің жаңаша өрістеуіне серпін беруде. Сондықтан, берілетін сый­лық елдің рухани-мәдени өмірін­де мойындалған, өз саласын­да озық әрі үздік көркем шығар­ма болуы тиіс деп ойлаймын. Ол шығармаларда отаншыл, мемлекетшіл, елшіл идея терең көрініп тұруы тиіс, – деді Мем­лекеттік хатшы. Еңбектерді талқылау және жасырын дауыс беру үдерісі әдебиет, музыка, театр және кино, сондай-ақ, бейнелеу және сәулет өнері деп бөлінген 3 секция мүшелерінің дауысқа салуына сай қаралды. Секцияларда жалғасқан талқылаулардың, жасырын дауыс берулердің, одан кейінгі жалпы отырыстың қорытындысы бойынша байқаудың келесі кезеңіне жіберілетін шығармалар туралы шешім қабылданды. Хаттамалық шешім бойынша іріктеуден өтіп, Мемлекеттік сыйлық алуға ұсы­ныл­ған жұмыстар тізімі қоғамда, әдебиет пен өнер жанашыр­лары­ның ортасында, сондай-ақ, қалың жұртшылық арасында кеңі­нен талқылану үшін «Егемен Қазақ­стан» және «Казахстанская правда» газеттерінде жарияланатын бо­лады. Қанат ЕСКЕНДІР, «Егемен Қазақстан» АЛМАТЫ
Соңғы жаңалықтар