Басқасын қайдам, дәл бүгінде Бурабайда жанайқайға басатын тұс келіп тұр. Нақтылай түссек, көп салалы Орман шаруашылығы ғылыми-өндірістік орталығының (Қазақ орман шаруашылығы ғылыми-зерттеу институты) дендробағына (түр мен тек қоры) қатысты мүшкіл хал осыны айтқызады.
Төтесінен қайырайық, Қазақстанда орман тым аз. Оның үстіне, жасыл белдеу қорының құрамын негізінен қайың, қарағай, емен, үйеңкімен шектей аламыз. Өсімдіктер әлемінің 17 пайызы ғана ағаш екен. Оның өзі, көбінесе табиғаттың береген қолымен бой түзеуде. Сондықтан, “қара орманның” қалыңдауы адамның қамқор жанашырлығына тәуелді болып қала беретіні ақиқат. Міндет – барды еселеп, сұранысқа қажетті тұқым дайындау, жаңа түр мен текті молайту.
Бұл орайда, басты тұтынушы бейқам отыр дегеніміз жараспас. Өткен ғасырдың басында-ақ, Бурабай орман техникумында дендробау құрылып, өсімдіктердің 400 түріне ғылыми сынақ жүргізіле бастаған. Көзайым құндылықтың қайтарымы аз болған жоқ. Ең бастысы, өсімдіктер әлемін көркейтудің ғылыми жүйесі қалыптасты.
Тәуелсіз Қазақстанның Тұңғыш Президенті Н.Ә.Назарбаев Ақмола облысына 2007 жылғы 3 маусымдағы жұмыс сапары барысында аталған ұжымға арнайы атбасын бұрды. Бұл еліміз үшін қарбалас кезең еді. Міндет – Астананың «жасыл белдеуін» қалыптастыру. Осыдан болса керек, Нұрсұлтан Әбішұлы бірден қала іргесіндегі дендробаққа аялдаған. Елбасы негізгі орамдарды аралап көріп, директорға: «Иә, не айтасың?» – дегені есімізде.
Жалғыз ауыз сұрақтың астарында көптеген мәселе, орасан жауапкершілік жатқан еді. Орталық директоры, ауыл шаруашылығы ғылымдарының докторы Болат Мұқанов Астананың жасыл белдеуін қалыптастырып жатқан кезде жас өскіннің түрі мен тегін, будандық аудандастырылуын, сұраныстағы тұқым дайындауды, оған қатысты ғылыми негіздемелер мен ұсыныстарды басшылыққа алу қажеттігін айтқан. Осыған байланысты жаңа міндеттер де жүктелгені түсінікті.
Ғылыми-зерттеу институты Елбасы тапсырмасын ойдағыдай орындап отыр деп айта аламыз. «Жасыл белдеудің» аумағы қазіргі күні 100 мың гектарға жуықтады. Онда Бурабай ғалымдарының жаңа патенттерімен өсірілген бағалы ағаштар, саялы өскіндер жайқалып өсіп тұр. Бұл бағыттағы ізденіс әлі де жалғаса беретіні анық. Тек әлеуеті мол ғылыми ордаға тиісті қамқорлық керек.
– Осынау игілікті іспен жарты ғасырдан бері айналысып келеміз, – дейді орман шаруашылығы ғылыми-өндірістік орталығының директоры, академик Болат Мұқанов. – Профессор В.М.Савичевтің Бурабайдың орман орамдарында өсімдіктердің 500 түріне сынақ жүргізуге мүмкіндіктің бар екендігін дәлелдеген жобасы мақұлданып, 1960 жылы арнайы дендробақ құрылған еді. Оның аумағы 44,3 гектарды алып жатыр. Мұнда өсімдіктің 2 мыңнан астам түрі зерттелген. Бүгінде соның 30 ұялас тармағы мен 95 текті құрайтын 800 түрі сақталып қалды. Жағрапиялық тегін тарқатсақ, дендробақтағы өскіндердің 25,6 пайызы еуропалық, 22,5-і сібірлік, 21,1-і солтүстікамерикалық, 14,4-і қиыр-шығыстық, 9,2-сі жапон-қытай аумақтық, 7,2 пайызы ортаазиялық түп тамырға жатады. Олар ағаштар, бұталар, саялы өскіндер және жартылай бұтақ тарамдары болып, үш дәлізді төрт топқа бөлінеді.
Ғалымдарымыз табиғатпен неғұрлым үйлесімді байланысты қамтамасыз ететін бау-бақша отырғызу өнерінің қайталанбас негізін қалыптастырды.
Дендробақпен қолтықтас орналасқан арборетум мен популетумның табиғи құндылықтарымызды еселеудегі орны да өлшеусіз. Мұнда жолы түскен кісі өсімдіктер әлемінің қиял-ғажайып құшағына еніп кеткендей тебіренері сөзсіз. Табиғаттың қаталдығына қарамастан, осынау 11 гектарлық алқапта аса құнды өсімдіктер жайқалып тұрады. Қазіргі сақталғанының өзі 350 түрді қамтиды екен. Сан алуан мақсатта пайдаланылатын ағаштарды айтпағанда, дәрілік шөптер, сан алуан гүлдер, саялы бұтақтар, жеміс-жидектердің қалыңдығы қайран қалдырады. Бүгінде Бурабай дендробағына қатысты 150-ден астам ғылыми еңбек жазылып, ұжымдық жинақтарды қоспағанда, 70-ке тарта кітап жарық көрді. Сондай-ақ, оннан астам кандидаттық және докторлық диссертацияның қорғалуы дендробақ жүйесінің маңыздылығын дәлелдей түсетіндей.
Бурабай бүгін үлкен өзгерістер құшағында. Оған қуанғанымызбен де, көзқарастың біржақтылығы қынжылтады. Бәрінен де барымызды сақтауға дәнекер болып отырған ғылыми дендробақтың бағы тайғанын айтсаңызшы. Соңғы он жылда маңызды нысанның қаржыландырылуы жұтаңдап барады. Орман шаруашылығы ғылыми-өндірістік орталығы жоқтан бар жасап отыр. Ғалымдар да үздіксіз дабылдатуын қояр емес. Бірақ, селт еткендей серпіліс шамалы.
Дендробақ Шортан көлін жағалай орналасқан. Щучье қаласы тиіп тұр. Қараусыз дүниедей көрінгендіктен, адамдардың жанашырлық сипаттағы сана-сезімі де өзгере бастағандай. Жұрт бұрынғыдай шарбақты айналып өтуді қойып, төтесінен тартады. Жеміс-жидекті тәртіп сақтап, тәптіштеп теруді ескермейтіндер айрықша қорғалатын алаптың топырақ құнарына нұқсан келетінімен де шаруасы жоқ. Ит-құс пен малыңыз да өріп жүреді. Қаншама маңдай тер төгілген нәзік өскіндер күл-қоқысты көтере ме, сөлі кетіп қуарып барады. Тиісті күтім көрмеген бақ көз алдымызда жабайыланып қалғандай әсер қалдыратыны өкінішті.
Сол себепті, дендробақты қалайда сақтап қалу мәселесі өзекті болып отыр. Бүгінгі өлшеммен қарасақ, оған соншалықты ас та төк қаржы-қаражат жұмылдырылмайтынын ғалымдардың жүргізген есеп-қисаптары аңғартады. Республикалық орман шаруашылығы ғылыми-өндірістік орталығының басшылығы жұмысты қалпына түсірудің алғашқы кезеңінде ең болмаса еңсе тіктер теңге бөлінуін сұрап, Ауыл шаруашылығы министрлігіне, облыс, аудан әкімдеріне бірнеше хат жолдаған. Әзірше алдарқатқан аяқ доптың кері болып тұр.
Бақберген АМАЛБЕК,
«Егемен Қазақстан»
Ақмола облысы,
Бурабай ауданы