• RUB:
    5.05
  • USD:
    522.91
  • EUR:
    548.85
Басты сайтқа өту
28 Маусым, 2016

«Алтын адам» барлық өңірді аралайды

243 рет
көрсетілді

Қазақстан Республикасы Ұлт­тық музейі ұжым Тәуел­сіз­дік­тің 25 жылдығына орай «Ұлт­тық музей сенің қалаңда» тақы­ры­бында мәдени тур жобасын қол­ға алды. Осы жобаға сәйкес ал­ғаш­қы беташар шара Батыс Қазақ­стан облыстық әкімдігінің қол­­дауымен Орал қаласында бас­та­лып кетті. Мұндағы мәдени тур бағ­дарламалары үш күнге созылмақ. Бұдан кейінгі кезекте өз бас­тауын Орал өңірінен алған аталмыш іргелі жоба еліміздің барлық аймағын қамтиды деп күтілуде. Өзінің мәні мен мазмұны, тарихи құндылығы және көрушілер мен тамашалаушыларға беретін әсері тұрғысынан мәдени-танымдық саяхаттың маңызды тұстары аз емес. Соның бірі әрі бірегейі – Тәуелсіз Қазақстанның брендіне айналған «Алтын адам» жәдігері деуге болады. Осылайша «Алтын адам», жоғарыда айтылғандай, Тәуелсіздігіміздің 25 жылдық торқалы тойына дейін кең байтақ еліміздің барлық түкпірін аралап өтеді деп жоспарланып отыр. Еліміздің батыс қақпасынан, Еуропа мен Азия құрлықтарының түйіскен тұсынан бастау алған іс-шара барысында көрермен қауым назарына «Ұлттық музейге саяхат» және 3Д графикалық бейнероликтері ұсынылмақ. Бұл маңызды шараға ресми тұлғалар, музей ісінің мамандары және қалың жұртшылық өкілдері қаты­сады деп белгіленген. Ұлттық музей – өткен тари­хы­мыз­ды байып­тап, рухани мұра­мыз­ды зерде­лейтін және бүгінгі дамуы­мызды бағамдайтын ірі мәдени орталық. Отаны­мыздың бай тарихын түгендеу, оның баянды дәстүрі мен шежіресін таныстыру, көнені көздің қарашығындай сақтау барша қазақстандықтардың айнымас парызы екені белгілі. Осы парызды ұғындыруға Ұлттық музей қызметшілерінің тигізіп отырған ықпалы аз емес. Барша отандастары­мыз осы парызды терең түйсі­ніп, терең түрде зерделей алса, Тәуелс­із­дігіміздің қадір-қасиетін дәріптейтін жәдігер­лер­дің тылсым сыры да ғасырлар қой­науынан суырылып ашыла түспек. Орал қаласында басталған мәдени тур жобасының ашылу рәсімі кезінде оған жиналған көп­­шілік қауым «Ал­тын адам» экспонатын тамашалады. Темір ҚҰСАЙЫН, «Егемен Қазақстан» ОРАЛ