• RUB:
    4.98
  • USD:
    516.93
  • EUR:
    542.52
Басты сайтқа өту
04 Ақпан, 2011

Ғалымдардың алғы шебі

504 рет
көрсетілді

Елбасымыздың Қазақстан халқына арнаған «Болашақтың іргесін бірге қалаймыз» атты Жолдауын Алматыдағы эконо­мика институтының ғалым­дары «дөңгелек үстел» басына жиналып талқылады. Ұлттық ғылым академиясының академигі, институт директоры Ора­залы Сәбден Жолдау мәтініне қысқаша шолу жасап өтті. Ғалымдарға әсіресе ұнаған бір жай сол, Президент Жол­дауын­да нақты міндеттер қойылады, ғалымдардың назарын нақты мәселелерге аударып, нақты тапсырмалар береді. Жолдау аясында ғалымдардың іс-қи­мылы үшін мейлінше кең өріс ашылған. Айталық, энергия тиімділі­гі­нің кешенді жоспарын жасаудың маңызы орасан зор. Осыған байланысты 2012 жылы өтетін БҰҰ-ның Бүкіләлемдік конгресінде Қазақстан Президентінің сөз сөйлеуі жоспарланған. Міне, институт ғалымдары осы мәселе бойынша өз ұсыныстарын әзір­леуде. Елбасы Жолдауында өңір­лер­дің даму бағдарламасын әзірлеп, бекіту жөнінде де нұсқау берілді. Осыған орай институт ұжымы ойластырған, бір жүйеге келтірілген әзірленімдер бар. Жолдау жүгі мұны да тезірек жүзеге асы­руды талап етеді. Ғалымдар одағының өткен мә­жілісінде халықты сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету мәселесі қаралыпты. Осы ретте жерасты су көздерін пайдалану орайында гидрология инс­титутының ұжымы үлкен жоба дайындаған. Бұл жоба жүзеге асса, Астана, Қараған­ды қалалары және басқа өңірлер таза сумен қамтамасыз етілмек. Сондай-ақ, Жолдауда университеттік білім мен ғылым дамуын жаңа деңгейге көтеру қажеттігі өте орынды айтыл­ды. Ел Парламентінде таяу арада «Ғылым туралы» жаңа Заң қаралып, қабылданатын болуы да көңілге мол үміт ұялатады. Ғылымды қаржы­ландырудың, жоспарлау мен ұйымдастырудың жаңа қағидат­тары іске қосылмақ. Соған орай қабылданатын құжаттар жоба­сына ғалымдар да өз ұсы­ныстарын енгізді. Осы жайларды айта келе, О.Сәбден Елбасының мерзімінен бұрын президенттік сайлау өткізу жөніндегі шешімін бірден-бір әділ әрі дұрыс шешім деп баға­лап, қолдауын білдірді. Бұдан соң сөз алған академиктер А.Қо­ша­нов, С.Қирабаев, М.Асылбеков, Ө.Баймұратов және басқалар Жолдауда алға тартылған міндеттерге орай салиқалы ой бөлісіп, нақты пікірлер айтты. Ғалым­дарымыздың ел өмірінің алғы шебінде екендігі көрініп тұрды. Қорғанбек АМАНЖОЛ. Алматы.