• RUB:
    5.53
  • USD:
    474.57
  • EUR:
    513.63
Басты сайтқа өту
05 Ақпан, 2011

Отставкаға кетуіне жоспар дайындауда

488 рет
көрсетілді

Америкалық The New York Times басылымының жазуынша, АҚШ президентінің әкімшілігі мен Египет үкіметінің мү­шелері президент Хосни Мүбәрактың отставкаға кетуіне жоспар дайындап жатыр. Басылымның таратқан мәліметтері бойынша, Мүбәрак өзінің отставкаға кетуін жариялайды. Ал Египеттің билігі өтпелі ке­зеңдегі үкіметке тапсырылады. Оны елдің қазіргі вице-президенті Омар Сүлейман басқарады. Қазіргі кезде ел әскерилері вице-президентке қолдау көрсетуде. Басылымның деректеріне қа­рағанда, өтпелі кезеңдегі үкімет билікті қолға ала салысымен, бір­ден конс­ти­туциялық реформалар мен сайлау заңнамаларын жетілдіруге кіріседі. Президенттік сайлау алдағы қыркүйек айында өтуі мүмкін. МЬЯНМАДА ЖАҢА ПРЕЗИДЕНТ САЙЛАНДЫ Парламент 4 ақпанда елдің жаңа президентін сайлады. Оған осыған дейін премьер-министр қызметін атқарған 65 жас­тағы отставкадағы генерал Теин Сеин президент болды. Бұл туралы Ассошейтед пресс агенттігі хабарлады. Теин Сеиннің кандидатурасына 659 парламент депутатының 408-і қолдау көрсеткен. Президенттің өкілеттік мерзімі – бес жыл. Саясаткерлер жаңадан сайланған президентті Мьянма мемлекеттік кеңесінің төрағасы, генерал Тана Швенің серіктесі деп атайды. Бұл елде парламенттік сайлау 20 жылдан соң алғаш рет өтіп, парламент те алғаш рет қызметіне кіріскен болатын. ЖАҢА ЖЫЛДЫҢ ЗАРДАБЫ АЙТАРЛЫҚТАЙ Қытай астанасы – Пекинде жаңа жылды тойлау кезіндегі отшашудан екі адам қаза тауып, 200-ден астам тұрғын жарақат алды. Аспанасты елінде жаңа жыл 2 ақпаннан 3 ақпанға қараған түні кіреді. Қытайда жаңа жылдағы ең басты мерекенің бірі – отшашу. «Новости» ақпарат агенттігінің хабарлауынша, жаралан­ғандардың басым көпшілігі балалар көрінеді. Пекинде жаңа жылдың алғашқы сағаттарында 161 өрт тіркелген, бұл өткен жылғы жаңа жылдан едәуір көп. Ал жаңа жылды мерекелеу олардың әдет-ғұрпы бойынша екі аптаға созылады. САЯСИ РЕФОРМАЛАРДЫ ҚОЛҒА АЛМАҚ Рейтер агенттігінің таратқан ақ­па­раттарына қарағанда, Алжир президенті Абделазиз Бутефлик 3 ақпанда таяу күн­дері елде саяси реформаларды бастау туралы мәлімдеме жасаған. Мемлекет басшысының мәлімдеуінше, жақында 1992 жылы енгізілген төтенше жағдай режімі алынатын болады. Төтенше жағдай 1992 жылы өткен сайлау нәтижесіне байланысты жарияланған болатын. Халықаралық қоғамдастық оны ел азаматтарының құқығы мен бостандығын шектейтін, құқық қорғау органдарының өкілеттігін кеңейтетін шара деп қабылдаған еді. ТЕРРОРЛЫҚ ӘРЕКЕТТЕР ЖАСАМАҚ БОЛҒАН Тәжікстанның Авеста ақпарат агенттігінің Ұлттық қауіпсіздік комитетінің сілтемесіне орай таратқан ақпараттары бойынша, елдің солтүстігіндегі Согды облысы аумағында террорлық әрекет жасауға дайындалған деген күдікпен бірнеше адам тұтқындалды. Құқық қорғау органдарының айтуынша, тұтқындалғандар террорлық әрекеттерді елдің Худжанд және Истаравшан қалаларында автокөліктерге жарылғыш заттар қою арқылы жүзеге асырмақ болған. Жарылғыш заттар қойылған автокөліктер Худжанд қалалық қауіпсіздік комитеті, сондай-ақ ішкі істер басқармасы орналасқан ғимараттардың маңынан табылған. Мұндай террорлық әрекет өткен жылдың қыркүйегінде аталмыш қалада жүзеге асырылған болатын. ҚЫСҚА ҚАЙЫРЫП АЙТҚАНДА: • Түркияның астанасы – Анкара қаласындағы өнеркәсіп орындары шоғырланған аймақта бір тәулік ішінде екі жарылыс болды. Соның салдарынан 12 адам опат болып, ондаған тұрғын жарақат алды. Алдын ала мәліметтер бойынша, екі жарылысқа да газдың сыртқа шығуы себеп болған. • «Қоғамдық пікір» қорының жүргізген сауал­дамалары бойынша, «Домодедово» әуежайындағы тер­рорлық әре­кеттерге құқық қорғау органдарының қыз­меткерлері мен шенеуніктерінің салғырттығынан жол берілген. Сұрау салғандардың 33 пайызы осылай деп жауап қайтарған. • РЛДП-ның Липецкідегі бөлімшесі РЛДП-ның бас­шысы Владимир Жириновскийдің кавказдықтарға қа­тысты айтқан пікіріне наразылық білдірді. Ақпарат­тарға қарағанда олар бұл пікірлерін хат арқылы жолдаған. Оған партияның ондағы бөлімшесінің 27 мүшесі қол қойған. Интернет материалдары негізінде әзірленді.