Келер жылы Астана қаласында өтетін халықаралық «ЭКСПО» көрмесіне билет сату қызу қарқын алды. Бас-аяғы 20 күннің ішінде бес мыңнан аса билет сатылды. Бұл туралы кеше «Астана ЭКСПО-2017» ҰК» АҚ басқарма төрағасының орынбасары Ербол Шорманов мәлім етті.
«Өздеріңіз білетіндей, 10 маусымнан бастап көрмеге онлайн-билеттер сатыла бастады. Жиырма күн ішінде 5204 билет сатылса, оның 10 пайызын шетел азаматтары сатып алған», – деп хабарлады Е.Шорманов.
Оның мәлімдеуінше, туристік агенттіктер де көрменің билеттерін жапа-тармағай сатып алып жатқан көрінеді. «Туристік саланың субъектілері зор қызығушылық танытып отыр, сол промо-кезең басталған 10 маусымнан бері туристік операторлар мен реселлерлер 200 мыңнан аса билет сатып алған», – деп хабарлады Е.Шорманов.
«Егемен-ақпарат»