ЭКОНОМИКАЛЫҚ ДАМУ ЖӘНЕ САУДА МИНИСТРЛІГІ ОСЫНДАЙ ҚҰРЫЛЫМҒА АЙНАЛЫП КЕЛЕДІ
Кеше Экономикалық даму және сауда министрлігінде Премьер-Министр Кәрім Мәсімовтің қатысуымен кеңейтілген алқа мәжілісі болып өтті. Оған Парламент депутаттары, Президент Әкімшілігі мен Үкіметтің жауапты қызметкерлері, бірқатар министрліктер мен агенттіктердің басшылары, облыс әкімдерінің орынбасарлары, аталған министрліктің жетекші қызметкерлері қатысты.
Кеңейтілген алқа мәжілісінде негізгі баяндаманы жасаған Экономикалық даму және сауда министрі Жанар Айтжанова өткен жылы Қазақстан экономикасының алдындағы жылмен салыстырғанда жоғары даму деңгейіне көтерілгендігін атап көрсетті. Жыл ішінде ішкі жалпы өнімнің өсімі 7 пайызды құрады. Экономиканың мұндай өсімге жетуіне еліміздің негізгі экспорттық өнімдеріне деген әлемдік бағаның көтерілуі, мемлекеттің әлемдік дағдарыс әсерін еңсеру жөнінде дер кезінде тиісті шараларды қабылдап, отандық кәсіпорындар мен халыққа қолдау көрсетуі, индустриялық-инновациялық дамудың қолға алынуы секілді басты факторлар әсер еткен.
Мемлекет қолдаған жоғарыдағыдай шаралардың нәтижесінде өңдеу секторының өсімі 18,4 пайызды құрап отыр. Бұл көрсеткіш тау-кен өнеркәсібіндегі өсім деңгейінен 3,5 есе артық. Алдын-ала есептеулерге қарағанда өңдеу өнеркәсібінің ішкі жалпы өнімдегі үлесі 2009 жылғы 10,9 пайыздан 2010 жылы 11,7 пайызға артып отырғандығы байқалады. Міне, осының барлығы Қазақстан экономикасындағы өсудің Елбасы алға қойған мақсатқа сәйкес сапалы деңгейге көтерілгендігін көрсетеді.
Экономика құрылымындағы бұл өзгерістерді, ең алдымен, үдемелі индустриялық-инновациялық даму жөніндегі мемлекеттік бағдарламаның алғашқы нәтижесі ретінде қарастырамыз. Өткен жылы жиыны 800 миллиард теңгеге бағаланып отырған 152 индустриялық жоба іске қосылды. Оларды жүзеге асыру ең алдымен экономиканың инвестициялық белсенділігін көтеруге мүмкіндік берді. Жалпылай айтқанда, есепті жыл ішінде ел экономикасына 4,8 триллион теңгенің инвестициясы салынды. Мұның 45,9 пайызы – кәсіпорындардың өз қаржылары.
Әлемдік шикізат рыногында қалыптасқан қолайлы баға, Кеден одағы нәтижесінде өткізу рыногының айтарлықтай кеңеюі және өнеркәсіп секторындағы өндірістің өсуі еліміздің сыртқы сауда айналымының өсуіне айтарлықтай ықпал еткен. 2010 жылы тауарлар экспорты 2009 жылмен салыстырғанда 32,5 пайызға өсіп, 57,2 миллиард долларды құраған. Ал импорт 24 миллиард долларды құрап, 15,4 пайызға азая түскен. Сауда теңгерімінің сальдосы 33,2 миллиард теңге болды. Бұл 2009 жылғы деңгейден 2,2 есе жоғары.
2010 жылдың басында Қазақстанның 2020 жылға дейін дамуының стратегиялық жоспары қабылданған болатын. Онда дамудың стратегиялық бағыттары мен басымдықтары нақты айқындалды. Бұл алдағы он жылдың ішінде барлық мемлекеттік органдардың даму бағытындағы жұмыстарын үйлесімді етуге мүмкіндік берді.
Осы құжатты жүзеге асыру үшін Экономикалық даму және сауда министрлігі барлық орталық және жергілікті мемлекеттік органдарының бағдарламалары мен негізгі құжаттарын бір ізге салу ішін үлкен жұмыстар жүргізді. Бүгінгі күні 2020 жылға дейінгі стратегиялық жоспарды орындаудың нақты мерзімі, оның әрбір бағыттары бойынша жауапты мемлекеттік органдар айқындалған. Нәтижеге бағытталған бюджеттік жоспарлау осы құжат негізінде әзірленетін болып жүр.
Министрлік өткен жылғы өзінің жұмысын 7 бағыт бойынша жүзеге асырды. Олар индустриялық саясатты жүзеге асыру мен кәсіпкерлерге қолдау көрсету, бизнестің алдындағы әкімшілік кедергілерді азайту, «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасын жүзеге асыру, әкімшілік реформаны жүргізу, экономикалық интеграциялану мәселелерінің, соның ішінде, Кеден одағының, Бүкіләлемдік сауда ұйымына қосылудың қажетті құжаттарын әзірлеу, өңірлік дамудың құжаттарын әзірлеу және оларды жүзге асыруды үйлестіру және басқа бағыттар. Жанар Айтжанова өз баяндамасында осы бағыттар бойынша атқарылған жұмыстарға жеке-жеке тоқталды. Мәселен, бизнестің жолындағы әкімшілік кедергілерді азайту бойынша осыған дейін рұқсат алу тиісті болып саналатын 1015 үрдістің 311-і қысқартылды. Осы жөнінде әзірленген заң жобасында 140 заң актілеріне, 130 заң мен 10 кодекске өзгерістер мен түзетулер енгізу көзделген. Бұл жұмыстардың нәтижесі жоқ емес. 2010 жылы Бүкіләлемдік банктің бизнес жүргізу жөніндегі рейтингі бойынша Қазақстан өзінің бұрынғы орнынан 15 орынға алға жылжыды. Соның ішінде еліміз кәсіпкерлік қызмет үшін неғұрлым қолайлы жағдайлар қалыптастырып отырған әлемдегі алдыңғы қатарлы 10 елдің ішінен орын алды.
Алқа мәжілісінде сөз алған «Экономикалық зерттеулер институты» АҚ президентінің міндетін атқарушы Жамиля Бопиева еліміздің аумақтық-кеңістіктік дамуының болжамды кестесі туралы баяндады. Бұл құжатта өңірлердің әлеуетін ашу, олардағы кәсіпкерлік қозғалысты одан әрі дамыту мәселелері қарастырылған. Ішкі көші-қон мәселелерін реттеу, елдегі агломерациялық қалаларды айқындау ісіне көп көңіл бөлінген. Астана, Алматы, Ақтөбе және Шымкент қалаларының одан әрі дамуы жөнінде бағдарламалар әзірленді.
Мәжіліс депутаты Кенжеғали Сағадиев өз сөзінде Экономикалық даму және сауда министрлігінің қызметінде бұрынғы құрылыммен салыстырғанда көптеген өзгерістер бар екендігін, министрлік өз қызметін неғұрлым стратегиялық мақсаттарға бағыттай, аса ірі мемлекеттік бағдарламалар мен жоспарларды дайындау ісіне үлес қоса отырып, мемлекеттік органдар қызметін үйлестіруші рөліне ие бола түскендігін атап көрсетті. Елбасы бізге алдағы уақытта дұрыс дамуымыз үшін қуатты ақыл-ой орталығы қажет деп еді. Қазіргі Экономикалық даму және сауда министрлігінің қызметінен осы бағытта өзіндік бір ұмтылысты байқаймыз. Ендігі кезекте министрлік экономиканы теңгермелі дамытудың түбегейлі мәселелерімен неғұрлым тереңірек шұғылдана түскені жөн бе дейміз. Соның ішінде елімізді сумен қамтудың үлкен проблемасы бар. Орта және шағын бизнеске де серпіліс қажет. Кадрлармен қамту ісі экономиканың алға басуына байланысты барған сайын өткір қойылмақ деген пікірлерін білдірді.
Бүкіләлемдік банктің Қазақстандағы тұрақты өкілі Шебн Аккай ханым бизнес жүргізудегі аталған банк зерттеулеріне сүйене отырып, осы бағытта Қазақстанның жедел алға баса түскендігін айтты.
Кеңейтілген отырысты Үкімет басшысы Кәрім Мәсімов қорытындылады. Кәрім Қажымқанұлы еліміздің ішкі жалпы өнімнің жан басына шаққандағы көлемі жөнінен 9 мың долларлық белеске көтерілгендігін, мұндай көрсеткішке бізге дейін әлемнің 40 елі жете алғандығын, бірақ солардың көпшілігі бұл белесті ұстап тұра алмай артынан қайта құлдырағандарын айта келе, ендігі кезекте ел дамуы өзінің неғұрлым күрделі кезеңіне келіп кіргендігін, мұндай жағдайда негізгі мәселені адам факторының дамуы шешетіндігіне тоқталды. Елімізде білім, денсаулық мәселелерінің алдыға қойылуының бір себебі осыдан. Оған енді инфрақұрылымдық, институттық даму мәселелерін қосып, бәрін де үйлесімді, жан-жақты жүргізуіміз керек. Дамудың қазіргі деңгейін сонда ғана жүйелі ұстап тұра аламыз. Міне осы мәселеде, Үкімет басшысы Экономикалық даму және сауда министрлігіне үлкен жүк артылатындығын атап көрсетті. Министрлік жұмысында белгілі бір деңгейде тоқтап қалу болмауы тиіс. Осы бағытта Үкімет басшысы министрліктің алдына еліміздегі құрылымдық-институттық реформаны, әкімшілік реформаны одан әрі тереңдетуді, өңірлік даму мәселесіне барынша мән беруді тапсырды.
Үкімет басшысы өз сөзінде өткен жылы бұл министрліктің Кеден одағын құрып, дамыту мәселесінде үлкен жұмыстар жүргізгендігін айтып, осы бағыттағы жұмыстар одан әрі жалғасатындығын жеткізді.
Сұңғат ӘЛІПБАЙ.