– дейді Атырауға келген атақты былғары қолғап шебері Геннадий Головкин
Даңқты боксшы Геннадий Головкин Атыраудың төрінде шеберлік-сабағын өткізді. «Әкем – орыс, шешем – кәріс, ал мен – қазақпын!» – деп жар салған Генамен кездесуге жұмылған жұрт Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінің «Жайық» спорт залында иін тіресіп тұрды. Өзінен дәріс алуға, тіпті қолтаңба алуға ниетті жанкүйерлерінің алдында Гена боксшы қолына қолғап киіп, құм толтырылған қапты да, өзіне еліктеп, ізін басар ізбасарларын да соққылаған жоқ.
– Бокс – төбелес емес, ешқашан солай болған да емес. Мұны боксшы болуға ұмтылған әр жеткіншекке бірден ұғындыру керек, – деп саңқ етті Геннадий Головкин. – Бокс – өнер! Ал өнерді игеру жолы ауыр, мақсаты бар адам ғана оны меңгере алады. Әр адам өмірде алдына мақсат қоятын болса, спортта да дәл сондай мұрат қоя білу қажет. Мақсат-мұратсыз ешкім ешқандай табысқа да, жетістікке де жете алмайды. Әсіресе, бокста биік белесті бағындырғысы келгендер әр қадамын мықтап ойлануы керек.
Геннадий Головкиннің пікірінше, боксшыларға адалдық, шыншылдық қажет. «Мен жаттығу залында төккен терімнің жемісін көріп жүрмін. Жаттықтырушының ақыл-кеңесі ғана биікке жетелейді», деп ұдайы бапкеріне құрметпен қарайтынын білдірді.
Жолдасбек ШӨПЕҒҰЛ,
«Егемен Қазақстан»
АТЫРАУ