• RUB:
    5.53
  • USD:
    474.57
  • EUR:
    513.63
Басты сайтқа өту
05 Ақпан, 2011

Супергигант+слалом=суперкомбинация

389 рет
көрсетілді

Бұрнағы күні Шымбұлаққа қар қалың түсті. Алғашқыда шыршалардың ақ ұлпаға оранған қылқан жапырақтары өзінің қысқы бейнесін жаңа тапқанына қызыққанымызбен, қардың толастар түрі жоқ екеніне көзіміз жеткенде қауіптене бастадық. Күдіктенгеніміздей болды, Таби­ғат-ананың жапалақтаған қар мен  буалдыр тұманнан тұратын тосын тартуы суперкомбинация жары­сын ә дегенде бақандай үш сағат­қа (10:00-13:00) кешеуілдетсе, ал уақыт өте келе бәсекенің кейінге шегерілгені хабарланды. «Ештен, кеш жақсы», аспалы арқан жолымен кеше Шым­бұ­лаққа тағы көтерілдік. Аспан шай­­дай ашық екен. Абай шыңы­ның алтын тәжге ұқсас үш биігі анық көрінеді. Тау шаңғысының суперкомбинация түрі бойынша әйел­дер арасынан алғашқы бо­лып жа­рыс жолына алматылық Людмила Федотова шығып, 1 км. 640 м. қа­шықтықты 1 минөт 8,67 се­көнт­те құлдилап  өтті. Ал Оңтүстік Ко­рея­­лық Ким Сун Жу бұл қашық­тықты 1 минөт 8,31 секөнтте сыр­ғанап, біздің шеберден сәл де болса жылдам екенін дәлелдеді. Ирандық шаңғышы Калхор Зида атты қыздың жыл­дам­дығы 1 ми­нөт 13,52 секөнтке қарай ауыт­қыды. Өзбек, Моңғол, Палестина елдерінен келген тау шаңғышы­лары да соңғы шо­ғыр­дан табыл­ды. Қорқып, құлап, жа­рыс жолы­нан тыс қалып жат­қандар да жоқ емес араларында. Тек қана қазақ­стандық Ксения Строилова  ғана олардан 1 минөт 12. 22 секөнт нә­ти­жесімен ерекшелене түсті. Суперкомбинация - супергигант және слалом жарыстарын біріктіретін спорт  түрі. Мысалы, супергигант аса қатты жылдам­дықты қажет етсе, слалом – жиі-жиі бұрылыстан тұратын техни­калық жағымен ерекшеленеді. Жарыс соңында осы екі спорт түрінің нәтижесі бірге есептеледі. Сөйтіп, суперкомбинация бәсеке­сі­нің алғашқы сыны – супергигант нәтижесі бойынша Ким Сон Джу – бірінші, Людмила Федотова мен Ксения Строилова екінші және үшінші орынға табан тіреді. Ал бұдан кейін болатын слалом  бәсекесі бұл нәтижені қалай қарай өзгертпек? Арада бір жа­рым сағат өткенде ол да анық­та­лып, слалом бойынша жарыстың қорытындысында Людмила Федотова Азиаданың алтын медаліне ие болса, күміс – Оңтүстік Корей шаңғышысы Жеонг Сораға, қола – Ксения Строиловаға бұйырды. Оңтүстік Кореяның алтын медалдан үміткер үздік шаңғышысы Ким Сун Жу жиі бұрылыстардан тұратын қарлы жолда өте жоғар­ғы жылдамдықты игере алмай, жа­рыс жолынан шығып қалды. Ал тау шаңғысының суперкомбинация түрі бойынша жарыс жолына 13 елден келген 24 са­йып­қыран шықты. Қазақстан та­рап­ы бұл бәсекеге Шығыс Қазақ­стан облысының түлегі Игорь Закурдаев пен алматылық Дмитрий Кошкинді үкілеп қосыпты. Бұл екі саңлақ мұның алдындағы бәсеке­лерде бір-бір алтын, бір-бір күміс медальға ие болып, жанкүйерлер сенімін ақтаған болатын. Игорьдің жасы биыл жиырма төртке, ал Дмитрийдің жасы жиырма беске толады. Бұл - спорт­шылар үшін нағыз кемел жас. Бір қызығы, олардың қарсыластары арасында «шау тартқан» шаңғы­шы­лар да бар болып шықты. Бірақ олар, соған қарамастан, шаңғы­да­йын «тұлпарларынан» әлі түспе­ген. Мысалы, үндістандық спорт­шы Чанд Лудхар 1972 жылы, ал Моң­ғол елінен келген Аранзалзул  Чагнаа 1973 жылы дүние есігін ашыпты. Сонымен, Оңтүстік Корея, Моңғолия, Үндістан, Иордания, Иран, Непал, Қырғызстан, Тәжік­стан, Өзбекстан сияқты тағы бас­қа Азия елдерінен келген  шаң­ғы­шылардың «шеберліктеріне» бірнеше күннен бері сыралғы болып қалған біздің барыстардың қауіп­тенуіне ешқандай негіз жоқ сияқ­ты еді. Бірақ, суперкомбинациядан үкілі үмітіміз, Азия чем­пио­ны атанып үлгерген Д. Кошкин... Жә, ол туралы сәл кейінірек. Көп күттірген жарыста Шығыс Қа­зақстандық Игорь Закурдаев жақ­сы нәтижеге қол жеткізіп, құл­дилау қашықтығын 1 минөт 3,52 секөнт­те жүйткіп  өтті. Ал Оң­түстік Ко­рея­лық Ким Воосунг бұл межені 1 минөт 4,4 секөнт уа­қыт­пен ұтып, екінші орынға табан тіреді. Сөйтіп, бұл бәсекедегі ал­ғаш­қы сынның нәтижесі бо­йын­ша Игорь Закурдаев – бірінші, Джунг Донгхенг – екінші, кореялық тағы бір тарлан Ким Восунг  (1 минөт 5,13 секөнт) – үшінші орынға табан тіреді. Ал, өкінішке қарай,  Дмитрий Кош­кин­нің көңілі әлденеге қобал­жы­ды ма, әйтеуір, жақсы-ақ жүйткіп келе жа­тып жарыс жолынан оқыс шығып қалды. Біз осы сәтсіз­діктің себебін сұрағанымызда елі­міздің тау шаң­ғысы спорты командасының бас бапкері Сергей Чаадаев: – Дмитрий жарыс жолын өте жылдам бастады. Ештеңеден аянған жоқ. Мұндай тәуекелмен бірінші орын алуға да болар еді, бірақ қателік жіберіп алды. Бәсекенің аты бәсеке ғой, – деген. Дмитрий Кошкиннің өзі болса, жанкүйерлер көңілін бейжай қылған сәтсіздігі жайлы: – Уақыттан ұту үшін 100%-дық тәуекелге бел будым. Бұл өте жоғары жылдамдық болатын. Ал бір жалаушадан екінші жалау­ша­ға дейінгі аралықтағы шұғыл бұ­ры­лыс­та радиус бойынша қақпаға дәл келе алмай қапы қалдым, – деген. – Мүмкін кешегі жауған қардың кері әсері болған шығар? –Жоқ, жарыс жолы керемет! Кешегі қардан кейін бәрі жақсы дайындалыпты. Команданың бас бапкері Сергей Чаадаев тау шаңғысының шебері Игорь Закурдаевтің өнеріне разы екен. – Игорьдың құлдилай жүйт­кіген өнеріне көңілім толды. Ол шектен тыс күш жұмсамай-ақ жақсы нәтижеге қол жеткізді. Енді алда слалом бәсекесі күтіп тұр. Корея елінің спортшысы алды­мыз­ды орап кетпесе болды, – деген ол. Бапкер қаупі дұрыс екен. Ал­ғашқы бәсекеде Дмитрий Кошкин­нің жолы болмағандықтан, ерлер арасындағы слаломда Игорь Закурдав алтын медальға қол жеткізе алмады. Сөйтіп, суперкомбинация бойынша Оңтүс­тік Кореялық Джунг Донгхенг – алтын, Игорь Закурдаев – күміс, тағы бір корейлік Ким Воосунг қола медаль алды. Сонымен, суперкомбинация бо­йын­ша сарапқа салынған екі алтын­ның біреуі Қазақстан шаң­ғы­шысы Людмила Федотоваға, екіншісі Оң­түстік Кореяның мақ­танышы Джунг Донгхенгке бұйыр­ды. Сондай-ақ, күміске – Игорь Закурдаев, қолаға – Ксения Строилова ие болды. Көсемәлі СӘТТІБАЙҰЛЫ. Шымбұлақ шатқалы.