Қазақстандық тұғырдан секірушілер арасында ең жасы, «ұшқыш шаңғышы» атанған Евгений Левкин К-95 трамплинінен секіруден алтын медальді жеңіп алды! Отандасымыз сайыстың екі раундында үздік нәтиже көрсетті. Спортшы 252 ұпай жинады. Екінші орында 248,5 ұпай жинаған, К-125 трамплинінен секіру бойынша Азиада чемпионы атанған – жапондық Казуя Йошиока. Үшінші орын 244 ұпай алған келесі қазақстандық спортшының еншісінде – Радик Жапаров қола жүлдегер!
Бұл 10 жастан бері спортпен айналысып жүрген 18 жастағы Евгений Левкинннің алғашқы алтын жүлдесі. Үлкен келешегі бар жас спортшы сайыс күндерінің барысында үздік нәтижелер көрсетіп, жапондықтар алтын алатынына сенімді болғанына қарамастан, өзінің бас жүлдеге лайық екендігін дәлелдеген еді. Жарыс біткеннен кейін алдымен БАҚ өкілдерінің қолпашына ие болған Евгений журналистердің жабыла қойған жалғыз сұрағына:
– Қуанышым қойныма сыймай тұр. Жапон Казуя Йошиоканы бас қарсыласым деп санадым. Алайда, мен одан мықты болып шықтым. Азиада чемпионы атанғаныма әлі сенбей тұрмын. Жеңісімді ата-анама арнаймын! – деді.
Бұл кезде Жапония спортшылары жабырқаулы болатын. Барлық кезде ұстамды болып келген Жапония құрамасының тұғырдан секіру бойынша жаттықтырушысы Кенджи Сюда К-95 трамплинінде өткен жарыстардан кейін көңілі өте төмен болды:
– Мен Азиадаға ең үздік спортшыларды алып келгенмін. Және біздер трамплиннен секіру сайыстарының барлық алтындарын жеңіп алатынымызға сенген едік. Болмады...
Жарыс алдында Халықаралық трамплиндер кешенін тұман басып, жаңбыр сіркіреп тұрды. Алайда, Қазақстанның трамплиннен секіру федерациясы өкілдері жарыстарды кейінге қалдырудың қажеті жоқ, сайыс бекітілген кесте бойынша өтеді, деп мәлімдеген болатын. Шаңғымен тұғырдан секіру бойынша Азиаданың жарыстар дирекциясы ауаның жоғары ылғалдылығы мен тұман К-95 трамплинінде жеке секірушілер арасынан үздіктерді тануға кедергі болмайды, деп сендірді.
Алаңдаулы жұртқа Қазақстан құрамасының секірушісі Константин Королев: «Жылдамдық алатын аймақты жақсы дайындап қойды. Қар жақсы нығыздалған. Әрине, жаңбыр жауып тұрған соң кей жерлер батпақ. Бірақ жарыстарға ол кедергі келтірмейді. Біз сайысты бастауға әзірміз. Жақсы көрсеткіштерге қол жеткіземіз деп ойлаймыз» деп ой бөліскен еді. Трамплин қызметкерлері:
– Төрешілер спортшыларды, ал спортшылар трамплиннің бар аймағын көріп тұрады. Сондықтан жарыстар қалыпты жұмыс тәртібінде өтеді. Секірушілер ауа райының барлық жағдайына дайын, олар анау-мынауға таңғалып, абыржи қоймайды, – деді.
Халықаралық трамплиндер кешені осылайша алдын-ала, бір күн бұрын К-95 трамплинінен секіру жарыстарына сақадай сайлана бастаған. «Жерге қону» аймағына мамандар 30 сантиметр қолдан жасалған қар шашып үлгерді (халықаралық стандарт бойынша қар қалыңдығы 25 сантиметрден кем болмауы тиіс). Жылдамдық алатын аймақты қатырып жатты. Жарыстардың бас төрешісі Эдвард Леушин ауа температурасы 8 градустан көтерілмесе, бәрі ойдағыдай болатынына сендіріп: «Егер ауа райы күрт өзгеріп жатса, жарыстарды кейінге қалдыруға хақымыз бар. Тіпті, сайыстарды түнде де өткізе аламыз. Трамплиндерге жарық түсіріп тұратын шам көп. Қатты жауын-шашын бола қалса, басылғанша күтеміз. Ал жаңбыр ақырын ғана сіркіреп немесе қар аздап қана жауып тұрса, онда жарысымызды бастай береміз. Біздің басты міндетіміз – трамплиннен секірушілердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету. Тек Халықаралық шаңғы спорты федерациясы жарыстар өткізуге келісім берсе, онда трамплин – сайыстарға сақадай сай», – деген еді.
Сонымен 4 ақпан Қазақстан, Жапония, Корея және Қытайдың трамплиннен секіру жарыстарына қатысатын спортшылары үшін сайыстың соңғы күні болатын.
Мына қызықты қараңыз, жаттығу жарыстары кезінде ең жақсы көрсеткіштерді жапон Казуйоши Фунаки мен корей Чой Хёнг Чул көрсеткен-ді. Бұл кезде Юхеи Сасаки жапон секірушілерінің жеңетіндеріне сенімді еді. Байқау кезіндегі алғашқы екі секірістің нәтижесі бойынша, К-95 трамплинінен ең жоғары көрсеткішке жеткен – қазақстандық Радик Жапаров болатын. Нәтижесінде, жерлесіміз қола жүлдегер атанды.
Айнаш ЕСАЛИ.