• RUB:
    5.53
  • USD:
    474.57
  • EUR:
    513.63
Басты сайтқа өту
05 Ақпан, 2011

Астанадағы алтын

373 рет
көрсетілді

Кеше елордада Ақ Азиаданың 1500 метрлік қашықтықтағы конькимен сырғанау спортынан ерлер мен әйелдер арасында өткен жарыстың жеңімпаздары мен жүлдегерлері анықталды. Аталған аламанда ерлер арасында отандасымыз Денис Кузин алдына қара түсірмей, Азия чемпионы атанып, жаңа рекорд жасады. Жарыс сыны басталмай тұрып жиналған жергілікті жанкүйерлер бәсекенің уақыты белгіленген соң, отандас спортшылардың тілеуін тілеумен отырды. Еліміз туы көк­те желбіреп, «Қазақстан алға!» деп ұрандаған жалынды жастарда тек бір ғана тілек болатын. Ол отан­дас­тардың аты озса деген ақ пейіл-тін. Бұл ниет 1500 метр қашықтықтағы ерлер сынында қабыл болғандай еді. Азияның азуын айға білеген хас жүйріктері жарысқан бұл бәсе­ке қазақстандық Денис Кузиннің жеңіс тұғырының ең биік сатысы­нан қол бұлғап, ел әнұранын әуе­ле­те шыр­қат­қаны артында тақымын қысып отырған дүйім жұрттың көңілін та­сытып, мерейін асырды. 1 минөт 47,37 секөнт көрсеткішпен қарсы­ластарының бәрін де қапы қалды­рып, құстай ұшқан Денистің ерлігіне сүйсінбеген жан қалмады. Өз жерінде өтіп жатқан байрақты сынның байыбын берік сезінген жампоздың бұл олжасы аталған спорттың өзге қашықтықтардағы жарыстарында ке­тіп жатқан есенің орнын толтыр­ғандай. Сайыпқыран саңлақ жарыс жолына шыққан сәттен жаттық­тыру­шының шыққан жан дауысы көрермендерді де бейжай қаратып отырғыза алмады. Осы ретте жан ұшыра айқайлап, жүйке жұқартқан жаттықтыру­шы­лар еңбегінің ұшан-теңіз екенін айт­пай кете алмаймыз. Қалай десе­ңіз де төрт жыл бойы төккен тердің өтеуі таразыға салы­нар тұс қой бұл. Сондықтан да мұны біз жіті түсінеміз. Енді жеңімпазбен мәреге құй­рық тістесіп келген жүлдегер­лер­ге келейік. Кузинге небәрі 0,34 секөнтке жол берген оңтүстік-  кореялық саңлақ Мо Тэ Бум Қысқы Азия ойындарының күміс жүлде­сін жеңіп алды. Ал қола медаль да Оңтүстік Корея спортшысына бұ­йыр­ды. Оның иесі – Льи Кью Хьюк. Әйелдер арасындағы сырға­нау бәсекесі де жиылған жұртты желпіндірумен өтті десе болады. Мұн­да да желпінген жанкүйер­лер. Ай­дынға қай елдің спортшы­сы шық­са, сол жердің өз жан­кү­йер­лері жиі­рек дем беріп, олар­дың жарыс жолында барынша сергек қимыл­дау­ларына жол ашып отырулары сайыстың ажарын тіптен аша түсті десек те болады. Үкілеген үміт­те­рін Ақ Азиаданың бәйгесіне қос­қан елдер спортшылары арасында шын мықтылар топ жарып, жан­күйер жұртын шексіз қуанышқа бө­леді. Сонымен  Қысқы Азия ойын­дарының алтынын қытайлық ару Уанг Фей жеңіп алып, жерлестеріне тамаша жеңіс сыйлады. Оның көр­сеткіші – 1 минөт 58,37 секөнт. Ал күміс жүлде оңтүстіккореялық Нох Сеониеонгқа бұйырса, жүлде­герлер үштігін жапондық жампоз қыз Кодаира Нао қорытындылады. Қазақстан намысын қорғаған Екатерина Аитова қола жүлдеге қол созым жерде қалды. Осы тұс­та Катяның барынша жылдам­дық танытуға барын салып, төртінші орынға тұрақтағанын жақсы көр­сеткіш деп бағалар едік. Ал осы сында өнер көрсеткен тағы бір отандасымыз Татьяна Сокирко жалпы есепте тоғызыншы орынға тұрақтады. Иә, бұл жарыс. Жарыс бол­ғанда да Қазақстанда өтіп жатқан Азияның менмін деген дүлдүл­дері шеберліктерін сынға салып жат­қан дүбірлі дода. Сол үшін де жүлдеден жылыстап қалған жерлестерімізге бір сәт түсіністікпен қараған да жөн шығар. Әбдірахман ҚЫДЫРБЕК.

* * *

МҰЗ АЙДЫНЫНЫҢ МАЙТАЛМАНДАРЫ

Астанада мәнерлеп сырға­наушылар жарысы басталды. Бірінші күнгі спорттық жұп­тар арасындағы турнирде қыс­қа би, жұппен сырғанау, ерлер­дің жалғыз сырғанауы бойынша жарыс өтті. Азиада жарыстарының бұл түрі  ақпан айының үшінде басталды. Ерлердің еркін бағдарламасы, әйелдер арасындағы еркін бағдар­ла­ма, мұзда билеу және жұптар арасында еркін бағдарламаға 4 алтын көзделіп отыр. Бұл сайысқа Қазақстан атынан Абзал Рақымға­лиев пен Денис Тен қатысты. Ал­дын ала тасталған жеребе бойын­ша Дениске 13 саны, екінші спорт­шы Абзалға 6-шы кезек бұйырды. Екінші кезеңге жұптар ара­сы­н­­­дағы қысқа бағдарламалы мә­нер­леп сырғанауға 4 жұп, барлығы сегіз үміткер қатысты. Оның екі жұ­бын қытайлық қарсыластарымыз құрады. Қазақстандық мәнер­леп сырғанаушылар Виктория Кучеренко мен Виктор Авдоньев қолдау көрсету кезінде кенеттен құлап қалып, жарыс барысында мұз айдынына шыға алмады. Ойынның үшінші түрі – қысқа биге бес жұп қатысты. Олар Сол­түстік Корея, Қазақстан, Жапония және қытайлық екі жұп. Мұнда Қазақстан атынан Виктор Авдоньев пен Виктория Кучеренко шы­ғу керек болатын. Алайда, бұл жұп мұз үстінде жолы бол­мады. Қазақ­станның мәнерлеп сырға­наушы жетекшілерінің бірі Юрий Гуськов Виктордың мұз айды­нына дене қызуы 38-ге көтеріліп, ауырып шық­қандығын айтты. Нәтижесінде, қысқа биде көш­бас­шы болып қытайлық спорт­шы­лар Хван Чинтон мен Жен Ксун та­нылды. Екінші кезекке ағалы-қа­рындасты жапондық жұп Кэти Рид пен Крис Рид жайғасты. Олардың жаттықтырушыларының бірі атақ­ты ресейлік бапкер – Николай Морозов. Жұлдыз БАЙДІЛДА.

* * *

ҚҰРАМАҒА ҚҰРМЕТ

Бейсенбі күні Астанадағы «Қазақстан» спорт сарайында хоккейден ерлер арасында ойнал­ған тағы бір матчта Азиададағы ең ірі есеп тіркелді. Бұл кездесуде Қазақстан құрамасы қытайлық Тайпей командасын 35:0 есебімен ойсырата ұтты. Кездесуде алғашқы шайбаның авторы шабуылшы Максим Худяков, ал матчта қарсыластар қақ­па­сына ең көп шайба соққан ойын­шы оң жақ қапталдағы ша­буылшы Ва­д­им Краснослабодцев болды. Ол кездесуде қақпаны 7 рет дәл көз­деп, үздік ойыншы атанды. «Ба­рыс» команда­сында ойнап, соңғы кездері ұлттық құ­раманың сапында көзге түсіп жүр­ген Талғат Жайлауов болса, бұл жолы 3 шайба соғып үлгерді. Ал ертең «Қазақ­стан» спорт сарайында сағат 14.00-де баста­ла­тын Қазақстан мен Жапония құрамасы­ның кездесуінде алаң иелері тағы да  жеңіске қиналмай жетеді деп сенеміз. Кеше ұлттық құрама келесі кез­десуін Оңтүстік Корея коман­дасымен өткізді. Бұл матчтағы есеп 8:1, Тайланд пен Моңғолия арасын­дағы ойын 7:1  болып аяқталды. Арай ҮЙРЕНІШБЕКҚЫЗЫ.