• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
05 Ақпан, 2011

Орайы келген ойлар

456 рет
көрсетілді

ҚЫСҚЫ СПОРТ КЕРЕМЕТ ҚОЙ, ДЕН ҚОЙҒАНҒА

Азия ойындарының «мәзірін­де» қысқы спорттың 11 түрі бар. Онда қазақ елінің 169 спортшысы бақ сынауда. Білгеніміз бір тоғыз, білмегеніміз тоқсан тоғыз біздің бір байқағанымыз, осы 169-дың небары 30-ға жуығы ғана қаракөз қандастарымыз екен. Бұл өзі, төрт түліктен жұр­дай қорасы үшін қасқырдан ұялған жарлы-жақыбай сияқты, қысқы ойындар өткен сайын тиісті министрлік пен комитетке құлаққағыс етіп келе жатқан «ың­ғай­сыз» мәселе. Бірақ «Ақ Олимпиада» мен «Ақ Азиа­даның» алауы өшіріліп, бәсекелер қызуы басылған соң бәрі ұмыт болады. Негізінен жанкүйерлердің спорт функционерлеріне қарата: «Алтын мен күміске ие болған шаңғышы­лар мен конькишілердің арасын­да,   қазақ қыз-жігіттері неге жоқ? Қазақ жастарын қысқы спорт түр­леріне көптеп тартатын кез жетті емес пе?» деген өкпе-ре­ніштері орынды. Министрлік пен комитет те: «Бұл мәселені алдағы уақытта қолға аламыз» деуден жалық­пайды. Ал жыл дегеніміз жылғадан аққан су сияқты зу етіп тез өте шығады да, Олимпиада мен Азиада алаулары қайта жанғанда баяғы бармақ тістеу, баяғы «ұялғанынан өтетін үлкен пышақ» – «ардагер» спорт­шы­­ларға үміт арту басталады. Бұл жерде мәселе кінәліні тауып, жазалауда емес, мәселе – кү­рес пен боксты ғана «мойын­дай­тын» халық арасында қысқы спорт түрлерінің де әлем елдері арасында өте жоғары бағалана­тынын, осы спорт түрлері­мен де Олимпиада, әлем чемпионы ата­нып, даңққа бөленуге, қаржы дей­тін «қызыққа» несие алмай-ақ кенелуге болатынын насихаттап, атал­мыш спорт түр­лерін жергілікті ұлт ұл-қыздары ар­қы­лы да­мыту дейтін мемлекеттік ұс­та­нымда жатқанын терең түсін­беуде болып отыр. Оған еліміздің ауа-райы да, экономикалық және әлеуметтік жағдайы да қысқы спортқа қолайлы ШҚО, СҚО мен А­лма­ты, Кереку, Семей қала­ларын­да қазақ ұл-қыздарын тау шаңғысы, шаңғымен тұғырдан се­кіру, шаңғы жарысы, шаңғымен бағдарлау, фрис­тайл, биатлон, коньки спорты, шай­балы хоккей, мәнерлеп сырғанау сияқ­ты спорт түрлеріне талшы­бық­тай кезінен тартудың тиімді жолдары қарас­тырылса дейміз. Ол үшін, тіпті, оқушыларды жаттығу зал­дары мен алаңдарына материалдық тұр­­ғы­дан ынталандыру арқылы ша­қыр­ған да артық болмас еді. Өйткені, жергілікті бюджеттің жас спортшы­лар тартуда­ғы бұл «инвестициясы» ертең егемен елімізге «Олимпиада чемпионы» деген үлкен «дивидентпен» қай­тары сөзсіз. Мұны бір жа­ғынан қаракөз қазақ жастары арасынан шыққан «Ақ Олим­пиаданың» ал­ғашқы чем­пионын қарсы алатын күнге жасал­ған нық қадам десе де болар еді. Қазір «Барыс» хоккейші­лері­нің қатарында Талғат Жайлауов, «Ай­сұлу» хоккейшілерінің ара­сында Айжан Раушанова, Ғалия Нұрға­лиева, Зарина Тоқтиева, биатлонда Диас Кенешов, шаңғы­шылар то­бын­да Ердос Ахмадиев, Аслан Тоқ­баев, әйелдерден Меруерт Имашева, Эльмира Молдашева, фристайлда Гүлмира Дәл­мұхан, Жібек Арапбаева, Ақмар­жан Қалмыр­зае­ва, шаңғымен тұғырдан секіруден Радик Жапаров, шорт-тректе Айдар Бекежанов, Артур Сұлтан­ға­лиев, Нұр­бер­ген Жұмағазиев, Абзал Әжға­лиевтер қысқы спорт түр­лері бо­йынша ұлт мерейін өсіруге бола­тынын дәлелдеп жүр. Допты хоккейде де әбжіл жігіттер баршы­лық. Мәнерлеп сырғанаудағы үкі­лі үмітіміз Абзал Рақымға­лиев­тің қатары да қазақтың тал шы­бықтай талдырмаш ұл-қыз­дары­мен толыға түссе, дейді жан­күйерлер тілегі. Көсемәлі СӘТТІБАЙҰЛЫ.

* * *

ҚОНАҚ АЗ ОТЫРЫП, КӨП СЫНАЙДЫ

Бәрі салыстыру арқылы бай­қа­лады. Бейжің Олимпиа­дасынан қытайлық волонтер қыз-жігіт­тер­дің қызмет көрсету мәдение­тіне тән­ті болып қайтқанымыз бар. Бай­қағанымыз, олар небір тартыс­ты жекпе-жектер мен қызықты жа­рыстар өтіп жатса да жанар­ларын жан­күйерлер жақтан ал­май­ды. Яғни, басты міндеттері стадион ішін­дегі тәртіпті қадаға­лап, жан­күйерлерге қалтқы­сыз қыз­мет көр­сету екені естерінен шыққан емес. Ал біздікілер ше? Балуан Шо­лақ атындағы спорт кешенінде бүгінде шайбалы хоккейден әйел­дер командасы арасында аса тар­тысты жарыстар өтіп жатыр. Бай­қағанымыз, кейбір волонтерлер өз­деріне тапсырылған негізгі міндетті білмейтін сияқты. Дәлірек айт­сақ, ойын басталысымен қыз­мет­те екендері екені естерінен шы­ғып, екі көздерін мұз айды­нындағы хоккейшілерге қадайды. Кіре берісте тұрғандары жан­күйерлердің ойын тамашалауына кедергі келтіреді. Волонтер міндетін атқаруды өз еркімен мойнына алғаннан кейін оның қиыншылығына шыдап, абы­роймен атқару керек. Ең бас­тысы, олар өздерінің міндеттерін ұмытпаса. Бұл үшін Азиада ұйым­д­астырушылары оларға өз міндеттеріне жауапты қарауды ұдайы естеріне салып, күн сайын нұсқау беріп отырса дұрыс болар еді. Қонақ аз отырып, көп сы­найды. Азиада он күнде өте шық­қанымен, алыс-жақыннан ат ары­тып келген қонақтардан он жыл­ға жететін сын-ескертпе алып қал­майық, ағайын!

* * *

АСПАЛЫ ЖОЛДА

Ким Мин Хи атты кәріс қызы­мен біз аспалы арқан жолымен Шым­бұлаққа көтеріліп келе ж­а­тып таныс­тық. Ол Сеулде туып, Сеулде өсіпті. Қазақстанға бірінші рет келуі. Спорт­шыларды допингке қарсы тексеру қызметінде жұмыс істейді екен. – Азиадаға қатысушы спорт­шы­лар арасынан допинг қолдан­ғандар анықталды ма? – Қуанышқа орай, әзірге ондай факт жоқ. – Қазақ елі ұнады ма? – Өте ұнады. – Сіздің елде мынандай таулар бар ма? – Бар, бірақ дәл осындай сұлу шыңдар, әсем шыршалар жоқ.  Шыңға қарай ұмсынған биік шыршаларды бірінші рет көруім. – Бұл шыршалар тек қана Іле Алатауында өседі. Ұзындығы 30-40 метрге жетеді. – Керемет! Кейбір көп қабат­ты үйлерден биік пе деп қалдым. – Азиаданың ұйымдас­тыры­луы ойыңнан шықты ма? – Иә, қазақ спортшылары ерлеп тұр. – Қазақ жігітіне «айттырсақ», Алматыда қаласың ба? Ким Мин Хи күліп жіберді де, қай газетте жұмыс істейтінімді сұрады. – Таралымы ең көп газетте! – Сонда осы әңгімені жазасыз ба? Мен спорт «жұлдызы» емеспін ғой. – Қазақ үшін аз отырып, көп сынайтын құдайы қонақтар да «жұлдыз», сондықтан міндетті түр­де жазамын. Әңгіме жол қысқартады деген рас, көп ұзамай Шымбұлақтың төбе­сінен төніп тұрған Абай шыңы да көрінді. Мен қарға бойлы кәріс қы­зы­на өзі туралы шыққан газеттің біреуін аудар­машысы Меруерт арқы­лы беріп жіберетін болып қоштастым.