Кеше селектор пішімінде қорғаныс ведомствосының басшысы Иманғали Тасмағамбетовтің төрағалығымен алқа мәжілісінің отырысы өтті.
Күн тәртібінде әскерлердің мүддесін тікелей қозғайтын үш маңызды мәселе қаралды. Бірінші мәселе диверсияға қарсы қауіпсіздік пен әскери объектілерді қорғау жөніндегі ахуалды көрсетті. Келесі әскерлерді инспекциялау және тексеру мәселелерін жетілдіру қарастырылды. Себебі, бұл тақырыптың өзектілігі өткізілетін тексерістердің нәтижелерімен туындады. Соңында Әскери-әуе күштеріндегі істің жай-күйіне ерекше назар аударылды.
Әскери техника дамыған сайын жауынгерлердің алдында тұрған тапсырмалар да күрделене түседі. Олардың көлемі ұлғаяды, жұмыстарының сипаты өзгереді, моральдық, моральдық-психологиялық және физикалық жүктемелері артады. Ал бұл жеке құрамның сана-сезімінің өсуін қажет етеді. Осылайша, бөлімнің жауынгерлік әзірлігі әрбір әскери қызметшінің жауынгерлік әзірлігінен қалыптасады.
«Әскери тәртіп әскерлердің жауынгерлік әзірлігін қамтамасыз етудің маңызды шарттарының бірі болып табылады. Сондай-ақ, ол әскери бөлімде әскери қызмет өткеру қауіпсіздігін, қажетті материалдық-тұрмыстық жағдайды қамтамасыз ететін мүмкіндік туғызумен қол жеткізіледі. Бұл тармақ бойынша әртүрлі деңгейдегі командирлер толық жұмыс атқармайды. Салдарынан біз сарбаздардан айырылып отырмыз және бұл туралы барлықтарыңыз жақсы білесіздер», деп атап өткен қорғаныс ведомствосының басшысы Иманғали Тасмағамбетов әскери тәртіптің қатаң және мүлтіксіз сақталуына қол жеткізуге тапсырма берді.
«Егемен-ақпарат»