Шанхай ынтымақтастық ұйымының хатшылығында Қазақстан Республикасының осы ұйымға төрағалық етуіне байланысты тұсаукесер болды. Оған Қазақстан мен Қытайдың министрліктері мен ведомстволарының өкілдері, Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттердің Бейжіңдегі елшілері мен дипломанттары, ҚХР Ғылыми-зерттеу орталықтарының басшылары қатысты.
Көпшілікке мәлім, Қазақтан Республикасы 2016-2017 жылдары Шанхай ынтымақтастық ұйымына төрағалық етеді. Осы ұйымның Бас хатшысы Р.Алимовтың айтуына қарағанда, Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың басшылығымен Қазақстан Тәуелсіздік алған жылдар ішінде сыртқы саясатта стратегиялық маңызды қадамдар жасай білді.
– Ташкент саммитінен кейін Шанхай ынтымақтастық ұйымына төрағалық ету Қазақстан Республикасының иелігіне өтті. Шынын айтқанда, Қазақстан осы ұйым алғашқы құрылған күннен бастап оның дамуына айтарлықтай үлес қосып келеді, – деді Р.Алимов. – Аталған ұйымға төрағалық ету Қазақстанның Біріккен Ұлттар Ұйымы Қауіпсіздік Кеңесінің 2017-2018 жылдардағы тұрақты емес мүшелігіне сайлануымен тұспа-тұс келді. Мұның өзі Қазақстанның аймақтық және әлемдік деңгейде белсенділігі мен абырой-беделінің жоғары екендігін тағы бір мәрте айғақтап берді.
Тұсаукесер барысында Шанхай ынтымақтастық ұйымының алдағы басым бағыттары негізгі әңгіме өзегі болды. Бұл жайында Қазақстан Республикасының Қытайдағы Төтенше және өкілетті елшісі Ш.Нұрышев ой-пікірін ортаға салды.
– Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев жақында ғана Ташкентте өткен саммитте осы ұйымға мүше елдер аймақтық қауіпсіздікті нығайту мен экономикалық ынтымақтастықты дамытуды, көлік-транзиттік әлеуетті көтеру мен мәдени-гуманитарлық байланыстарды тереңдетуді басым бағыттар ретінде ұстануды көтерген еді. Сонымен бірге, ұйымға мүше мемлекеттердің халықаралық терроризмге қарсы бірлесе күрес жүргізуі өте маңызды болып отыр. Елбасы айтқан осындай өзекті мәселелер Шанхай ынтымақтастық ұйымының басты басымдықтары болады, – деді Қазақстан елшісі.
Қазақстан Президенті Н.Назарбаевтың ұсынысы бойынша Шанхай ынтымақтастық ұйымының Астана саммиті «ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесінің ашылуы қарсаңында 2017 жылы 8-9 маусым күндері өткізілмек. Қазір осы шараға әзірлік жұмыстары басталып кетті.
Садық ӘКІЖАНОВ,
«Егемен Қазақстан» – Бейжіңнен
Қытай Халық Республикасы