Кеше Мәжіліс депутаттары сайлаушылармен кездесу үшін өңірлерге аттанды. Барлық үш партия мен Қазақстан халқы Ассамблеясынан сайланған мәжілісмендер тек облыс пен аудан орталықтарында ғана емес, шағын қалалар мен алыс ауылдарға да шығатын болады.
Депутаттар еңбек ұжымдары мен өндіріс және әлеуметтік салада жұмыс істейтіндермен жүздесіп, қоғамдық қабылдау жасайтыны жоспарланған. Мәжілісмендер бәрінен бұрын Парламенттің алтыншы шақырылымының бірінші сессиясындағы заң шығару жұмысынан хабардар етеді. «Мәңгілік Ел» Патриоттық актісі мен «100 нақты қадам» Ұлт Жоспарының жүзеге асырылу барысы туралы да халыққа айтып береді.
Сонымен қатар, депутаттар бюджет қаржысы есебінен жүзеге асырылатын 2015-2019 жылдарға арналған «Нұрлы Жол» мемлекеттік бағдарламасы нысандарының жағдайын білетін болады.
Мәжіліс депутаттарының халықпен жүздесулері 2-шілде мен 26 тамыз аралығында кезең-кезеңмен өтетін болады, деп хабарлады Парламент Мәжілісінің баспасөз қызметі.