Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Украина Президенті Петр Порошенкомен телефон арқылы сөйлесті, деп хабарлады Қазақстан Президентінің баспасөз қызметі.
Әңгіме барысында Украина Президенті Нұрсұлтан Назарбаевты Қазақстанның БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің 2017-2018 жылдардағы тұрақты емес мүшелігі сайлауындағы жеңісімен құттықтады.
Екі ел көшбасшылары екіжақты ынтымақтастықтың өзекті мәселелері мен перспективаларын талқылап, Қазақстан мен Украинаның экономикалық ынтымақтастық жөніндегі мемлекетаралық комиссиясының отырысын биыл өткізуге уағдаласты.
П.Порошенко Қазақстан Президентін Украинаға мемлекеттік сапармен келуге шақырды.
Мемлекеттер басшылары Украинаның оңтүстік-шығысындағы ахуал туралы пікір алмасты. П.Порошенко Нұрсұлтан Назарбаевқа дағдарысты шешу ісіндегі араағайындық қызметін жалғастыра беру жөніндегі өтінішін жеткізді.
Телефон арқылы сөйлесуге Украина жағы бастамашылық етті.