• RUB:
    5.07
  • USD:
    481.84
  • EUR:
    531.33
Басты сайтқа өту
02 Шілде, 2016

Белдесулер басталады

275 рет
көрсетілді

Ертең Ас­танада қазақ күресінен кезекті рет Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың жүлдесіне арналған «Қазақ­стан барысы» республикалық турнирінің финалдық белдесулері болады. Оған қалалық, аудандық және облыс­тық турнирлерде күш сынасып, іріктеу жарыстарынан сүрінбей өткен балуандар қатысады. Осылайша, 3 кезең бойынша биылғы «Қазақстан барысы» турниріне 32 балуан және «Әскер барысы» турнирінің жеңімпазы – Талғат Әміренов пен 2015 жылғы «Қазақстан барысы» Бейбіт Ыстыбаев жолдама алды. Биылғы турнирдің бір ерекшелігі, балуандар кілемге жаңа күртешемен шыға­ды. Өзгертілген күртеше алдыңғы қолданыс­тағыға қарағанда, тығыз әрі сапалы матадан тігілген. Енді спортшылар күресіп жатқанда белбеуін шешсе, ескерту жасалады. Кілемді қолымен тіреп тұрса, қарсыласына бүк ұпайы беріледі. Сонымен бірге, күртешенің жең ішінен ұстауға рұқсат берілді. Қазақ күресі федерациясының вице-президенті Садық Мұстафаевтың айтуынша, балуандар күрескенде, әдейі белбеуін шешуі мүмкін. Ол уақытты создырып, демалу үшін солай істейді. «Биылғы турнирде спортшылар жаңа ереже бойынша күреседі. Бұл балуандардың күресуіне ыңғайлы болуы үшін жасалды», деді ол. Турнирге қатысты тағы бір жаңалық, белдесулерге анализдік сынамаларынан тыйым салынған мельдоний суб­станциясының табылуына байланысты қазақ күресінен ұйымдастырылатын барлық жарыстардан уақытша шеттетілген балуандар қатысады. Жақында Бүкіл­әлемдік допингке қарсы агенттігінің (ВАДА) ұсынысы негізінде допингке қарсы ұлттық орталығы тәртіптік комис­сиясының шешіміне сәйкес, Мереке Тұрашев (Ақмола облысы), Александр Касачев (Алматы облысы), Самир Мамедов (Павлодар облысы) және Айбек Нұғымаров (Шығыс Қазақстан облысы) анализдеріндегі мельдонийдің концентрациясы 1 мкг/мл-ден аз болғандықтан, оларға турнирге қатысуға рұқсат берілді. Қазақ күресі федерациясының пре­зиденті, «Қазақстан барысы» қазақ күресін дамыту қоры қамқоршылар кеңесінің төрағасы Арман Шораевтың айтуынша, биыл жарыс былтырғыға қарағанда тартысты да қызықты өтеді. «Автокөліктерді AllurAuto компаниясы қамтамасыз етті. AllurGroup директорлар кеңесінің мүшесі Дин Ким елімізде жасалатын JAC S3 маркалы екі автокөлік сыйлайды. Турнирдің жалпы ақшалай жүлде қоры – 41 400 000 теңге. Бірінші орынға – 25 000 000 теңге, екінші орынға – 5 500 000 теңге, үшінші орынға 1 800 000 теңге беріледі. Сонымен қоса, биыл турнир тарихында тұңғыш рет турнир жеңімпазы ақшалай сыйлықтан басқа, елордадан пәтер алады», деді ол. Дастан КЕНЖАЛИН, «Егемен Қазақстан»  
Соңғы жаңалықтар