әуе жолымен жалғасатын болды
Еліміздегі ең ірі әуе тасымалдаушы компания тұңғыш рет Алматыдан Иран астанасы – Тегеранға тікелей қатынайтын әуе рейсін ашты. Бұл екі ел Президенттерінің мемлекетаралық экономикалық қатынастарды дамыту жөніндегі келісімінің арқасында жүзеге асып отыр.
Ұшақтар аптасына үш рет қатынайды. Алматыдан шыққан ұшақ Тегеранға 2,5 сағатта жетеді. Алдағы уақытта екі мемлекет арасындағы барыс-келіс қатынасы визасыз болуы мүмкін.
Жалпы, рейстің ашылуы туризмді дамытуға серпіліс береді. Сыртқы істер министрлігінің мәліметі бойынша, былтыр Қазақстан мен Иран арасындағы сауда айналымы 1 миллиард АҚШ долларын құраған. Енді жаңа әуе рейсінің ашылуымен екі ел арасындағы жолаушылар тасымалы жылына 7 мың адамға жетеді деген болжам бар. Қазір елімізден Иранға баратын жолаушылардың 60 пайызы – туристер, қалғаны – кәсіпкерлер.
– Бүгінде Иранға виза алу қиын емес, күніне 15-20 данасын рәсімдейміз. Біз оны барынша жеңілдетуге күш салудамыз. Болашақта Иранға визасыз қатынау мәселесі қарастырылып жатыр. Ол үшін Қазақстанмен екіжақты келісім болуы керек. Мұндай қадам бауырлас екі елдің арасындағы қарым-қатынасты одан әрі нығайтуға ықпал етеді деп ойлаймын, – деді Иранның Алматыдағы бас консулдығының екінші консулы Махмуд Асади.
Қанат ЕСКЕНДІР,
«Егемен Қазақстан»
АЛМАТЫ