атыраулық аспаз ЭКСПО-2017 көрмесіне осындай ұлттық тағамды ұсынады
Индер ауданының Елтай ауылында тұратын Гүлжан Шакимова ұзақ жылдан бері аспаздық мамандық игерген. Дәмі тіл үйірер тағамның сан алуанын дайындайтын шебер енді 2017 жылы елімізде өтетін ЭКСПО көрмесіне қатысуға мүмкіндік алып отыр. Әрине, халықаралық көрмені тамашалаушылар қатарында емес, осыған орай елімізге келетін шетелдік қонақтарға арнайы «Жаужүрек» деп аталатын ұлттық тағамды әзірлеп береді.
Ол мұндай мүмкіндікке қалай қол жеткізді? Аспаздың пікірінше, бұған дейін ЭКСПО-2017 көрмесіне ас әзірлеушілердің республикалық конкурсына қатысыпты. Сонда бақ сынаған 300 таңдаулы аспаздың арасынан жүлделі орынға ие болыпты. Осылайша, енді ол қазақтың ұлттық тағамының бірі – «жаужүректі» ЭКСПО-2017 көрмесіне ұсыну құқығын иеленіпті.
– Бұл тағам сиырдың жүрегінен дайындалады. Халқымыздың дәстүрі бойынша ертеде аналарымыз ұлдарына жауға аттанар алдында рухын көтеру үшін осы асты дайындап берген ғой. Оған сәбіз, күріш, түрлі дәмдеуіштер мен бұрыш қосамын. Қияр мен қызанақты тағамды әдемілеу мақсатында қолданамын. «Жаужүрек» бойға сіңімді, күш-қуат беретін калориялы тағам түріне жатады, –дейді аспаз Гүлжан Шакимова.
Жолдасбек ШӨПЕҒҰЛ,
«Егемен Қазақстан»
Атырау облысы.